Таңдау
тТ

Күнтуды Еліг пен Одғұрмыштың көріскенін айтады

5035. Екеуі орнынан тұрып, Елігтің құзырына барды. Еліг орнынан тұрып барып, қарсы алды.

5036. Көрген бойда Еліг ең әуелі сәлем берді. Заһид сәлемге жауап ретінде «әлейк» берді.

5037. Еліг пен заһид қол алысты. Қуанып, күлімдеп, қабағы жазылып Еліг айтты.

5038. Өзіне жақын орын берді. Айрықша ілтипатпен құрметтеді.

5039. «Әй, Одғұрмыш, сен бұл жерге өзің жаяу келіп, бейнет шектің» деді.

Одғұрмыштың Елігке жауабы

5040. Одғұрмыш жауап берді: «Көзім сені көрді, бейнетті ұмытты» деді.

5041. Мен саған өзімнің қалауыммен келдім. Маған қалай бейнет болсын, әй, Еліг.

5042. Кісі өз қалауы үшін жолға шықса, тілегіне тез жетер, шаршап қалмас.

5043. Ақылы арқылы әлемге даңқын жайған Бөке Иабғусы не деген, тыңда.

5044. Көңіл қалауы үшін жырақ жер жақын болар, тез тілегенін табар, ол анық.

5045. Адам шын көңілімен әрі өз қалауы үшін қадам басса, тілегіне тез жетер, жақындайды.

5046. Қай жерге көңілсіз аяқ басса, ол жол қанша жақын болса да, жырақ болады.

5047. Аяғымен жүрген адам бейнет шегеді. Көңілімен қадам басса, ол бейнет кетеді.

5048. Әй, Еліг саған көңіліммен келдім. Не үшін бейнет болсын, біліміңді жетілдір.

5049. Көңіл кімді жақсы көрсе, қаласа, қараңыз, жер қанша алыс болса да, жақын болды.

Елігтің Одғұрмышқа сауалы

5050. Еліг: «Ең әуелі сенен сұрайтын бір сөзім бар, маған жауап бер» деді.

5051. Сен енді маған көңіліңмен келдің. Бірақ бұл іс қалай болды, әй, батыр?

5052. Білесің, сәлем берудің артықшылығы өте үлкен. Кім әуелі алдын алса, бұл жолды ашар.

5053. Мені көргенде сәлем бермедің. Бұл сауап пен нығыметті неге қаламадың?

Одғұрмыштың Елігке жауабы

5054. Одғұрмыш жауап берді де: «Сәлемді біліп тұрып бермедім, ең әуелі жетсем де».

5055. Сәлемдесу адамға амандық тілеудің жолы. Сәлем берген болса, оның негізі қаланды деген сөз.

5056. Сәлем кісіге амандық, тыныштық тілеу. Сәлем берсе, жаның тыныш болады.

5057. Бұған ұқсас мынадай сөз бар. Сен мұны тыңда, әй, көңілі түзу жан.

5058. Сәлем беруші адамға тыныштық береді. Сәлем (әлейк) алушы тыныштықта болады.

5059. Сәлемдесу кісінің зиянынан аман болу. Жауап беруші амандығына сенімді болды.

5060. Ұлықтар кішілерге сәлем беру керек. Сәлемге жауап қайтарса, іс толық болады.

5061. Ұлықтардың сөзі кішік болса, соған сай әрекет етсе, тыныштықта өмір сүріп, жаны бақытқа кенеледі.

5062. Кішілер ұлықтардың зиянынан аман болса, олардың жақсылығынан үміттеніп, тыныштық табады.

5063. Елігке менен қандай зиян келеді? Мен кішікпін, кішікте қандай зиян бар.

5064. Елігтің билігі барша халыққа жетеді. Қабағын түйілсе, не қаласа да, жасайды.

5065. Назар сал, сәлем сөзінің мәніне келер болсақ, қара (халық) бекке сәлем бермес, әй, білімі толық жан.

5066. Сен мені әуелі қызметіңе алуды қаладың. Өзіңе шақырдың, көп өтіндің.

5067. Мен сөзіңді қабылдамадым, орындамадым. Бұл алдамшы дүниеге сенбедім.

5068. Оны қойдың да, енді зиярат үшін шақырдың. Міне, түнде келдім.

5069. Енді сенен именбеймін. Өйткені, маған сәлем, тыныштық бердің.

5070. Қайтадан әуелгі сөзіне қайтар деп, тағы қорқып, сенен именіп едім,

5071. Енді саған шынымен, толық сендім. Маған енді сенен тек жақсылық нәсіп болар.

Елігтің Одғұрмышқа жауабы

5072. Еліг: «Бекке өз айтқан сөзінен қайта тайқу өте жаман» деді.

5073. Тілімен айтқан сөзінен қайта таятын болса, билігі бар адам ұлықтыққа жетпесін.

5074. Тілі жалған сөйлеп, ашумен әрекет ететін болса, ондай адам әлемге Еліг (Басшы) болмасын.

5075. Тілі жалған, қолы сараң адам қалай бек болып, халыққа ұлық болады?

5076. Білімде бұдан да жақсырақ айтылған. Сөзден тайса, одан құт қашып, бақ таяды депті.

5077. Өтірікші – адамның жаманы. Жаманның жаманы – уәдеден тайғандар.

5078. Тура сөзді адам жақсы айтқан екен. Тура сөйлеген ерге Баят (ежелден бар Тәңір) ақысын берсін.

5079. Бектің сөзі шын, туралықтан таймайтын болу керек. Сөзінен жаңылғанды ер деме.

5080. Еркек сөйлеген сөзінен таймас.
Сөзінен тайғанды қатын деп сана.

Одғұрмыштың Елігке жауабы

5081. Одғұрмыш жауап берді де: «Еліг бұл ізгі қасиеттерге қол жеткізген» деді.

5082. (Әй), Еліг, Баят (ежелден бар Тәңір) сенің бұл ізгі амалдарың мен ізгі ұстанымыңның (берекесін) арттырсын.

5083. Бектер – халықтың таңдаулысы. Өзі қандай таңдаулы болса, сөзі мен әркетін солай ұстасын.

5084. Білімді білім берді, былай деді. «Бек ізгі, әділ болса, халқы байиды».

5085. Дүниені көрген, ұзақ жасаған, ақ шашты ер не деген, тыңда.

5086. Әй, әлемді билеуші, амалың ізгі болсын. Қонған құт (бақ) қайта кетеді.

5087. Әрекет ет, өзің жақсы атың шықсын. Құт (бақ) опа бермейді, сені жатқа қия (салады).

5088. Әй, билік иесі, сен жамандық қылма. Сөзің және әрекетіңмен барлық ізгілікті жаса.

5089. Ұлықтық, бектік жүзін бұрады. Алайда, ізгілік сенен жүзін бұрмас, батыр.

5090. Бүгін ізгілік тап, халықтың жүгін көтер. Уақыт өтер, кетер, ертең саған игілік келеді.

5091. Бұл өмір құйындай өтер. Құт баянсыз, сенен де өтеді.

Елігтің Одғұрмышқа жауабы

 

5092. Еліг: «Әй, білімі терең жан, тыңда, сенен тілегім мынау, жолымды ашқын» деді.

5093. Сені мұнша қатты қалағандағы менің мақсатым
мынау еді, әй, көңілі тоқ адам.

5094. Маған енді үгіт, насихат, кеңес бер. Игілікке қолым жетсін.

5095. (Маңайымда) құлқыны терең және рулы қалың кісі бар. Әділ, шыншыл, жанашыры жоқ, әй, жомарт.

5096. Бектер барша тілегенін, қалағанын табады. Бірақ, көңілінен шығатындай көмекші таппайды.

5097. Қақпада (хан сарайда) қалың бас топталып жүр. Маған пайдалы кісі жоқ, әй, білімді.

5098. Әй, жомарт, мына бәйіт мынаған ұқсайды. Түсінемін десең, сен мұны оқы.

5099. «Кісімін» деп жүрген көп адам бар. Кісіге пайдалысын іздесең (таппайсың), кәні?!

5100. Бір кісі мың кісінің ісін қылады. Мың кісі жұмылып, оны жасай алмайды.

5101. Еліг тағы да: «Әй, Одғұрмыш, Баяттың (ежелден бар Тәңірдің) барша игілігін сен тауыпсың» деді.

5102. Бүкіл әрекетің атыңа жарасады. Тәңір құтын (беркесін) және бүкіл тілеуіңді берсін.

5103. Баяттың (ежелден бар Тәңірдің) бергенінен маған да үлестір. Көңілім тірілсін, нәпсім өлсін.

Одғұрмыштың Елігке жауабы

5104. Одғұрмыш жауап берді де: «Әй, бек, кісілер мақтағандай сен де сыртымды көріп тұрсың» деді.

5105. Әй, Бөке (балуан), егер ішімді білсең, мені қайта-қайта сөгіп, қуар едің.

5106. Маған заһид деген ат қойды. Содан бері бұл ат маған тағаттың бәлесі (жұты) болды.

5107. Қара, мені құртқан осы атым. Бұл атым үшін нәпсім менің бегім (билеушім) болды.

5108. Кісілер көретін дүкенді жақсылап безендірдім. Дүкеннен пайда жоқ, сауданың белгісі де.

5109. Әй, Еліг, сен кісінің сыртына қарама, кісінің ішіне, жасырын ісіне қара.

5110. Қауынның сырты, жүзі, иісі, бейнесі, түсі, тұқымы қандай көркем болса,

5111. Ішінде дәм болмаса, ол қауынның сыртын тастауға болады, әй, қодас.

5112. Көңілі ояу жан, не деген, тыңда. Ішіңді безендір, сыртыңды ырлап, бояп ұстама.

5113. Барлығын жоғарылатқан нәрсе ішінен болады. Іші болмаса, сырты жарамас, қалады.

Елігтің Одғұрмышқа жауабы

5114. Еліг жауап берді де: «Әй, пәк (көңілді жан), сенің ішің мен сыртың бірдей, бәрі түзу» деді.

5115. Сен дүниені тәрк етіп, өзіңнің жүгіңді жеңілдеттің. Мен болсам, іліндім, ауыр жүк арттым.

5116. Мені бұ дүниенің ісі мүшкіл қылды. Баят (ежелден бар Тәңір) құлшылығына қолым тимейді, міне.

5117. Маған үгіт, насихат бер, соны ұстанайын. Сөзің берекемді кіргізсін (құтайтсын), шынымен жаным тазарсын.

Одғұрмыштың Елігке жауабы

5118. Одғұрмыш жауап берді де: «Әй, бек, барлық игілікке жақсылықпен жет» деді.

5119. Баят (ежелден бар Тәңір) құлдары арасында менен жаман басқасын білмедім, әй, білімі теңіздей жан.

5120. Егер менен жаманырақ Баят (ежелден бар Тәңір) құлын іздесең, мен ғанамын, әй, Еліг.

5121. Менің сөздерімнен қандай пайда болсын. Үгітімнің саған пайдасы болар ма?

5122. Бірақ мен Иемнен үмітімді үзбедім. Күнәмді жарылқаушы ол, бір Ием.

5123. Күнәсін біліп, тілі сол үшін кешірім тілеген күнәһар құл не деген, тыңда.

5124. Мен күнәһар, өзіне зұлымдық етуші жаман құлыңмын. Қарап тұрсам, бастан аяқ күнәмін.

5125. Сенен басқа сиынатын Ием жоқ. Күнәмді кешір, құт-берекеңмен жәрдем ет.

Елігтің Одғұрмышқа жауабы

5126. Еліг жауап берді де: «Әй, ояу жан, мінезің мен тұла бойыңды ізгілікпен безендіріпсің» деді.

5127. Өзіңді өте жаман деп білгенің үшін еріксіз, халықтың ішіндегі ізгісі болдың.

5128. Көңілің мен тіліңді тазарттың, сөйтіп, өзің тазардың. Маған насихат бер, сөзіңнің пайдасы тисін.

5129. Әй, амалы ізгі адам, сенімдісің, ісің шынайы. Маған жанашырлықпен үгіт, насихат бер.

5130. Баят (ежелден бар Тәңір) саған барлық игілікті берді. Әй, даңқтым, маған ізгілік жолын аш.

5131. Әй, ізгі адам, енді маған насихат айт. Ертең саған Тәңір қайтарымын береді.