Таңдау
тТ

Одғұрмыштың Елігке насихат бергені айтылады

5132. Одғұрмыш жауап берді де: «Еліг, Баят (ежелден бар Тәңір) барша тілегіңе қол жеткізсін» деді.

5133. Бұл қауашақ, бос дүние – ескі дүние (әлем). Қанша бекті қарттайтты, өзі қартаймайды.

5134. Сендей көптеген бекті жақсы көрді, өткізді. Саған да дайындалды, үйіріп өткізеді.

5135. Оны ақиқат деп көңіліңді байлама. Опа қылатын емес, шынайы бас тарт.

5136. Менен үгіт, насихат не керек. Бұл замананың насихаты жеткілікті саған, әй, тірі жан.

5137. Сенен бұрынғы әлем билеушілері кәне, қайда кетті, кәне, құдірет-күші қайда?

5138. Олар қайда кетті, кеткен жеріне қара, ойлан. Саған да онда баратын күн, уақыт жақын.

5139. Бұл бектік мәртебесі саған тиді. Ұзақ болмайды, соған сай әрекет ет.

5140. Оларға не нәрсе пайдасын тигізген болса, сен де бүгін соны қыл, ертең дәмін татасың.

5141. Олар өлерде не нәрсеге өкінді, сен олардан жырақ тұр, игілік тіле.

5142. Білімді дана жақсы айтқан екен. Білімдінің сөзі інжу, жақұт секілді.

5143. Өлікті көрген тірі қалмас. Өлімге дайындал, мінезің дөрекі болмасын.

5144. Өлімді білсе де, ғапыл болған жан, өмір өтеді, өзіңнің үлесіңді ал.

5145. Бейқам жүрген, қалауының құлы, өлім тап бермесін, алғалы келеді.

5146. Бүгінгі өткізген күніңе қара, бәрі көрген түстей болды, ойлан, ақылға сал.

5147. Егер өзің ізгілік қылған болсаң, өзіңе мәңгілік пайда қылғаның.

5148. Егер өміріңді босқа өткізген болсаң, күндіз-түні ұйықтамастан өкініштен еңіре.

5149. Тілек тілеумен мәңгілік өмір таппайсың және жігіттік күшің қайта келмейді.

5150. Бұл нәсіп болған уақыттың бәрін босқа өткізбе. Өлімге дайындал, құлшылыққа бер бұрып.

5151. Әй, Еліг, назар сал, әскер құраған, мемлекетті басқарған сенен бұрынғы атаң бек еді.

5152. Қазына, қызметкер, әскер иесі болып, біраз өмір сүрді, тілегіне жетті.

5153. Өлім тұтқындады, ақырында оны алып кетті. Асқақтаған атағы пайда бермеді.

5154. Атаң өлді, кетті, саған насихат берді. Ата өсиетін ұстансаң, саған қант-шекер болады.

5155. Енді оған ұқсас мына сөзді тыңда. Ұстансаң, пайда әрі көрер көзің болады.

5156. Әкең қайтыс болған (өлген) уақытта саған былай айтқандай болды: «ұл, көр, оян.

5157. Өлім тұтқындады, кеттім, сосын саған да келер. Әрекет ет, артыңа ізгі ат қалдыр.

5158. Әкенің, ананың өлімі ұл-қызға жеткілікті дәрежеде насихат, олар ұғып, санасына құйып алсын.

5159. Әкеңді, анаңды өлім ұмыт қалдырмады. Уақыты келгенде сені ұмыт қалдыра ма?!

5160. Оларға қарсы келіп, жапа шектірген бұ дүние саған келгенде мінезін өзгертіп, жақсылық (опа) қыла ма?

5161. Өмірді қадір тұт, керек іске ғана жұмса. Кісіге мал-дүние үлестір, сауап, өзіңнен тый.

5162. Өткен күннің ішінен керектісін ал. Заман сені де өткізеді, дайындығыңды жаса.

5163. Өзің халықтың мұнша жүгін артып алдың. Ояу тұр, бейқам болма, ойланып әрекет қыл.

5164. (Маңайыңа) қалың аш бөрілер жиылды. Әй, елшіл батыр, қойыңды жақсылап күзет.

5165. Мемлекетіңде кешке біреулер аш қалса, Баят (ежелден бар Тәңір) оны сенен сұрайды, көзіңді аш.

5166. Әй, Еліг, сен бүгінде шырақтай жанасың, жарығың басқалар үшін, әй, жүрегі таза жан.

5167. Жасың келіп, өмірің бітуге таяса, саған бұл кісілердің не пайдасы бар.

5168. Жұрт үшін өзіңді отқа тастама. Көре көзге өзіңді отқа күйдірме.

5169. Ұлықтық, бектік, бектіктің барлығы қалады, өлім келіп, қақпасын ашса.

5170. Әділ бол, әділдікпен билік жүргіз. Сонда билікті ұзақ сақтап тұрасың.

5171. Білімі жоғары кісі қандай игі білім берді. Бұл сөзге амал қылып, осы жолда жүр.

5172. Биліктің іргесін бекіткің келсе, үкім берерде әділдік жолын ұстан.

5173. Басқа дүниеге қол жеткізгің келсе, әділдікті ұстан, сөзімді кесіп айттым.

5174. Әй, «Бек менмін» деуші көңіліңе нан піспесін. Дүние мен дәулет опасыз, бас тарт одан (түңіл).

5175. Бұ дүниенің бақытына (құтына) иланба, айық. Қара, табиғаты сенімсіз, баянсыз.

5176. Әй, Еліг, мына сарай, орда, тақ саған тиді. Қара, ол уақытша тұрақ.

5177. Сенен бұрынғылар да уақытша аялдап кетті. Тұрақтап қалмады, уақытша аялдады, бағынды, көшті.

5178. Енді осы тақ, орда саған тиді. Көшіңді өзіңнен бұрын жібер.

5179. Бүгін мұнда орда, сарай салма. Өтер жыл, ай, күн сені қалдырмайды.

5180. Өзіңнің жатар жерің белгілі, көр (қабір). Оны жақсылыққа толтыр, әй, даңқтым (күлік).

5181. Бүгін бұл хан сарайын «менікі» деп білерсің. Ақиқатына қарасаң, олай емес.

5182. Бұл сарай саған дейді, тыңда. Назар салсаң, өте дұрыс айтады, әй, батыр.

5183. Мұны сен «Менікі, менікі» деп айтарсың. Не үшін айтасың, ол қалай сенікі.

5184. Сенен кейінгілер саған «шық» дер, міне, олар да «менікі, менікі» деп айту үшін дайындалып, күтіп жүр.

5185. Әй, әлемнің бегі, бұ дүние түнек. Түнектің ішінде уайымнан басқа нәрсе болмас.

5186. Сен түнектен қуаныш іздеме, негізгі қуаныш пен жұбаныш ұжмақта.

5187. Мына өтпелі ләззатты ләззат деп ойлама. Өтпелі қуанышты да қуаныш деме.

5188. Бақ-дәулет осындай, тұрмай қашады. Жинаған дүниеңді түгел шашады.

5189. Мәңгілікке тірілетін орын үшін дайындық қыл. Бұ дүниенің мал-дүниесін тәрк ет, одан теріс айнал.

5190. Рахат, құт (билік), арман тілеме, мәңгілікті тіле. Мәңгілік рахатты қалаған адам еңбектенеді.

5191. Баяттың (ежелден бар Тәңірдің) берген игіліктеріне бір қара, ойлан. Қаншама игілік берді, ақылға сал.

5192. Қалың халықтың үстіне әмірші (қолыңды ұзын) қылды. Тілек, қалауыңды берді, сөзіңді жүргізді.

5193. Ет пен сүйектен жаралған өзіңдей Баят (ежелден бар Тәңір) құлдарын саған мұқтаж қылды, бәрін көріп тұрсың.

5194. Әй, Еліг, бүгін мұның шүкірін қылуың керек. Баяттың (ежелден бар Тәңірдің) жаратқандары үшін ізгі һәм таза бол.

5195. Тәңір сені әділдік үшін отырғызды. Әділ бол, әділдікпен өмір сүр, кәне.

5196. Әрбір ісіңді ақылмен істе. Нәпсіңе ерік берме, жүрегің тірі болсын.

5197. Бүкіл халыққа мейірімді бол. Ұлық пен кішікке әділ билік жүргіз.

5198. Халықтың табиғаты лайықсыз болып бұзылса, көре тұрып өзімен өзін қалдырма, ретте сосын қысыңқырап ұста.

5199. Әй, (Еліг), тыңда. Білімі теңіздей, сол білімімен әрекет етіп, жүзі жайнаған адам не деген.

5200. Бүгін сен бәрі ізгі болсын десең, өзің ізгі бол, әй, елдің ұлығы.

5201. (Елді) барлық жамандықтан тазалағың келсе, өзің таза бол, сосын халық тазарады.

5202. Бұл бектер – Бас, бас қайда барса, ізінен еруші кісілер сонда барады.

5203. Халық бұзылса, оны бектер түзейді. Егер бектер бұзылса, оны кім түзейді?

5204. Сен өз мінезіңді түзе, әрекетіңді тура қыл. Халықтың мінезі өздігнен жөнделеді.

5205. Өзіңе жарасатын іс жасағың келсе, жараспайтын іске жақындама, сөздің қысқасы.

5206. Жаманмен араласпа, көреалмаушылықтан жырақ тұр. Бұл екі қылықтан адам жүзі қара болады.

5207. Өзіңе жағымсыз және жаман нәрсені қаламасаң, өзің лайықсыз нәрсе жасама, сөзді кесіп айтам.

5208. Сен ләззатқа алдарқатып, шарап ішпе. Ол теңіз, онда екі өткел жоқ.

5209. Көзқарасың әділ, ісің таза болсын. Ақыл – жол, білім – кеңесшің болсын.

5210. Көңілің мен тілің тура болсын, қабілетті жоғары бағала. Өзіңді ұмытпа, жолыңнан жаңылма.

5211. Көңіл аспандатпа (тәкәппарланба), мақтаншақ болма. «Қызметкерім, әскерім көп» деп кеудеңді керме.

5212. Қанша батыр, кеуделі, тәкәппар ерді өлім жерге көмді, топырақ жасырды.

5213. Білімі жоғары кісі жақсы айтыпты. Білімдінің сөзін ұстанған әрқашан жақсылыққа жолығады.

5214. «Қазынам көп» деп дүниеге сенбе. «Қызметкер мен әскерім көп» деп кеудеңді керіп, мақтанба.

5215. Күшіне сеніп кеудесін керуші бір шыбынға да әлі келмеді.

5216. Жұмыста ашушаң болма, өкпені доғар. Егер ашуың келсе, мылқау бол.

5217. Асығыс іс қылма, дін ісінен басқасын. Адам асығыс істен пайда таппайды.

5218. Қайыр садақа берген болсаң, асық, тез жеткіз. Жазалағанда, сабырмен мәселенің аражігін айырып жаза бер.

5219. Амалың бос, сөзің асығыс болмасын. Сабырлы бол, сабырлылар дұрыс адам атанады.

5220. Жомарт бол, халыққа мал-дүние үлестір, жегіз. Бектер сараң болса, жаман атты болады.

5221. Тәкәппарсып (ірі) сөйлеме, өзіңді берік ұста. Тәкәппар сөзге кісінің көңілі тез суиды.

5222. Әрбір кісіге тәтті сөйле, маңдайың жарық, жүзіңді ашық болсын.

5223. Сен халықтың дарасысың, ісің де дара болсын. Көңілің мен тілің түзу, болын, амалың да дұрыс болсын.

5224. Қара халық ізгі болса, оның игілігі өзіңе болады, әй, халықтың белгілісі.

5225. Егер бектердің амалы ізгі болса, мемлекетте барлық игілік болады, қуанышы мың болады.

5226. Егер бектердің амалы жаман болса, жамандар күшейеді, ізгілік жолды бұзады.

5227. Жамандық қылма, жаман атты болма. Жамандарды қысымға ал, мүмкіндік берме.

5228. Жамандық – у, ол уды жеме. У жегеннің өмірі құриды.

5229. Ақылды кім болса, оны жақын тұт. Білімдінің сөзін ұстан, хақысын қорға.

5230. Сенімді, шыншыл, әділ, ізгі аты шыққан кісіні өзіңе жақын ұста, оған жұмыс бер.

5231. Мына алдамшы дүниенің табиғаты тұрақсыз, баянсыз. Бейқам болма, ойлан, жол өте тайғанақ.

5232. Қара, безеніп, дайындалып, көңіліңді жаулайды. Көңіл бұрсаң болды кері айналады (жүзін бұрады), кетеді.

5233. Өлімді ұмытпа, уайымда, қысқа тұт. Қапыда өлімге ұшырама, әй, мемлекет билеушісі.

5234. Әй, Еліг, ғапылдықта ұйықтама. Әй, таза жан, билікке есірме.

5235. Бүгінгі ләззатқа алдарқатпа, ойлан. Жақсылап ойлан, ертегі ләззатты тіле.

5236. Оның қуанышы ұзақ, рахаты көп. Рахат болса, мынаған сай болу керек.

5237. Рахат, игілік қаласаң, жүр, ізгі бол. Көптеген нығыметтің ішінде жүр, мәңгі бол.

5238. Білім тапқан, біліммен бірге мемлекетте құрметке ие болған ер не деген, тыңда.

5239. Баят (ежелден бар Тәңір) абырой берсе, оның соңы жоқ. Көп нығыметтің (рахметтің) ішінде өзің рахат өмір сүресің.

5240. Егер онымен күрессең, абыройсыздық дайын. Абыройсыздықтың зардабына кімнің шыдамы жетеді?

5241. Әй, Еліг, бүгін сен оташысың. Халықтың бәрі ауру, саған мұқтаж.

5242. Бірі зұлымдық көрген, бірі бақытсыз болған. Енді бірі кедейліктен уайым жеп жүр.

5243. Кейбірі аш, кейбірі жалаңаш қалған. Кейбірі қайғыдан зар илейді.

5244. Қара, бұлардың емі сендей тұр. Дәрімен емде, дәрігері (қам) бол.

5245. Егер сен дәрісін беріп, емін қылмасаң, халық үшін жұт өлім болғаның.

5246. Ертең бір Баят (ежелден бар Тәңір) сенен сұрайды. Өзіңді құтқаратын жауап дайында.

5247. Өмір тез өтеді, бұл билік қалады. Саған керегі жақсы атың.

5248. Әй, Еліг, бұл дүние егіндік. Мына қолың не ексе, анда соны алады.

5249. Амал қыл, ізгілік жаса, ізгілік ек. Тәңірім, саған мәңгілік игілік болғай.

5250. Дана, билік ісін білетін жол көрсетуші және мемлекет бегі не деген, тыңда.

5251. Әй, халықтың ұлығы, бек болған адам, көңілің кішік, тілің сыпайы болсын.

5252. Әй, елдің басшысы, әй, билік иесі. Әрбір ісіңде әуелі білімді жұмса.

5253. Әрбір ісіңді біліммен істе. Барлы керемет іс білімнен шығады.

5254. Бұл дүние қалмайды, түбі кетеді. Сен жоқ болмайтындай ізгілік іс жаса.

5255. Дүние қалады, ақырында туған өледі. Артыңда жақсы не жаман деген атың қалады.

5256. Жаманмен араласпа, жаман күйдіреді. Атың жақсы болса, жақсы ізің қалады.

5257. Әй, Еліг, қайрат қыл, ояу тұр, ояу. Бейқам кісіге жала жабысады.

5258. Бұл биліктің негізі сақ болу мен ояу тұрудан басталады. Тағы бір дүние қаласаң, осылармен табасың.

5259. Осал болса, осал болсаң, қолыңнан билік кетеді. Ғапыл адам екі дүниеде еңірейді.

5260. Өзіңе дұшпандық қылма және қан төкпе. Жан шығарда осы екі күнәға өкінеді.

5261. Харамға араласпа, өзіңді қатты қорға. Харам жегеннің орны тамұқтың түбі.

5262. Барша адамға бауырмал бол. Кісінің зиянын тілеме, жолыңнан азба.

5263. Ішімдік ішпе, іштарлармен араласпа, жырақ жүр. Бұл екеуі хан сарайын, ордасын, қаласын бұзады.

5264. Әрбір туған кісі өлмек үшін туады. Өлген кісі бір із қалдырады.

5265. Қып-қысқа өмір таусылады, бітеді. Қара, жақсы не жаман болсын аты қалады.

5266. Бұ дүние сені қуанышпен алдарқатады. Осал болма, ғапылдық сені ұйықтатпасын.

5267. Қара, адамды ұйықтатқан ғапылдық. Ұйықтаған адам бүкіл ісін тастайды.

5268. Барша адам ғапыл болмаса, періште болар және құлшылық қылар еді.

5269. Білімді мына сөзді жақсы айтқан екен. Мұны ұғып ал, әй, көңілі ашық жан.

5270. Мына қуаныш пен мәз болудың бәрі ғапылдық. Бұл ғапылдықпен адам өзін жоғалтады, қайранмын.

5271. Осал болма, ғапылдық ұйқысы сені ұйықтатпасын. Бұл ғапылдық ұйқысынан қорға, әй, Раббым.

5272. Мемлекетіңде көзің мен құлағың жіті болсын. Мейірімің бәріне түссін.

5273. Соңында Баят (ежелден бар Тәңір) сенен сұрайды. Әрбір күнәһар Баяттың (ежелден бар Тәңірдің) сұрағына алынады.

5274. Тақуа кісі не деген, назар сал. Тақуаның сөзін ұстансаң, ісің реттеледі.

5075. Әй, босқа жүрген халықтың өктемі, Баяттың (ежелден бар Тәңірдің) сұрағы бар, жауап дайында.

5276. Әй, көңіл қалауымен жүрген күнәһар, міні көп жан, бір күні Баят (ежелден бар Тәңір) сенен есебін сұрайды.

5277. Әй, ішіп, жеп, өмірін босқа өткізіп жүрген жан, есепке дайындал, шығатын жол тіле.

5278. Қара, Баят (ежелден бар Тәңір) бәрін сұрайды. Құтылатын жерің бар ма, қаш, кәне.

5279. Әй, Еліг, қылыш, қамшы сенде тұр. Бұл қинау, қамшы жамандарға үйірілер.

5280. Жамандар зұлымдықтарын тастамаса, сен де жазасын ұмыт қалдырма, қамшыңды берік ұста.

5281. Жамандар дүре соққанға көнбесе, олардан өзің де сақтанып тұр.

5282. Еліг жаман болса, әлем бұзылады. Оны қысатындар болмаса, жолынан азады.

5283. Сен ізгілерді құрметте, оларға жақсылығыңды тигіз. Осылайша бүкіл халық ізгі болады, әй, күлік (даңқтым).

5284. Ойынға алданба, өзіңді қорға. Ләззатқа мәз болма, өмірің аз қалды.

5285. Сен әрдайым әділ бол, әділ үкім бер. Билік заңмен ғана тіп-тік ұрады.

5286. Өз күшің жеткенше әрекет ет. Лайықсыз іс қылсаң, өзің кешірім сұрап тұр.

5287. Әділ заңмен елде даңқы жайылған халықтың басшысы не деген, тыңда.

5288. Әй, бек, күш-қуатыңа сай әділ заң орнат, заңды халыққа жеткізуге тырыс.

5289. Егер кемшілік орын алса, кешірім сұра. Тілің күнде тәубе қылудан жаңылмасын.

5290. Көп алтын-күміс жинап, қазына толтырма. Не тапсаң да бер, көп үлестір.

5291. Өлім жетсе, сенен кейін қалады. Ұл-қыз жамандыққа қару қылады.

5292. Тірі күніңде мал-дүниеңді ақырет үшін жұмсауға тырыс. Есептен құтылу, тиылсаң өзіңе сауап.

5293. Халықтың ұлығы, адамның жақсысы, халықтың бегі жақсы айтқан екен.

5294. Әй, қазына жинаушы әлемнің бегі, амал қыл, өзіңнен кейін қазына қалдырма.

5295. Рахатың сенен басқаша есеп алып, (азаптың) үлесі тимесін, әй, текті қария.

5296. Әй, бай болған халықтың таңдаулысы, бұл байлығыңды кем-кетікке таратып, мол сауап ал.

5297. Опасыз дүниеге көңіл байлама. Берілме, соңында жапа шектіреді.

5298. Әй, бек болған, халықтың көсемі, бұл билікті алдын ала бас тарт, өзіңе орын дайында.

5299. Әй, ашкөз, артығымен ұзақ ойланған адам, өлім келмей тұрып, барыңды халыққа тарат.

5300. Соңында өлім келгенде бұ дүниеңнің пайдасы жоқ. Артыңда қалған малыңның саған ләззаты жоқ.

5301. Әй, Еліг, аз тамақ же, көп құлшылық қыл. Сен аз сөз сөйле, әрбір жақсы нәрсені үйрен.

5302. Кедей, тұл, жетімге қарап тұр. Оларды қорғау шынайы әділдік орнату болады.

5303. Өсекші кісіні өзіңе жақын қылма. Жалақорды өзіңнен жырақ ұста, сақтан.

5304. Осындай кісілер – адамның зарарлысы. Зарарлы адамды сен жау деп біл, жау.

5305. Ашкөз кісіге мемлекетте лауазым берме, оның мемлекеттің тәртібін бұзатынына күмән келтірме.

5306. Өзіңді тамұқтан алыстатуға тырыс. Әрқашан ізгілік қыл, Баят (ежелден бар Тәңір) қорғайды.

5307. Бүгінгі күніңнен ертеңгі күнің мен ертеңгі түнің жақсы болсын.

5308. Сөзін және жасаған ісін жазған, білімді, мінезі жұмсақ кісі жақсы айтқан екен.

5309. Бүгінің үшін ертең сұралатын күн бар. Ертеңді ойлап, дұрыс амал жаса.

5310. Ғапыл болма, ояу тұр, ұйықтама, оян. Ұйықтаған көзіңді оят, ұмыт бұл ұйқыны.

5311. Діннің бағыты мен дүниенің бағыты бір-біріне қарсы. Екеуі бір-біріне жуымас, жолын кеседі.

5312. Дін мен бұ дүниенің бірігуі қиын. Екеуі түйіспейді, мұны білсең жеткілікті.

5313. Бірі жақындаса, бірі қашады. Екеуін бірге ұстанса, адам жолынан адасады.

5314. Бұ дүниені құйын және жаңбыр деп ойла. Аз келеді, гүрілдейді, үні тез өшеді.

5315. Құт (бақ) келер, есік алдына қалың боп жиналады. Көңіл бұрсаң, жиналғанын басқа береді.

5316. Байыдым десең, бір күні кедей боласың. Құрметтімін дейсің, абыройыңды жер қылады.

5317. Дүниенің тоқтық дегенінің бәрі аштық. Рахаты, қуанышы бейнетпен.

5318. Әй, Еліг, нәпсіңмен қатты жаулас. Қалағанын берме, ләззатқа бөлеме.

5319. Бәрінен жаман жау осы. Бұған жақсылық қылсаң, жамандық қылады.

5320. Опа қылсаң, қайтарған жауабы жапа шектіру. Оған жапа шектірсең ғана опа береді.

5321. Нәпсіңді қадірсіз қылсаң, жаның абыройлы болады. Білім бек болып, ақыл хандық құрады.

5322. Бұ дүние дұшпан, нәпсің де дұшпан. Бұл екі дұшпаныңның тұзағы құрулы.

5323. Бұл құтқа (билікке) сеніп, тәкәппарланба. Өмірге сенбе, қатты түңіл (тәрк ет).

5324. Биіктік, ұлықтық – өтпелі. Бақ-дәулеттің барша оты бір күні өшеді.

5325. Тегі үлкен кісі не деген, тыңда. Жанашырдың сөзін ұстансаң, пайдасы өте көп.

5326. Бұл билікпен тәкәппарланба, кеудеңді артық керме, өзіңді сақта.

5327. Жиіркенішті дүние үшін сүрінгенді қой. Баятпен (ежелден бар Тәңірмен) бірге болып, ақыретте бүкіл нығыметті же.

5328. Әй, Еліг, одан кейін мына үш шаруа үшін ең таңдаулы үш кісі ізде.

5329. Бұлардың бірі – қазы. Ол ісіне өте адал, тақуа болсын, халыққа пайдасы тию үшін.

5330. Екінші, уәкіл керек. Халық бақытты және тыныш өмір сүру үшін ол шыншыл және сенімді болу керек.

5331. Үшінші – уәзір, ол өте таңдаулы болу керек. Халыққа не келсе осыдан келеді.

5332. Осы үш қызметте әділ кісілер болса, халық тыныш
өмір сүріп, күні оңынан туады.

5333. Мемлекет дамып, халық байиды. Ол уақытта саған жақсы дұға етушілер артады.

5334. Осы үш қызметте лайықсыз кісілер болса, халықтың барлық ісі жаман болады.

5335. Ойыма осыған ұқсас бір сөз келді. Сен мұны тыңда, әй, жүзі көріктім.

5336. Уәзір – бекке жол көрсетуші. Мемлекетке, хан сарайына заң орнатушы.

5337. Егер уәзір тізгінін теріс жаққа тартса, бәрі теріс болады, бұл менің айтуым.

5338. Бұ дүниені дайындалған дастархан деп ойла. Жүрген адам оның қаншасын жейді.

5339. Бізден бұрын барған, қазір қайтыс болған буын жеді, тойды, қанды.

5340. Ұлы жиынды күтіп, қарап жатыр. Бізді шақырады, күмәнсіз, біз де ізінен барамыз.

5341. Тағы бір буын қарындағылар. Бізден кейін дастарханды олар жейді.

5342. Ол буын біздің тұрып кетуімізді күтеді.Ал, аналар біздің келуімізді күтеді, әй, ботам.

5343. Бұл дастарханның тамағы бүгін бізге тиді. Қанша жейтін, киетін береді.

5344. Өліп жатқандар шақырады. Қарындағылар «тұр» деп бізді қуады.

5345. Қара, бірі қуады, бірі шақырады. Бұл екеуінің арасында кім рахат таба алады.

5346. Әй, Еліг, бейқам болма, ұзақ өмір сүрем деп ойлама. Ұзақ қалмайсың, әй, мінезі жұмсақ жан.

5347. Харамға араласпа, әй, Еліг, сақтан. Біл, харамға жақындасаң, жүрегіңді қарайтады.

5348. Әй, күлік (даңқтым), тақуа боламын десең, халал же, нәсібіңді халалдан тап.

5349. Тақуалардың дарасы, шынымен халал деген және халал жеуші адам не деген, тыңда.

5350. Халал жеген адам Баятқа (ежелден бар Тәңірге) күнә жасамас. Халал же, ісіңді адал жаса, ол ертеңгі азығың.

5351. Кімнің құлқыны, үсті-басы таза болса, ол күнәдан арылды, таза болды.

5352. Тазалықты қаласаң, тамағыңды (құлқыныңды) таза қыл. Тамағың (құлқының) тазарса, пайдасы теңіздей болады.

5353. Өз пайдаңды ойлама, халықтың пайдасын тіле. Сенің пайдаң халықтың пайдасының ішінде.

5354. Әр түрлі іс барысында ақылы толысқан Ұлық кент (Бас қала) бегі не деген, тыңда.

5355. Бек – халық үшін құт, ол халықты бақытты қылу (құтайту) керек. Халық бақытты болуы үшін қарны тою керек.

5356. Бұл бектер – түбі інжу толы теңіз. Теңізге жақын тұрғандар баю керек.

5357. Бұл бектер – алтын-күміс қазыналы тау. Күміс қазына қазғандар көп байиды.

5358. Қара, бек халыққа пайдалы, қолы жомарт болу керек. Әлем халқына одан тоқшылық келсін.

5359. Әй, дана билеуші, күндей жарқыра. Халық сенен ішетін, жейтін нәрсе тапсын.

5360. Баят (ежелден бар Тәңір) мойныңа аманат жүктеді. Бұл аманатты қорға, сенен сұрайды.

5361. Әй, Еліг, сен өзіңе қара, сен өзің үшін бойыңа қанша нәрсе жинадың.

5362. Сен үшін теңіздегі гәуһар таусылмас. Түбіндегі жақұт жетпей қалмас саған.

5363. Қара жердің астындағы алтын-күмісті теріп, мол қазына жинарсың.

5364. Сен үшін бұ таулардың астындағы гәуһарды шығарып, тауысып үлгермес, әй, арлы жан.

5365. Қара жердің үстінде өнгендерді сен теріп, қазына қоймаңды толтырасың.

5366. Ұшқан, жортқан және су ішіндегі балық сенен құтыла алмас, әй, мінезі қатты жан.

5367. Елден шыққан керуенің әлемді шарлайды. Сен үшін жібек, мата және тиін мен құндыз терісін жинап әкелер.

5368. Саған қасаб (үнді матасы), тозы (жүн мата), Рум матасы секілді әлемнің таңсық нәрселері келсе де, қазынаң мен қоймаң толмайды.

5369. Кеуел (арабы жылқы), тазы (парсы жылқысы), бүктел (бойы тапал ат), және арқуны (жабайы жылқы мен жергілік байталдан туған ат) жылқыларына ақырың толды. Көзіңнің сұғы тойғаны кәне.

5370. Мыңдаған таңдаулы аруана түйе, жазықта қалың ат, ақырда қашыр жиналды.

5371. Жазық және таулы жерде жайылған отар-отар қой немесе құл, күң, қызметшілерің, әй, мінезі сабырлы,

5372. Солтүстікте жайылған қалың қодас және түзде жайылған сиыр, қашар, өгіз

5373. Жартаста жайылған тау ешкі мен теке сенен құтылмас, әй, ержүрек Бөке (балуан).

5374. Бұғы, киік, бөкен және арқар болса, саған тамақ таусылмас, әй, мінезі жақсы адам.

5375. Құлан не тағы (жабайы жылқы) ұстасын немесе көк теке ұстап әкеледі саған, әй, Бөке (балуан).

5376. Бөрі, түлкі, арыстан, аю немесе доңыз сенен құтыла алмас, аңшылықта бәрі өлер.

5377. Қу, қордай (құс аты), тырна, үйрек болса, немесе қырғауыл, той (құс аты), иөгдік (құс аты), тодлыч (құс аты), қаз ұста.

5378. Көкте қалықтап ұшқан қара құс сенен өтіп кете алмас, әй, көк бөрі.

5379. Сенің құстарың ұшқанды ұшырмас. Сенің қабыланың, тазы итің жүргенді жүргізбес.

5380. Әкелі әкесіз жалғыз қалар. Аналы анасыз жетім болар.

5381. Мұнша дүниенің бәрі сені қуаттандыру үшін таусылмас. Оны сен тауысарсың, әй, күшті батыр.

5382. Барлығы бір тамағың мен киімің болады, дүниенің бәрін жинадың. Бірақ сен өлсең бәрі қалады.

5383. Дүние жинаудың соңында не пайдасы бар. Ажал жан алар, қара, сенің тамырыңды үзеді.

5384. Қарап тұрсаң, мұның бәрі ашкөздік. Ашкөздігі оянған жандар қашан тоқ болады.

5385. Қанағатшыл кісі не деген, тыңда. Көздің тоқтығы – байлықтың басы.

5386. Ашкөз кісі бүкіл дүниеге түгел ие болса да, оны бай деуге болмайды, бұл мүмкін емес.

5387. Кедей деп айтады, кедей кім ол? Кедей – қанша бай болса да, ашкөз болған адам.

5388. Ашкөз кісіге байлықтың пайдасы жоқ. Әй, көңілі тоқ адам, ашкөзді мүсірке.

5389. Ашкөзге бүкіл дүниенің иісі де келмес. Бәрі жеткілікті деген адам бақытты өмір сүрер.

5390. Ашкөз кісінің көзі дүниеге тоймас, қара жердің топырағы толмайынша.

5391. Әй, Еліг, менің білгенім осы еді. Мен қалай түсіндім, соны саған айттым.

5392. Міне, айттым, сөзімді өзің тыңдадың. Жіті байқасам, көңілім мен көзің ашылғандай.

5393. Сөзімді ұстансаң, ертең пайдасы тиеді. Егер ұстанбасаң, обалы саған болады.

5394. Ақылды не деген, тыңда. Егер тыңдасаң, саған насихат.

5395. Насихат кісіге пайдасын тигізеді. Насихат – азық, қаласаң же.

5396. Егер бұл азықты жей білмесе, араласпа, таста, күйетін от жейсің.

Елігтің Одғұрмышқа жауабы

5397. Еліг бұл сөзді тыңдады да жылады: «Әй, Одғұрмыш, адамның ең жақсысысың» деді.

5398. Әй, көңілі ояу және жаны тыныш жан, бұл билік маған бәле болды.

5399. Мен енді түсіндім, көзім ашылды. Мен өзімді өзім атқа итеріппін.

5400. Әй, ұлық, тура жолдан өзім тайыппын. Енді тура жолды айтып бердің.

5401. Әй, Одғұрмыш, енді маған дұға қыл. Баят (ежелден бар Тәңір) маған таупық және ізгі (тура) жол берсін.

Елігтің Одғұрмышқа жауабы

 

5402. Одғұрмыш жауап берді де: «Әй, бек, Баят (ежелден бар Тәңір) саған тілегіңе сай таупиқ
берсін» деді.

5403. Әрекет қыл, нәпсіңді ақылмен басқар. Нәпсісінен жеңілсе, адам қайғылы болады.

5404. Сені құртқан тәннің ләззаты. Тәннің бүкіл қалауы саған ауыр.

5405. Бұл дүние кәрі әрі (бітпейтін) ұзақ. Мінезі тәкәппар, мыңдаған бекті өткізді.

5406. Сендей мықты мыңдаған бекті қартайтты. Сені де ұзақ уақыт тірі ұстамайды.

5407. Олар кетті, бұл тақ саған қалды. Уақытыңды босқа өткізбе, қажетіңе жарат.

5408. Өлімді ұмытпа, әй, Еліг, оян. Күмәнданба, тез уақытта саған келеді.

5409. Әй, Еліг, өзіңді ұмытпа, сақтан. Егер өзіңді ұмытсаң, негізіңе қара.

5410. Егер кім бұл екі нәрсені ұмытса ол тура жолдан алыстайды.

5411. Өзін білген, нәпсісін ақылға бағындырған ер не дейді, тыңда.

5412. Өлімді ұмытпа, тұрағың – көр (мазар). «Өзіңді ұмытпа» деп айтатын мазарың.

5413. Мәниден жаралған өзіңді «мен» деме. Өзіңді «мен» десең, онда орның анау.

5414. Өлім көрінбей, тұзақ құрып тұрады. Шығып жолықса, ешқашан жолымды таппай қалмас.

5415. Тірілерге басқа еш қиындық болмаса, бұл ащы өлімге қарау жеткілікті еді.

5416. Өлімнен кейін қара жер астында өліп шіру де жеткілікті еді.

5417. Одан кейін көретін қанша нәрселер бар. Оның бәрін көруге өлім жолы ашылса.

5418. Ақылды кісі бұл хәлді біледі де, қалай ұйықтайды, тамағын қалай рахаттанып жейді.

5419. Білімімен ақиқи құндылықты білген білім беруші не деген, тыңда.

5420. Қайырымдылықты жоғары бағала, көңілді әзіз деп қадірле. Бұ дүниені тәрк ет, одан баз кеш.

5421. Бұ дүние – қара түнек, іші толған оқ жылан. Оны тәрк ет, жарық әрі ақиқат өмірге жет.

5422. Пәк жаныңның қалыбы болған денеміз (тәніміз) қара жердің тығыны. Қара жер тәнмен толтырылады әй, қазына мінез жан.

5423. Бұ дүние – түнек, қараңғы құдық. Бүкіл бәле, жала, мехнат осында.

5424. Түнекте тұрып қандай рахат тілейсің. Көңілің мен ойыңа оралған қандай арманды қалайсың.

5425. Бір уыс қара топырақты тәрк ет. Ұлы және мәңгі елді тіле, сағым өмір не керек?

5426. Мына шаң, топырақ, тұманнан өзіңді жоғары көтер. Пәк және мәңгі елді тіле, сен көзіңді аш.

5427. Неше мың жыл өмір сүрсең де, ақырында өлім жетеді, сені ұстайды, әй, күнім.

5428. Мал-дүние қанша көбейсе, оның бас ауруы (проблемасы) еселеп артады, әй, ержүрек жігіт.

5429. Адам неше мың жыл өмір сүріп, тілек тілеп, ол тілегің орындалса да, тілегі бітпейді.

5430. Бұл заманды оқып, көңілі жараланған адам не деген тыңда, әй, жүрегі таза жан.

5431. Мың жыл өмір сүрсе де, адам тілегі мен қажетінің бәрін түгел тауыса алмас.

5432. Тілек тілеуші бәрін тілейді. Тілегі таусылса, шынымен бәрі таусылады.

5433. Сөздің пайдасы көп сөйлеу немесе сөзге таңырқап көп тыңдау емес.

5434. Сөздің пайдасы, ол – естіген сөзіңді алып іске асыру және өзің тура жол табу.

5435. Көп сөйледім, сөзімді түгел тыңдадың. Сөзіме амал ет, оның пайдасын ал.

5436. Тілім тиылмады, көп сөйледі. Сөзім таусылмады, суы құрғады.

5437. Әй, Еліг, саған Баят (ежелден бар Тәңір) таупық берсін. Барлық игілікке қолыңды жеткізсін.

5438. Тәңір тілеуіңді берсін, сені қорғасын. Әй, Еліг, мені дұғаңда ұмытпа.

5439. Сөзін тоқтатты, орнынан тұрды. Еліг: «Азырақ отыр» деп айтып тыйды.

5440. Ішетін, жейтін түрлі тағамдар әкелді. Азырақ дәм тат, әй, ізгі кісі.

5441. Еліг ұсынды, Одғұрмыш алды. Тамақ пен сусыннан азырақ ішіп, жеді.

5442. Қолын тамақтан тартты, басқа жемеді. Шүкір қылды Раббыға атын атап.

5443. Одғұрмыш орнынан тұрды, қоштасты (сәлем берді). Еліг те орнынан тұрып, жауап берді.

5444. Одғұрмыш шығып, ол жерден жүрді. Еліг те ізінен шығып, шығарып салды.

5445. Қарады да Елігпен қоштасты. Қол алысты, Еліг мұңайып қалды.

5446. Кете барды ол жерден қайтадан тауға қарай. Туысы бірге барды да, қолын сүйді.

5447. Қара, Одғұрмыш туысын кері қайтарды. Өгдүлмішпен қоштасып қайтарды.

5448. Үйіне келіп кірді, көңілі құлазып. Уайым, қайғыдан көзіне ұйқы келмеді.

5449. Шығыстан күн басын көтерді. Дүние жүзі боз түске толды.

5450. Күн шықты, кеудесін жоғары көтерді. Дүние жүзі жұпар шашылғандай болды.

5451. Дүние періште жүзіндей жарқырады. Көк жүзі жұпар шашылғандай болды.

5452. Төсегін түріп, орнынан жылдам тұрды. Дәрет алып, ниетін дұрыстап (көңілін түзулеп),намазын оқыды.

5453. Тонын киіп, үйден шығып, атына мінді және хан сарайына барды.

5454. Атынан түсіп, жүріп барып, хан сарайына кірді. Еліг шақырды, ол алдына барды.

Елігтің Өгдүлмішке сауалы

5455. Еліг әуелі Одғұрмыштың қанша қалғанын һәм қашан кеткенін сұрады.

5456. Тағы да Еліг: «Әй, Өгдүлмішім, енді менің жер асым у болды» деді.

5457. Бүгіннен кейін қалай өмір сүремін. Еңсем түсіп (шөгіп) барады, қайта көтере алмаймын.

5458. Енді мына биліктің және халықтың жүгін арқалаудың не керегі бар? Бұл уайым-қайғы көңілімді тамырынан үзді.

5459. Халықты басқарған және билік ісін жүргізген бектер ісін қызметкерсіз жасамас.

5460. Қызметкер ұстау үшін күмәнсіз, мал-дүние мен тауар байлық (тауар) керек. Бұл мал-дүние болмаса, адам жиналмас.

5461. Әскерді басқарған және өмірін сарп етіп, бектердің жұмысын істеген ер не деген, тыңда.

5462. Қазына және әскер бектердің күші болды. Бұл екеуі арқылы адам өзінің өшін алады.

5463. Осы екеуі арқылы бектер жоғары мәртебеге жетер. Бұл екеуі біріксе, бектердің тәжі үлкейеді.

5464. Қара, қызметкер жинауға көп мал-дүние кетеді. Мал-дүние алуды қаласаң да, көп күш кетеді.

5465. Менің бір ғана тәнім мен бір құлқыным (тамағым) бар. Неге мұнша адамның жүгін өзім көтеремін.

5466. Қанша кедей болса да, аш қалмас. Қарасаң бұл өлім әрбір тіріден өшін алады.