Таңдау
тТ

Тілдің артықшылығын, мінін, пайдасын, зиянын айтады

162. Ақылдың, білімнің тілмәші – тіл. Адамның (санасын) жарық қылған тілдің қадірін біл.

163. Кісіні тілі құрметті қылады, кісі құт (бақыт) табады. Кісіні тіл құнсыз қылады, кісінің басы төмендейді.

164. Назар сал, тіл – есікте жатқан арыстан. Әй, үй иесі, сақтан, басыңды жұтады (жейді).

165. Тілінен таяқ жеген адам не деген, тыңда. Бұл сөзге сай әрекет ет, өзіңнің негізгі ісің деп біл.

166. Тілім маған өте көп қасірет шектірді. Басымды кеспесін, тілімді кесейін.

167. Сөзіңе абай бол, басың кетпесін. Тіліңе абай бол, тісің сынбасын.

168. Білімді (адам) тілге арнап терең (піскен) білім берді. Әй, тілдің иесі, басыңды сақта.

169. Сен өз амандығыңды қаласаң, тіліңнен жараспайтын сөз шығарма.

170. Біліп сөйленсе, сөз білім деп саналады. Білімсіздің сөзі өз басын жұтады.

171. Көп сөзден артық пайда көрмедім және сөйлегеннен пайда таппадым.

172. Көп сөз сөйлеме, аз және кезекпен сөйле. Көп сөздің түйінін бір сөзбен шеш.

173. Кісінің сөзбен дәрежесі артты, билеуші болды. Көп сөз басты жер қылды, көлеңкедей.

174. Көп сөйлегенді білім: «заржақ» дейді. Ал, сөйлемесе тіл: «мылқау» дейді.

175. Егер солай болса, оған қарсы қарапайым, сыпайы тіл қолдан. Тіл сыпайы болса, кісінің (дәрежесін) жоғарылатады.

176. Тіліңе қатты абай болсаң, басыңды сақтағаның. Сөзіңді қысқартсаң, жасың ұзақ болады.

177. Тілдің пайдасы көп болғандай, зияны да көп. Тіл арасында мақталады, арасында көп жамандалады.

178. Егер осылай болса, сөзіңді біліп сөйле. Сөзің көзсіз, соқырларға көз болсын.

179. Білімсіз (адам) шынымен, соқыр болады. Әй, білімсіз, жүр, білімнен үлесіңді ал.

180. Туған өледі, назар сал, одан белгі сөз қалар. Жақсы сөз сөйлесе, өзіңнің өлмегенің.

181. Екі нәрсе арқылы адамның жаны қартаймайды: бірі – жақсы әрекет, бірі – жақсы сөз.

182. Назар сал, адам туды (дүниеге келді), дүниеден өтті (өлді), сөзі қалды. Қара, адамның өзі кетті, аты қалды.

183. Өзің өлмеуді, тірі болуды қаласаң, әй, данышпан, сөзің, әрекетің жақсы болсын.

184. Тілді сонша мақтағаным, арасында сөккенім, мақсатым: саған сөздің шешімін айтқым келгені.

185. Барлық сөзді құпия ұстау ақылға сыймас. Кісі қажетті сөзді сөйлер, жасырып қалмас.

186. Батыр, мен сөзімді балама сөйледім. Балам менен төмен, маған қалай тең болсын.

187. Әй, балам, мен сөзімді саған айттым. Әй, балам, бұл насихатымды саған айттым.

188. Менен саған алтын, күміс (ақша) қалса, сен оны бұл сөзге тең тұтпа.

189. Күмісті (ақшаны) іске жаратсаң, түгесіледі, бітеді. Сөзімді іске жаратсаң, күміс (ақшы) әкеледі.

190. Кісіден кісіге мұраға сөз қалады. Өсиет сөзді ұстанса, пайдасы көп.

191. Әй, данышпан дана, бүгін именіп, өзімнің себебімді айттым, қабағыңды түйме.