Таңдау
тТ

Одғұрмыш Өгдүлмішке дүниеден бет бұрып, барына қанағат қылғанын айтады

4680. Одғұрмыш жауап берді де былай деді: «Мен тыңдадым, енді жауабымды тыңда».

4681. Сен айтқан бұл сөздерді кім үйренсе де, дүниеде қалауы мен тілегін табады.

4682. Алайда, өмір ішіп-жеуден тұрмайды. Әй, білімді, данышпан, әуелі мынаны білу керек.

4683. Кісі мұнша еңбекпен тауып, дүние жинап не керек, ұзақ өмір сүрмейтін болса.

4684. Адам бұ дүниені тілеп жүгірсе, тағат, құлшылық ісі қалып қояды.

4685. Бүгін маған сен келгелі бері қарап тұрсаң, бүкіл құлшылығым тоқтап қалды.

4686. Бір кісімен араласуымның зияны мұнша болса, (әрі қарай мені) қинап ерегестірме.

4687. Мен ұлыс, кентке кірсем ісім һәм сөзім кісілермен болады.

4688. Тағат, құлшылықты қалай қыламын. Нәтиежесінде бұл есік маған жабылады.

4689. Жастығымнан айрылдым, бүгінде қартайдым. Өмірімді Баятқа (ежелден бар Тәңір) шүкір ету және құлшылықпен өткіздім.

4690. Өкіндіретін жаман өмірге қайта бұрылу маған жарасар ма, әй, мейірімді адам.

4691. Білімі теңіздей (өзендей) адам қандай білім берді. Мұны тыңда, әй, көңілі түзу жан.

4692. Қартайғанда қылатын ісіңді жастық шағыңда жаса. Қартайғанда күшің кетеді, адам үлгермейді.

4693. Жастық шағыңда асық, Баятқа (ежелден бар Тәңірге) құлшылық қыл. Қартайғанда болмас, мұны жетік біл.

4694. Кішкентай жас кезіңде ізгі амал жаса. Үлкендікке жеткенде бұл от сөнеді.

4695. Қара, барлық жақсылықтан өз үлесін алса, жігіттік шақ қандай жақсы.

4696. Қара, өмірін босқа өткізіп, қартайғанда жастардың ісін жасау қартайған кісіге лайықты ма?

4697. Дүниенің байлығы тіршілік үшін. Өмір бітсе, мал қайғысы да бітеді.

4698. Мал-дүние жинап (жүріп), өмірдің соңына келді. Демің үзілсе, оны кімге қалдыратының анық.

4699. Сен айтқандай Елігтің қызметіне кіріп, дос-жолдас пен халықтың болмысын түгел білдім делік.

4700. Ақырында жаның өлетін болса, не пайда. Екі бөзден басқа саған тиетін ештеңе жоқ.

4701. Осынша терлегеніңдегі немесе тоңғаныңдағы тілегің мына екеуі ме, әй, ержүрек, мұсылман.

4702. Бірі – дүние малы мен өзіңді жоғарылату. Тағы бірі – мемлекетте сөзіңді жүргізу.

4703. Екеуіне қол жеткізген соң өлім келмесе, мәңгі қалсаң жақсы болар еді.

4704. Бұл екі ләззатты менен өлім алған соң дүниенің не керегі бар, әй, білімі терең жан.

4705. Бақытты (құтты) кісінің белгісі болады, оның жақсылығы күн сайын арта түседі.

4706. Егер бақытсыз болса, адамның (жанын) тоңдырады. Қартайған уақытында мінезі бұзылады.

4707. Білімі терең, данышпан жақсы айтқан еді. Сен мұны тыңда, әй, жүзі шырайлы.

4708. Кісінің құттысы (бақыттысы) қанша жоғарыласа да, жақсы бола береді, жамандықты қояды.

4709. Кісінің құтсызы (бақытсызы) анық белгілі, қартайғанда нәпсісіне еріп, соңында жүгіреді.

4710. Бұ дүниені қалап, оған қол жеткізген, өзіне темірден қала салдырып, тұрақ жасаушы, кәне?

4711. Бұ дүниені қалап, қара құсқа мініп, көк аспанға ұмтылған жаман ит, кәне?

4712. Кәне, «Мен – Тәңірмін» деген надан? Тәңір теңіздің түбіне тастап жіберді.

4713. Бұ дүниенің малын жинаған, мал-дүниесімен бірге жер жұтқан (адам) кәне?

4714. Шығыстан батысқа дейін барып, елдерді жаулаушы әлемнің бегі кәне?

4715. Таяғы жылан болатын (адам) кәне? Теңізді жарылып, одан өткендер кәне?

4716. Пері, құс және адамдарға әмір жүргізген болмысы түзу адам кәне?

4717. Өлікті тірілтуші кісі кәне? Ол ақырында өлімге тұтқын болды.

4718. Адамның асылы, таңдаулы адам кәне? Дүние бос қалды, қайғыға толды.

4719. Бұл санағандарымды өлім тұтқындады, алып кетті. Әй, жүрегі таза жан, сені қалдырады деп ойлайсың ба?

4720. Бұ дүниенің заңдылығы осындай болады. Қаласаң заңдылыққа бағын, қаласаң қарсы жүр.

4721. Назар сал, енді қара жердің астына, қандай кісілер кірді, шұқыры толмайды.

4722. Жердің астын ашып көрген болсаң, қанша таңдаулы, даралар өкініп жатыр.

4723. Қандай бектер жер болып жатыр. Қандай білімді, даналар өліп, топыраққа айналды.

4724. Ол жерде бекті құлдан айыра алмадым. Көзім байды кедейден айыра алмайды.

4725. Өмірі бір ауырып көрмеген батыр, қаһармандар қара жерге кірді, қимылдамайды.

4726. Осындай кісілер жер жастанды. Сонда сен және мен бе, тірі қалатын?

4727. Жүріп бара жатып тынығуға тоқтаған жолаушы кісі ұлы жолдың бойына үй-жай, тұрақ салмайды.

4728. Арман, тілек дегенді санамнан өшірдім. Қоя бер мен, Баят (ежелден бар Тәңір) маған жеткілікті жәрдемші.

4729. Кісіні құл қылған ашкөздігі. Ашкөздіктен арылдым, көзім тоқ.

4730. Опасыз дүниеге көңілі тойған, дүниені тәрк еткен кісі не деген, тыңда.

4731. Дүниеде өзім қалағанымды таптым. Көзім сұғынан арылды.

4732. Дүниеде армандау мен қалауды қойдым. Басқа арманым қалмады, өздің қысқасы.

4733. Бұ дүниенің іші бір егіндік. Мұнда не ексең, ертең сол өнеді.

4734. Ізгілік ұрығы егілсе, ізгілік өнеді. Ол ізгілігің жейтін, киетін болады.

4735. Жамандық ұрығы егілсе, жамандық өнеді. Ол жамандық ертең мойыныңа жүк болады.

4736. Бүгін нәпсі мен қалауымды тәрк етпесем, ертең менің ізгілік таба алмаймын.

4737. Сені тәрк етпес бұрын сен дүниені тәрк ет. Сенен жалықпас бұрын әуелі сен тәрк ет.

4738. Оны қоймасаң, ол сені тәрк етеді. Сен одан жалықпасаң, ол сенен жалығады.

4739. Осындай болып қалса, бұ дүниенің не керегі бар? Сені тәрк ететін болса, сен оны тәрк ет.

4740. Мұны таста, о дүниені тіле. Онда рахат өмір сүріп, мәңгі қал.

4741. Тағы бұдан да жақсырағын тілегің келсе, сосын екі дүнені тілеме.

4742. Жүр, екі дүниенің Иесін тіле. Дүние мен ақыреттің екеуінің не керегі бар.

4743. Жаратқанды тапсаң, жаралған сенікі. Жаратқанды тапсаң, жаралған сенікі.

4744. Жаралғаннан қорықпа, тілек тілеме. Жаратқаннан қорық, одан жәрдем тіле.

4745. Жаратқан Ие құлшылығын кері тастап, жаралғанға бюағынып, құлшылық қылу жарар ма?

4746. Екеуінен басқа құлшылық ісі жоқ. Құлшылығы қабыл болып, басы жоғарылайды.

4747. Я болмаса құлышығы жарамай, еңбегі, уақыты, өмірі, тіршілігі босқа кетеді.

4748. Егер қызметі жарамды болып, бегі оны көтерсе, қалауын тапқан күні өзіне ие бола алмайды.

4749. Арасында аш, арасында тоқ жүгіру керек. Бегі жатса, ол еңбектену керек.

4750. Егер қылған еңбегі сіңбесе, жаманы бүкіл өмірі босқа кетеді.

4751. Айт, қызметшіге пайда қайда? Бұл қызметтің ішінде қандай рахат бар?

4752. Іленің күштісі не деген, тыңда. Қызметшінің заңдарын айтады, қара оған.

4753. Назар салсаң, бектердің ісі – теріс іс. Көп қызмет етіп, кісіге тез жаға алмас.

4754. Қызметі жағып жатса, өзіне ие бола алмас. Қызметі жарамаса, күн сайын дәрежесі кемиді.

4755. Әй, қызметі көп адам қызметіңе сенбе. Қызмет қыласың, ақырында басың (бәлеге) қалады.

4756. «Риза болды» дегенде, састырып сөгеді. «Қабағы жазылды» деген кезде ашуланып, қабағын түйеді.

4757. Мінез-құлқын түгел біліп болмайсың, әрекетінің де алдын ала алмайсың.

4758. Қара, ұл, бұ дүние – бір құйын, тоқтамы жоқ көлеңке.

4759. Сағым, қарап тұрсаң көрінеді. Ұстаймын дегеніңде жоқ болып кетер.

4760. Бақ-дәулет кезекпен келеді. Асығыс, тұрақсыз һәм тез қартаяды.

4761. Маған мұндай дүние керек болмас енді. Өтпелі бақ-дәулеттің кезегі де, әй, батыр.

4762. Иемді зікір (жад) ету жеткілікті, қуанышы рахат. Оның жарлығын орындау көңілімді жұбататын жұбаныш.

4763. Ием разы болатын сүйікті амалым жетпесе, жауласуым керек дұшпаным шайтан бар.

4764. Одан тілеймін, одан үміт етемін. Иеме сиынамын, оған сенемін.

4765. Киюге (тоныма) қой жүні, жеуіме арпа ас жеткілікті. Осымен менің дүнием түгел, әй, дос.

4766. Үңгірде тұрған, өзі тақуа, мейірімді кісі не деген, тыңда.

4767. Дүниеден өзімнің үлесімді алдым. Жеуге сөктің кебегі, киюге (тоныма) қойдың жүні жеткілікті.

4768. Тары кебегі маған шекерден де тәттірек. Тоқыма тоным алтын-күміспен сырылған жібекпен тең.

4769. Барлық ішіп, жейтінім қарнымды тойдырарлықтай болса жетеді. Арпа, тары болса да, қарнымды тойдырады.

4770. Әй, бауырым, өліп қалмайтындай, тұра алатындай ғана же. Өгіз құсап жеме, тәбетің бұзылады.

4771. Ләззат қума, ләззаттың өтеуі өте қатты болады. Ләззаттың өтеуі лайықсыз орынға бату.

4772. Ащы, тәтті тағам тамақтың ләззаты. Тамағының рахатын ойлаған адам мал (жылқы).

4773. Адам сырма тон, жібек киім кигісі келеді. Тәніңді жабатын нәрсе тап, әй, адамның ізгісі.

4774. Тамақ бір тойса, екі күнге барар. Үстіңе киілген бір тон екі жыл тұрар.

4775. Бұл екеуі үшін өзіңді құл қылып, біле тұра кісінің қызметіне кіру жарай ма?

4776. Жоғары арштан (көктен) төмендегі жерге дейінгінің барлығы мұқтаж, бірдей.

4777. Бәрінен мұңсызы бір Баят (ежелден бар Тәңір). Мұқтаждарды білуші, мейірімді, рахымды.

4778. Көңілімді әділ және бір Баятқа (ежелден бар Тәңірге) байладым. Дұға етуші болып, мен одан тілеймін.

4779. Оның бар екені күмәнсіз, маған белгілі. Көңілім сенді, тілім жырлайды.

4780. Бар екенін айтамын. Қайдан табарымды өзім де білмеймін.

4781. Иемді тілеймін. Нышанын табамын, бірақ өзі көрінбейді.

4782. Тілеген адам ұйықтамас, тынбастан ізде. Іздеп таппадым деп, сабырсызданып, кері қайтпа.

4783. Ешбір тынбастан ізде, іздеп жеткен жан жоқ. Алайда іздеп таппадым деп жантайып жату жоқ.

4784. Іздеуші тынбастан жүгіру керек. Бейқам жатушылар іздеп таппайды.

4785. Іздеп тынбайтындар не таппады? Бейқам жатса тілегіне кім жетеді?

4786. Ең әуелі жақсы көріп, ол мені қалады. Енді асығып оны мен іздейтін болдым.

4787. Әуелі, әзелде ол мені қалаған еді. Енді оны мен қалайтын болдым.

4788. Осындай Иемді қалай жақсы көрмейін. Іздеп табуға жаным қалай асықпасын?

4689. Мұңайғанда, қиналғанда ол маған жәрдемші. Бәле, қайғы келсе, мені ол құтқарады.

4790. Ең әуелі қалап, ол мені таңдады. Енді көңіліп қалап, оны өзім тілейтін болдым.

4791. Мені ол жаратты, шын сөзім. Мені ол ризықтандырды, мен өстім.

4792. Бұл халықтан түңілдім, оған сиындым. Ол мені барлығынан қорғайды.

4793. Жалғыз өзім қалсам, Иемді зікір (жад) етемін. Менің айтуыма Иемнің аты жеткілікті.

4794. Жұбанышым, сиынарым, жәрдемшім, таянышым – ол. Аш не тоқ кезде тойдырушы бір Ием.

4795. Иесімен шын байланыс орнатқан, (күнәдан) тазарған кісі не деген, тыңда.

4796. Көңілдегі сырымды саған ашармын. Арман, тілегіммен саған қарай ұшармын.

4797. Сенген, жұбанған, сиынған Ием, барлығынан байланысымды үздім, мен саған қарай қашармын.

4798. О дүниедегі орның бұ дүниемен байланысты. Мұны тәрк етпейінше оны кім табады.

4799. Бұ дүниені тастап, жүзіңді бұру керек. Осылай болса ғана ақыретті табасың.

4800. Опасыз дүниені қолда берік ұстап тұрып, мәңгі дүниені қалай табады жатып алып.

4801. Бұ дүние қатерлі, шербеті – у. Ішкенде, жегенде тазасын ізде.

4802. Дүниенің тілек, қалауын тәрк ет, ақыретте жақсы орын табуды қаласаң.

4803. Әй, Өгдүлмішім, мұны ақиқат деп біл. Мен өзімнің білгенімді айтайын.

4804. Адам мына төрт нәрсені тәрк етпейінше, басқа төрт нәрсені жақсылап жасай алмайды.

4805. Бұ дүниенің ісін түгел тәрк етпейінше ақыреттің ісін қыла алмас, әй, сенімді жан.

4806. Бауырым, досым, кісіден жырақ болмайынша, Баят (ежелден бар Тәңір) құлшылығымен айналысуға болмас.

4807. Өз нәпсің мен қалауыңды тізгіндемейінше (желкесін үзбейінше) тәнің тура жолға түспес.

4808. Көңіліңнен дүниенің бәрін шығар, нәтижесінде Баятты (ежелден бар Тәңірді) сүю шынымен орнықсын.

4809. Мұсылмандар үшін бұ дүние – түнек. Түнекте рахат іздеме, көңіліңді түзе.

4810. Сосын тәннің үлесін бермеуге тырыс. Осыдан кейін көңілің тура жолға түседі.

4811. Бұл өткінші өмірді, уақытыңды босқа өткізбе. Өткен түніңді қайта таба алмайсың.

4812. Өткен күнің босқа өтсе, кейін өкінесің. Ал, өмірің босқа өтсе, басқасын таппайсың.

4813. Өзі ақкөңіл, жүрегі кең, көңілі әзіз, білімі теңіз (кісі) не деген, тыңда.

4814. Ұлыстан ұлысқа көшетін кісі көшті алдын ала жіберсе, ісін дұрыс жасаған болады.

4815. Көшпес бұрын көшін алдын ала жіберсе, көшіп барғанда пайдалы, көзі жанады.

4816. Қаласаң көшіңді жібер, қаламасаң жіберме. Ақырында өзің көшесің, осал болма.

4817. Мейлі бек, мейлі құл бол, ұзақ қала алмайсың, өлім жолда ұстайды.

4818. Мейлі мың, мейлі он сегіз жас жаса, өзің өлесің, артыңа жақсы ат және із қалдыр.

4819. Мейлі бай, мейлі кедей бол. Өтіп жатқан күн, ай және жыл өміріңді жеп жатыр.

4820. Атағың үлкейіп, төбең көкке жетсе де, соңында кіріп жатар орның қара жердің қабаты.

4821. Тіршілік нығыметі нәсіп етсе де, уақытын босқа өткізген адам өзін отқа тастаған болады, ол – малмен (жылқымен) тең.

4822. Дені сау болып тұрып адам өз өмірін босқа өткізсе, бұл – қор өмір, әй, бауырым.

4823. Әй, бауырым, сен менің қайғымды жеме. Сен көзіңнен жасыңды төгіп, өз қайғыңды же.

4824. Бұ дүниенің ісі – берік тұзақ. Тұзаққа ілінбе, сені бекітіп тастайды.

4825. Бүгінде саған бақ-дәулет қонды, соған сай әрекет ет. Оған сенбе, сені тез тәрк етеді.

4826. Осал болма, өлімді ұзақта деп ойлама. Беймезгіл уақытта шығады, құрылған тұзақтай.

4827. Мыңдаған осалды өлім басып қалған. Көптеген қоғамды бұ өлім таратқан.

4828. Көңілі ояу (кісі) не деген, тыңда. Өлімге қарсы бейқам болма, зияны тиеді.

4829. Көптеген бірлестікті қара, өлім таратты. Өлімді ойласам, көз жасым бұлақтай ағады.

4830. «Менді» көксегендердің «мені» қалмады. Дайындалған қарулы әскер де пайда қыла алмады.

4831. Ғапыл болма, өмір белгі берместен өтіп кетеді. Мына күн мен уақыт өтіп кетеді, қайта келмейді.

4832. Рахатқа алданып, күніңді босқа өткізбе. Бұл құтқа (бақытқа) иланба, ол – опасыз, баянсыз.

4833. «Мен биікпін» деушілерді өлім тоқтатты. «Мен ұлықпын» деушілерді өлім жеңді.

4834. Өлім көптеген орда, ұлыс және кентті ойран қылды. Өлім мыңдаған орда, сарай және үйді бұзды.

4835. Неше мыңдаған тірі өлді, толып жатыр. Біздің келуімізді күтіп жатыр.

4836. Оларға назар сал, көзіңді аш. Бекті құлдан айыра аласың ба өзің?

4837. Ұлықтық өлімге қарсы пайда қылмады. Өлімнен қашқандар өткел таппады.

4838. Құрметті пайғамбарларды өлім алып кетті. Басқа кім оған дәрі, ем, қару дайындай алады?

4839. Бұл опасыз дүниеге сенуге болмас. Оның табиғаты – баянсыз, әрекеті – жаман.

4840. Қалай өткізсең де, өмір тез өтеді. Жақсы мен жаман да, тура жолдағы мен адасушы да барады.

4841. Тойса да өтеді, аш болса да өтеді. Не бекке жүзін бұрмайды, не бай, кедей деп айырмайды.

4842. Бейнеті де, рахаты да ұзаққа созылмас. Олай болса мұнша бақыру мен айқайдың не керегі бар?

4843. Мінезі мен амалы жүрегіне сай, білімі терең, данышпан (кісі) жақсы айтыпты.

4844. Аз жақсылыққа жетсе адам өзін ұмытады. Сөзі көк аспаннан да жоғары болады.

4845. Өлім қаншама дөрекі, тәкәппар және өзіне сенімді ерлердің кеудесін жаншыды, көзін шығарды.

4846. Саған деген шынайылығым, жанашырлығым осы еді. Мен саған оны айттым, әй, жомартым.

4847. Кім шындықты, хәлді білсе, бұ дүниеге жақын болмас еді.

4848. Жастық шағымды жоғалттым, жасым келді. Жұпары кетті, басымнан жағымсыз иіс шыға бастады.

4849. Әй, адамның жақсысы, бүгіннен бастап күмәнсіз, өлімге дайындалудың уақыты келді.

4850. Өлім қайғысы қамады, қуанышым кетті. Өлгеннен соңғы жағдайымыз қалай болар екен?!

4851. Өзім осы уайым, қайғымен жүріп, Елігке қалай барамын, әй, түзу жан.

4852. Елігке менен пайда болмайды. Пайдам тисін десе, менің пайдам тимейді.

4853. Егер мені о дүниесі үшін шақырса, мені барды деп ойласын да, тура жолда жүрсін.

4854. Құдіретті Баят (ежелден бар Тәңір) адам баласын екі нәрсе үшін жаратты, сөйтіп ат берді.

4855. Тамұққа немесе ұжмақта бек болуға. Құрметтеуге немесе қадірсіз қылуға.

4856. Құрметті болуды қаласа, оның жолын айтты. Абыройсыздың жолын таңдаса, оны да берді.

4857. Енді құлға өзінің құлдығы керек. Оны түгел орындап, Баят (ежелден бар Тәңір) таупығын тапсын.

4858. Егер құл Баят (ежелден бар Тәңір) таупығын тапса, барлық игілікке жолы ашылады.

4859. Осыдан соң құлшылықты орындауға тырыс. Барлық игілікке есік ашылсын.

4860. Менің білгенің міне, осы еді. Мен саған айттым, әй ізгі досым.

4861. Сіздерге менен пайдалы сөз керек. Өзімнен гөрі сөзім жақсырақ.

4862. Егер ақыретті қаласа, жолы, жобасы осы. Егер дүниені қаласаң, оны сен түгел білесің.

4863. Дәуренің болды, құт қонды. Не қаласаң арманың келе береді, илан.

4864. Менен сіздерге келетін пайдалы, басқа қандай жақсылық бар, әй, ізгі досым?

4865. Еліг мені Тәңірге қалдыра берсін. Оған жақсылығым, дұға етейін.

4866. Білім беруімді сұраса, білетінім осы. Тыңдадың, не айтқанымды айтып бер.

4867. Сөзіме амал етіңдер, егер ұстанбасаң, бүгін сенбегендеріңнің бәрі ертең келеді.

4868. Бұл сөзді жақсы айтыпты, әй, білімі теңіз жан. Мұны іске асырсаң, жүзің қуанады.

4869. Назар сал, бүгін бұл сөзім саған дос болады. Ертең онда көресің, саған лайық болады.

4870. Бейқам болма, сөзімді іске асыруға тырыс. Егер сен мұны ұстанбасаң солай болады.

4871. Елігтен мен үшін кешірім тіле. Дұрысы не болса, дауасы мен емін қыл.

4872. Келу һәм кету бейнеті саған тиді. Қайтарымын Баят (ежелден бар Тәңір) берсін, күндей жарқыра.

4873. Әй, бауырым, көңіліңе ауыр алма. Жақын боп тұрып мені жат санама.

Өгдүлміштің Одғұрмышқа жауабы

4874. Өгдүлміш жауап берді де былай деді: «Енді мен тура жолды түсіндім».

4875. Сөзіңді есіттім, ақылыңды тыңдадым. Сөзіңді салмақтадым, енді сөзімді тоқтаттым.

4876. Турасын айттың, ақиқат сөз осы. Бұдан басқасының бәрі теріс жол.

4877. Сенікі ақиқат, менікі ойын. Шындыққа мойынсұндым, ойынды тастадым.

4878. Енді мен кетейін, сен есен-сау, жақсылықта қал, әй, екі дүние бақытына жеткен ізгі жан.

4879. Бауырым, саған Баят (ежелден бар Тәңір) таупық және күш-қуат берсін. Дұғаңда ұмытпа, көңіліңнен шығарма.

4880. Мен үшін Баяттан (ежелден бар Тәңірден) тілек тіле. Баят мені ояндырып, көңілімді аша берсін.

4881. Сөзін тоқтатты, аяғын жинап, орнынан тұрды. Қоштасты, үйіне қарай жүзін бұрды.

4882. Атына мінді, қайта үйіне келді. (Аттан) түсті, (үйіне) кірді, біраз тынықты.

4883. Жеді, ішті, біраз өзінше ойланды. Есіткен сөздерін ұзақ уақыт, іштей пісірді.

4884. Күн жүзіне қара пердесін байлады. Жер жүзі әбден қара жердің шаңына толды.

4885. Рум қызы шашағын жайып, жүзін жапты. Жер жүзі түгел қара шаштың бояуындай болды.

4886. Көк жүзі толықтай зәңгінің (қара нәсілдінің) жүзіндей болды. Ұшқандар тынды, жүрген жандылар тоқтады.

4887. Тұрып дәрет алып, жатардағы намазын қылды. Төсек қалады, шаруасын бітіріп жатты.

4888. Азырақ ұйықтап бара жатып, қайта оянды. Марс жұлдызы төбеден ауып бара жатты.

4889. Және қарады, Үркер басы ауып бара жатты. Шығыстан Шаян шығып, өрлеп барады.

4890. Қайта біраз жатты, ұйқысы келмеді. Күзетші кісідей көзін жұмбады.

4891. Ұйқысыз, біраз уақыт ойланып, ояу жатты. Көк жүзінің қыртысы кафур бояуындай қою қараңғыланды.

4892. Көк жүзі абир бүркігендей түнерді. Найза бойы көтерілді, жерден бұтағы жайылды.

4893. Күн көтерілді, жердің шаңы шықты. Тоғыз қызыл туы жақындап келеді.

4894. Қара, Өгдүлміш тұрып, дәретін алды. Намазын орындады, дұға қылды (білгенін оқыды).

4895. Жердің қызарған найза, қалқанына қарады. Тұрып хан сарайына барды да, тура кірді.

4896. Назар сал, Еліг (оның келгенін) есітіп, заң бойынша шақырды. Ол кірді, қол алысты.

4897. Еліг ымдап атыратын орнын нұсқады. Ол орынға өтті, жоғары әдеппен.

Елігтің Өгдүлмішке сауалы

4898. Біраз тұрғаннан соң Еліг сұрады: «Әй, болмысы таза адам, сөйле, қандай хабар әкелдің» деді.

4899. Бауырың не дейді, шаруа не болды? Өтінішің не болды, досың келе ме?

Өгдүлміштің Елігке жауабы

4900. Жауап берді де Өгдүлміш сөзін айтты. Қалай сөйлескен болса, сөзін түп-түгел айтты.

4901. Екеуінің арасында айтылған сөздің бәрін түп-түгел Елігке айтты.

4902. Еліг біраз тұрды, өзі ойланды. Көңілі жараланды, көз жасы бетін жуды.

Елігтің Өгдүлмішке жауабы

4903. Айтады: «Ол бауырың тура сөйлепті. Сөзі сөз екен, кім олай айта алыпты».

4904. Бүгін біз өзімізге зұлымдық қылып жатырмыз. Енді оған да зұлымдық қыламыз һәм өш аламыз.

4905. Бұл дүние өтпелі, қалмайды. Ендігі қалған өміріміз тіпті белгісіз.

4906. Күмәнсіз, мәңгілік дүние келеді. Рахатымыз бен бейнетіміз ұзаққа созылмас.

4907. Ол жерде рахат тапсақ, нағыз мәңгілік (мекен) сол. Онда жақсы орын да, жақсы дос та болады.

4908. Бауырың толығымен құтылыпты. Біздің оны шақыруымыз мүлде мүмкін емес.

4909. Біз өзіміз нәпсіге тұтқынбыз. Уақытымыз, өміріміз босқа өтіп барады.

4910. Жүрегі тірі не деген, тыңда. Саған жақсы сөзбен үгіт-насихат береді.

Елігтің Өгдүлмішке жауабы

4903. Айтады: «Ол бауырың тура сөйлепті. Сөзі сөз екен, кім олай айта алыпты».

4904. Бүгін біз өзімізге зұлымдық қылып жатырмыз. Енді оған да зұлымдық қыламыз һәм өш аламыз.

4905. Бұл дүние өтпелі, қалмайды. Ендігі қалған өміріміз тіпті белгісіз.

4906. Күмәнсіз, мәңгілік дүние келеді. Рахатымыз бен бейнетіміз ұзаққа созылмас.

4907. Ол жерде рахат тапсақ, нағыз мәңгілік (мекен) сол. Онда жақсы орын да, жақсы дос та болады.

4908. Бауырың толығымен құтылыпты. Біздің оны шақыруымыз мүлде мүмкін емес.

4909. Біз өзіміз нәпсіге тұтқынбыз. Уақытымыз, өміріміз босқа өтіп барады.

4910. Жүрегі тірі не деген, тыңда. Саған жақсы сөзбен үгіт-насихат береді.

4911. Нәпсі және тән қалауы – дұшпан. Егер күшейсе, күмәнсіз сен, сенен ескі өшін алады.

4912. Нәпсі мен тән қалауы тірілсе, жүрек өледі. Жүрек өлсе, тағат қалады, әй, ұл.

4913. Бүгін біздің көңіліміз өлді, нәпсі мен тән қалауының мойны әбден жуандық қылғанынан болды.

4914. Ұлықтық, биіктік, бұл бақытты күндер ұзақ тұрмақ емес, әй, көңілі тура (жан).

4915. Қарасаң рахаты аз, бейнеті көп. Бас ауыртатын мәселе көп па, демек қарғыс, сөгіс бар.

4916. Дүниені сынаумен жасы келген, білімді кісі жақсы айтқан екен.

4917. Ұлықтыққа мәз болып, артық мақтанба. Ұлықтықпен бірге бас ауыртар мәселесі де бар.

4918. Қуаныш қайда болса, соңында бәлесі бар. Рахат қайда болса, мың бейнеті де сонда.

Елігтің Өгдүлмішке сауалы

4919. Еліг қайта сұрады: «Әй, Өгдүлмішім, оны шақырғандағы мақсатым мынау еді».

4920. Менің жақсылыққа жетуіме себепші болса дегенім еді. Көңілім қайта жанданар ма, әй, балуан.

4921. Қарсыласты, бері келу және дос, замандас, туыстарының жүзін көру ұнамады.

4922. Ол айтқан сөзге қарасам, бәрі дұрыс. Енді оны қайта қинауға болмас.

4923. Барып-келу саған көп бейнет болды. Көп сөйлестің һәм жүгіріп шаршадың.

4924. Күтейік, көрейік, әй, жомарт. Мәселенің ақыры, уақыт пен заманның ахуалы не болады.

4925. Басқа келетін іс қара түнде келеді. Жарық күн оны жарқыратады, әй, ізгі досым.

4926. Бұл замананың тұзағы құрулы тұрады. Арасында пайдасы, арасында зияны тиеді.

4927. Бүкіл ісіңді Баят (ежелден бар Тәңір) үкіміне қалдыр. Уақыты келгенде реттеледі, (жолы) ашылады, әй, (жүрегі) тірі (жан).

4928. Қай істі қылып, ләззатын алмаса, оны бірақ уақыт қоя бер, әй, білімі терең жан.

4929. Бұ дүниенің табиғаты сондай, қусаң қашады. Тастай салсаң, айналып саған жол ашады.

4930. Біраз күтейік, оны сынайық. Соңы, заманның ахуалы қалай болады.

4931. Мүмкін, біздің қалағанымыздай болар. Ойланып көріп, өзі үшін жақсырағын қылар.

4932. Осы жерге келгенде Еліг сөзін тоқтатты. Өгдүлміш орнынан тұрып, ақырын әдеппен шықты.

4933. Бұл сөзден кейін қанша күн өтті. Еліг жақсылап қарап, мәселенің алды-артын ойлады.