Таңдау
тТ

Өгдүлміш Елігке мемлекетті басқарудың заңдарын айтады

5467. Өгдүлміш жауап берді де: «Еліг барлық шараны алдын ала қарастыру керек» деді.

5468. Оның тілінен жаман және жараспайтын сөз шықпасын; әй, білімі теңіз адам, Алла оны құп көрмес.

5469. Билік тізгінін сен өзің қалап алмадың; Алла сені таңдап, өз жарылқауымен берді.

5470. Құрметтеді, сөйтіп бұл билікті саған берді; әй, білімі терең жан, бұл үшін шүкір ет.

5471. Түзу көңіл және таза жүрекпен Аллаға табын; халыққа жанашырлықпен заң орнат.

5472. Нәпсіңді жеңіп, оны ақылмен басқар және біліммен тізгінде.

5473. Білім беруші және білімімен нәпсісін тізгіндеген кісі не деген, тыңда.

5474. Жан мен тәнің дұрыс болсын десең, нәпсіңді тізгінде; нәпсің өлсе, жан мен тәнің дұрыс болады.

5475. Қайраттан, нәпсіңе құл болма; нәпсі мен жан қалауы діннің жауы.

5476. Әй, Еліг, сен қалай әлсіз болдың? Барлық жақсылықты жасайсың, күшің мен қуатың бар?

5477. Сен неге мұнша қатты мұңаясың? Неге өмірді өзіңе ащы қыласың?

5478. Қазынаң мол, қызметкерлерің мен әскерің көп; барлық істе жол көрсететін білім мен ақылың бар.

5479. Қазынаны үлестір, қызметкерлеріңді қуандыр; олар барлық қалауыңды орындайды.

5480. Жауынгер, батыр ер не деген, тыңда; алтын мен күміс берген жауын жеңеді.

5481. Егер сен әрдайым үстем болғың келсе; қызметкерлеріңді риза қыл және марапатта.

5482. Қызметкерлеріңді риза қыл, қалауың орындалады; барлық тілегің орындалып, дұшпан басын иеді.

5483. Қызметкерлерің көп және қалың болсын, оларды риза қыл; олар да сен үшін тәтті жанын пида қылады.

5484. Қызметкерлерің және әскеріңмен кәпірлерді жең; таза көңіліңмен арқасүйерің Алладан күш-қуат сұра.

5485. Қызметкер, әскер және қару-жарақты кәпірлер үшін ұста; олармен соғыста өлу, өлу емес.

5486. Үй-жайын өрте, бұттарын сындыр; оның орнын жамағат мешіті қыл.

5487. Ұлы мен қызын тұтқындап, құл мен күң қыл; ол жерден алған мал-дүниемен қазына толтыр.

5488. Мұсылмандықты орнат, шариғатты жай; осындай тұлға болып, жақсы атың жайылсын.

5489. Мұсылманға жақындама, қол тигізбе; әй, Еліг, олардың қасында Алла бар.

5490. Мұсылман мұсылманмен бауыр; бауырға қарсы тұрма, жақсылық қыл.

5491. Халыққа заң орнат, тыныш өмір сүрсін; саған жақсылық тілеп, дұға қылсын.

5492. Алла саған мұның берекесін береді; әй, қаһарман, екі дүниең абат болсын!

Елігтің Өгдүлмішке жауабы

5493. Еліг: «Бұл сөздерді өте керемет айттың, мен де осыны жасағым келеді» деді.

5494. Әй, Ер, қанекей осы істі реттейін; мұны жасауға сен маған жәрдем бер.

5495. Әуелі халықтың ішін бір сүзіп шығып, мемлекет ісін реттейін; іш пен сыртты байланыстырушылардың мүмкіндігін қарайын.

5496. Жақсы көргендерді риза қылып, оларға ас беріп; сені жек көргендерді сүргінге ұшыратып.

5497. Бұлардан ең әуелі мемлекет ісін реттеу керек; іш пен сырттың арақ сататын орындарынан арылу керек.

5498. Осылайша ондай жұртты түгел заңмен түзеу керек; тазалану мемлекетте пайдасыз болмайды.

5499. Рахат өмір мен мемлекет заңы қайда? өзім үлгермеймін; жұмыс үстіне жұмыс қабаттасты, көз ілу мүмкін емес.

 

Өгдүлміштің Елігке жауабы

5500. Өгдүлміш жауап берді де: «Әй, бек, жұмысты созба, барлық іске өзің кіріс» деді.

5501. Жасайтын істеріңді неге кейінге қалдырасың? Кейінге қалдырма, орында, өмірің өтіп кетеді.

5502. Жұмысыңды бүгін жасамасаң, ертеңгі жұмысқа қосылады; жұмыс бірінің үстіне бір қабаттасса, қалып қояды.

5503. Сондықтан, бүгінгі ісіңді ертеңге қалдырма, ертең басқа ісің шықса, бұл орындалмастан қалады.

5504. Халқың және өзің рахат өмір сүру үшін мемлекет істеріне жіті қарап, оларды реттеп отыр.

5505. Зұлым болма, зұлымдарды жамандарға қарсы қой; барлық зұлымдардан мемлекетті тазала.

5506. Әділ бол, әділдік қыл және әрбір ісіңде әділдікті ұстан; жаман, теріс қылығың мен әрекеттеріңді өзгерт.

5507. Теріс көзқарасты, зияны көп және мемлекетке қарсы кісілерді байламайынша мемлекет ісі оңалмас.

5508. Залымдарды жаныңа жақындатпа, зияны тиеді; әрдайым ояу бол, әділ адамдармен бірге өмір сүр.

5509. Әділ, көңілі түзу, ойы, сөзі, мінезі және барлық әрекеті жақсы адам не деген, тыңда.

5510. Жамандармен араласпа, туралықтан тайма; жамандардың арасында әділ адамның күні қараң.

5511. Кім зұлымдық қылса, жолына қарсы тұр; сөйтіп қиямет күні Алланың алдында әділ бол.

5512. Әй, Еліг, саған қызметкерлер керек, басқа шара жоқ; билеушілер елдегі жамандықты қызметкерлері арқылы жояды.

5513. Мемлекеттік қызметкерлерді таңдап көптеп жинап, мол дүние бер; кедейін байытып, аштарын тойдыр.

5514. Мемлекет қызметкерлері бір нәрсені үміт етіп әрекет етеді; қызметкерлер үміттерін үзсе, тұрмайды, кетеді.

5515. Әй, Еліг, бұл мемлекет қызметкерлері бірнеше түрлі болады; оларды таңдап, бір-бірінен айыра біл, жолынан жаңылмасын.

5516. Олардың бірі абырой-атақ қалайды; оларға атақ бер, риза болсын.

5517. Тағы бір бөлігі байлық пен дүние-мүлік қалайды; оған дүние бер, жан пида болсын.

5518. Тағы бірі мал-дүниемен бірге атақ тілейді; сонымен қатар, қызмет, шапан және бедел қалайды.

5519. Егер батыр, қаһарман болса, күміс (байлық) бер; қылыш алып, саған қалалар мен ұлыстарды бағындырсын.

5520. Білімді, ақылды және таза жүректі кісі болса; құрметте, мал-дүние бер және қамқор бол.

5521. Залым және жаман кісілерді жоғарылатпа; елде оның беделін өсірме, соңында сені зар қақсатады.

5522. Өктем және залымдарды байытпа және қызмет беріп жоғарылатпа; күмәнсіз, ол сенің жаныңның емі мен дәрісін у қылады.

5523. Бөке иабғусы не деген, тыңда; халықтың ең әлсізі байыса, ханға қарсы шығар (бас имес).

5524. Әй, билігі күшті Еліг, жамандарды байытпа! жамандар байыса, мінезі мен жүрісі бұзылады.

5525. Жоқшылыққа ұшырап, мұқтаж болса, жақсылардың да әрекеті бұзылады.

5526. Мінез-құлқы жақсы адамның өзі мұқтаж жағдайға түссе, өзінің жағдайына сай мінезі бұзылады.

5527. Залымды төмендетсең уақыт өте келе әрекетін өзгертеді; жақсыға құрмет көрсетсең болмысы онан сайын жақсарады.

5528. Жанашыр кісіні өзіңе жақын ұста; ұялмайтын кісіні жаныңнан алыстат, сақтан.

5529. Қайсысы пайдалы, қайсысы пайдасыз? Әй, білімді данышпан, оларды таңдап, айыра біл.

5530. Сені жақсы көретіндер мен жек көретіндерді айыра біл; жақсы көргенді жақсы көр, дұшпанға өрттей бол.

5531. Сенің риза болғаныңды қаламайтын кісіні жақындатпа; оны басқалары да жақсы көрмесін, оған қызмет берме.

5532. Аманат пен қиянатты бір-біріне араластырма; жарамды мен жарамсызды бірге ұстама.

5533. Бір істі екі кісіге тапсырма; бір-біріне сеніп, жұмыс жасалмай қалады.

5534. Жұмысты істің ретін білетін кісілерге тапсыр; қолынан іс келмейтін кісіге тапсырсаң сынып кетеді және қайғырады.

5535. Қызмет деп, болымсыз кісіге жұмыс берме; өзіңе пайдалы болу үшін жұмысты қабілетті кісіге бер.

5536. Мемлекеттің пайдасын өз абыройыңмен байланыстыр; басқа біреудің абыройын ойлап, оған байланыстырма.

5537. Кісінің көңіліне қарама, олар өз пайдасы үшін жүреді; мемлекет пайдасын ойла, өзіңді және күшіңді құртпа.

5538. Саған кім пайдалы болса, сен де оған пайдалы бол; пайдасын тигізбеген кісіге сен де соны жаса.

5539. Елге пайда болған кісіге әрдайым құрмет көрсет; Әй, Еліг, маңызды істі оған тапсыр.

5540. Әй, Еліг, сенің жасайтын ісің мыналар; оларды орындасаң, мемлекет істерін реттегенің.

5541. Жақсы атың шығады, барлық жаман аттан құтыласың; дүниеден өткеннен кейін де атың мен сөзің қалады.

5542. Халық байысын, мемлекет және билік ісі жөнге келсін; қанша қаласаң, қазына жина.

5543. Жанашыр кісі не деген, тыңда; жанашырдың сөзі мен ісі бір.

5544. Қай мемлекеттің басшысы жақсы және әділ болса, ол мемлекеттің халқы байып, күні оңынан туады.

5545. Халықтың байлығы – мемлекет басшысының байлығы; қаласаң оны, қаласаң мұны қамтамасыз ет.

5546. Сен облыс және қала ішін ұрылардан тазарт; жолаушы мен керуен жолда қауіпсіз жүрсін.

5547. Мемлекет ішінде халыққа күш көрсеткендерді жоқ қыл; сырттағы барлық қарақшыны да тазарт.

5548. Залымды жазалау арқылы дұрыс жолға сал; жаманға қатаң қарым-қатынас ғана жарасады.

5549. Жақсылар еркін жүру үшін залымдар зынданда немесе тұтқында болсын.

5550. Мемлекет ішіндегі халық та түрлі-түрлі болады; олар жұмысын еркін жасау үшін әрбірінің аражігін айыра біл.

5551. Олардың бірі білімді ғалымдар; бұл ғалымдар адамдарды құт-берекеге қауыштырады.

5552. Оларды құрметте, айтқанын орында; шариғат жолын ұстан, мойын бұр, ізет қыл.

5553. Әй, мемлекетшіл данышпан, олардың құқығын қорға, ішетін-жейтін асын тыйма және мұқтаждыққа түсірме.

5554. Көңілі рахаттанып үйретсін; білімсізден олардан үйренсін.

5555. Бұлардан кейін әкімшлік қызметкерлері бар; әй, билікті ер, бұлар қуатты болу керек.

5556. Босқа жүрген, бетімен кеткен және пасықтарды тәртіпке салсын; мешітті жамағатқа толтырсын.

5557. Одан кейінгі қауым сенің қызметкерлерің; тыйып ұстамаса, саған қарсы шығатындар осылар.

5558. Бұлар жүк көтермес, қызметтеріне сай бұлардың жүгін өзің артасың.

5559. Бұлардан кейін қара халық қалды; бұларды заңмен басқар және жақсы қара.

5560. Бұлар үш деңгейлі, олардың әрбірін тани біл; оларды қинама, қинасаң елге жұт болады.

5561. Бұлардың бірі – байлар; әй, билікті ер, олар халықтың күштілері.

5562. Бұлардан кейінгі орта деңгейлі кісілер; бұл орта деңгейлі кісілер байлардың атқарған ісін жасай алмас.

5563. Бұлардан кейін кедейлер бар; барлығынан бұрын осылар қорғалу керек.

5564. Байлардың жүгін орта деңгейлі кісілерге артуға болмайды; олай болса, орташалар бұзылады және құриды.

5565. Орташалардың жүгін кедейлерге артпа; кедей аштан өліп, түп-тамырынан үзіледі.

5566. Кедейді қорғасаң, орта деңгейге көтеріледі; бұл орташалар өз-өзін қолға алса, бай болады.

5567. Кедей орта деңгейге жетсе, орташалар бай болады; орташалар байыса, мемлекет бай болады.

5568. Мемлекет дамып, халық рахат өмір сүреді; ол уақытта сен үшін дұға қылушылар, тілеуіңді тілейтіндер көбейеді.

5569. Үш Орданың ханы не деген, тыңда; әй, өткінші адам, жақсы атты болуды тіле.

5570. Кімнің жақсы аты шығып дүниеден өтсе; оның аты хайырлы дұғаға қосылып айтылар, аты өшпейді.

5571. Кім дүниеден өтіп, жақсы аты дұғамен еске алынса; ол қайта туған және жаңа өмір бастағандай.

5572. Жақсы атың шығып, абыройлы болғаннан кейін жердің үстінде де, жердің астында да бірдей құрметің болады.

5573. Жақсы ат, абырой керек, тән бір күн өледі; тән өлсе де, жақы аты қалса мәңгі ұмытылмайды.

5574. Салық төлеп отырған, саған бағынышты халықтың сенде үш түрлі хақысы бар; бұл хақыңды өте, күш қылма.

5575. Біріншісі, мемлекетте ақша (күміс) таза болсын; әй, білімі көп кісі, жалған ақша жасалмауын қадағала.

5576. Екінші, халыққа әділ заң орнат; бірінің екіншісіне күш көрсетуіне жол берме, қорға.

5577. Үшінші, барлық жолдарды қауіпсіз қыл; қарақшы мен тонаушылардан тазала.

5578. Сен олардың хақысын өтеген боласың; сонда сен де өз хақыңды талап ете аласың, әй, жомарт Еліг.

5579. Салық төлеп отырған, саған бағынышты халықта сенің үш хақың бар; олардан оны талап етесің, құлағың сал, тыңда.

5580. Бірінші, жарлығыңды құрметтесін; ол қандай болса да, орындасын.

5581. Екінші, қазынаға төлейтін салықтан бас тартпасын; уақытылы төлесін, әй қолы жомарт адам.

5582. Үшінші, дұшпаныңды дұшпан деп білсін; досыңды дос деп танысын.

5583. Сонда сен де олардың, олар да сенің хақыңды өтеген болады.

5584. Әй, жоғары лауазымды, бұл билік жолында Еліг осындай болу керек; саған бағынышты халық та сондай болу керек.

5585. Осылайша халық басшысының игілігін көреді; басшы да рахат өмір сүріп, абыройы артады.

5586. Әй, Еліг, саған екі дүниенің нығыметі мен құт-берекесі, күмәнсіз осы.

5587. Одан кейін ғалымдар әрекет етіп, ықыласпен халыққа білім берсін.

5588. Және әкімшілік қызметкерлерінің қолында билік болсын; олар көпшілікті аралап, жамандықты тоқтатсын.

5589. Саудагерлер аманатын сақтасын; ұсталар насихатын айтып, шәкірт тәрбиелесін.

5590. Егінші егінге кәсіби мамандансын; жылқышылар малын өсіріп көбейтсін.

5591. Енді саған қызмет қылатын мемлекеттік қызметкерлер қалды; жауға да, бөріге де қарсы жорытушы осылар.

5592. Бұларға ас және мал-дүние беріп қуандыр; назар аудар, бұларға басқа жұмыс тапсырма, тапсырылса қайтып ал.

5593. Пайдасы тигені үшін ас бер және құрметте; жалақысын арттырып, лауазымын жоғарылат.

5594. Жауға, бөріге қарсы қаруы сай болсын; досқа болысып, жауды өлтірсін.

5595. Осылайша барлық достарың іріктеледі, анықталады; барлық істерің де тазаланады, реттеледі.

5596. Саған екі дүниенің игілігі болсын, Алланың ризалығы болсын.

5597. Назар аудар, әділдік мынау: әділ баға бер, әділ бол; әділдік сені тілегіңе жеткізеді.

5598. Әділдігің үшін сен Алла сүйсін; халыққа әділдіктен басқа нәрсе қылма, өштеспе.

5599. Көңілі жарық кісі не деген, тыңда; қара, мұның мағынасын бұл сөз дәлелдейді.

5600. Әділдік болғаны үшін көк аспан құламай сау тұр; қозғалмағасын жерде шөп өнеді.

5601. Оң-солға жайылма, тура тұр, көңілің дұрыс болсын; әділ болған адам екі дүние әділдік көреді.

5602. Әй, Еліг, мен білгенімді, ішімдегі және жасырын болғанды айтып бердім.

5603. Екі дүние үшін пайдалы сөздер – осы айтқандарым, оны өзім баяндадым.

5604. Бұл әлемнің рахаты мен жақсы аты саған болсын, ақыретке ұлассын.

5605. Бұ дүниенің барлық мал-дүниесі қалады; өзің өлесің, жақсы атың қалсын.

5606. Білімді кісі бұған ұқсайтын, мағынасы төркіндес жақсы сөз айтыпты.

5607. Өзім өлсем де, жақсы атым болсын; тірі міндетті түрде өледі, атым қалсын.

5608. Мүмкіндігінше жақсылық қыл, жақсы атың қалуын тіле; жақсы атыңмен мәңгі жаса.

5609. Еліг бұл сөзді естігенде қатты риза болды. Көңілі (жадырап), көзі жайнап, өмірдің мәнін ұқты.

Елігтің Өгдүлмішке жауабы

5610. Өгдүлмішті мақтап, көп алғыс айтты; «Сен өз білгеніңді айттың» деді.

5611. Бұл күннен кейін Алла маған таупиқ берсін; сен айтқан сөздерге мән беріп, орындайын.

5612. Раббым маған сендей көмекші берді; тілек тілесем беретініне сенемін.

5613. Сен менің барлық қалауымды орындадың; әй, игі бақыт, Алла сенің де барлық тілеуіңді берсін.

5614. Бұдан былай жанашырлығыңмен сен маған көмекші бол, әй, көңілі жақын адам!

5615. Мен саған шынымен иланып, сенім білдіремін; ойыңды менен жасырма, ашық айт, әй, көрікті жан.

5616. Сен менің жарқыраған күнімсің; сенің арқаңда мен өз мінімді көрдім.

5617. Көңілі кең, ойы мен сөзі бір болған досым өте жақсы айтыпты.

5618. Көңілің кімге сенсе, оны айна деп біл; өзіңді көру үшін оны алдыңда ұста.

5619. Жанашыр кісі өзіңе айна болады; оған қарап, мінез бен әдетіңді түзейтін бол.

5620. Кімнің көңілі біреуге жақын болса және шынымен жақындық танытса, оған сенуге болады.

5621. Сөзді сенген адамнан сұрау керек; оның сөзін де ұстану керек.

5622. Өгдүлміш Елігтің сөзін тыңдады; қуанып «әрине» деп көзі жайнады.

5623. Еліг көңілі жайланып, сөзін тоқтатты; Өгдүлміш тұрып, ол жерден шықты.

5624. Еліг одан соң бар рахатты жиып қойып, мемлекетін дамытты, реттеді және көп еңбек сіңірді.

5625. Жаманды алыстатты, көр, барлығы жақсылар; оларды өзіне жақын қылды және өсуіне жол берді.

5626. Мемлекет залымдардан тазарды және халық дамыды; халықтың өкпе-назы тоқтап, көп уақыт рахат өмір кешті.

5627. Мемлекет пайдасының арқасында халық өмірдің дәмін татты; сүйінді, күлімдеді, рахат өмірге шүкір етті.

5628. Еліг Өгдүлмішті қадірледі, оған сенім артып, барлы істі тапсырды.

5629. Өгдүлміш біраз уақыт осылай жүрді. Уайым, қайғысы әбден шегіне жетіліп, өз-өзін жеді.

5630. Өзіне қарады, мінезі мен істеп жүрген ісін, өмірі мен жастық шағын босқа өткізгенін көрді.

5631. Көзі, көңіл сарайы жарқырап ашылды. Көңіл түкпірін тазалағысы келді.