Таңдау
тТ

Өгдүлміш Одғұрмышқа асқа шақырудың әдебін (ережесін) айтады

4644. Егер сен кісі шақырғың келсе, шақыр. Алайда, жақсылап дайындал.

4645. Ыдыс-аяқ, дастархан, үй-жай, төсегіңді таза ұста. Төсенішің, асың, сусының жақсы болу керек.

4646. Асың мен сусыныңды дәмді әрі тап-таза қып дайында. Қолыңмен ұсынғаныңды құшырланып жесін.

4647. Шақырмасаң ас, суыңның бір міні болады. Шақырса көргендер біріңді жүз қылады.

4648. Ас, суыңды таза әрі жақсылап дайында, келген қонақтар дастарханнан тойып тұрсын, (разы боп) қайтсын.

4649. Асқа дос, туыс, алыс және жақын ағайынды түгел шақыр, хақысын бер.

4650. Келетіні келеді. Егер келмес, одан кейін олардың көңілі қалмайды.

4651. Тамақтың өкпесі болса, жаман болады. Өшігіп, кектеніп жүреді. Ол өлгенде ғана қалады.

4652. Назар сал, барлығына ас, су ауыз тигіз. Кешіккендер бар болса, оған да ас жегіз.

4653. Қонақ тамақ жесе, өзің сусын ұсын. Оны ішіп бітірсе, сусыны дап-дайын тұрсын.

4654. Тамақ тұған жерде сусын да тұру керек. Ішетін, жейтін бір-біріне тең (сай) болу керек.

4655. Тамақтың жанында сусын дайын болмаса, жеген асың у болады, ойлан.

4656. Қаласа фука, қаласа мизаб бер. Қаласа жүленгбин, қаласа жүләб (сусындар) бер.

4657. Бұдан басқа не беретініңді менен сұрама, өзгеден сұра.

4658. Үлкендер жеп, тамақты түгесіп жеп (орнынан тұрса), кішілерге тамақ бер, ішіп жесін.

4659. Тамақты бәріне түгел бер, көзден таса қалмасын. Артық сөзге бармасын, аш қалдырма.

4660. Тамақ жеп, сусын ішіп болса, жеміс-жидек әкеліп қой. Кепкен және балғын жеміс сосын бірқанша шімішкі қой.

4661. Сый-сияпат қыл, күшің жетсе жібек сыйла. Сосын тісінің ақысын бер, әңгіме тоқтасын.

4662. Тамақ беру ісі енді толық болды. Есігіңді аша бер, келсе кісіні тыйма.

4663. Асқа шақырушылардың төрт түрі болады. Барушылар да төрт түрлі болады, әй, ботам.

4664. Бірі – асқа шақырса баратындар. Аста не берсе де, ішіп жейді.

4665. Алайда өз үйіне кісі шақырмас. Тамағын үйінде тығылып, жалғыз жейді.

4666. Тағы бір кісіге қарасаң, асқа барады. Тамағын жейді, оны өзі де асқа шақырады.

4667. Тағы бір кісі асқа бармайды. Кісіні де үйіне шақырмайды.

4668. Өлік – ол, сен оны тіріге санама. Онымен араласпа, бірге өмір сүрме.

4669. Тағы бір түрі шақырған асқа бармас. Соғым сойып, кісіні асқа шақырады.

4670. Бұлардың ең ізгісі осылар. Білімді, даналардың мақтағаны осы амал.

4671. Асқа қаласаң бар, қаламасаң барма. Бірақ құлқыныңды астан тый, аз же, есен-сау өмір сүр.

4672. Қара, көп жеген кісі аурушаң болады. Жүзі сарғайып, әлсіз болып, қадірі кетеді.

4673. Қара, адам табиғатын таныған, көңілі, білімі терең оташының сөзі мынаған ұқсайды.

4674. Ас та, ауру да кісінің кеңірдегінен кіреді. Кісіні жасы жетпей, ауру қартайтады.

4675. Әрдайым құлқыныңа абай бол, аурусыз өмір сүр. Кісінің өмірін, келбетін ауру қылады.

4676. Қара, шақырғанға бару не қонақ күту, асқа шақыру ісі осындай болады.

4677. Мұны айттым, оны өзің тыңдадың. Енді бұл жеткілікті, сөзді ұзатпа.

4678. Егер адамдармен араласуды қаласаң, тіршіліктің хәлі, жолы, жағдайы осындай.

4679. Әй, көңілімнің жарығы, ақиқи жаныным, сөзімнің мәнісін ұқ және жақсылап ойлан.