Таңдау
тТ

Өгдүлміш өткен өміріне ашынып, тәубеге келгенін айтады

5632. «Мен ғапылдықта жүріп өзімді бақыттымын деппін. Ғапылдықпен өмірім босқа өтті» деді.

5633. Бойымнан күш-қуатым кетіп барады. Аяғымның жаны кетіп, қолыма таяқ ұстадым.

5634. Өкінді. «Өкінішті, күнім етті, өмірім бітті, түнім қараңғыланды» деді.

5635. Армандарым орындалып, нығыметімді өгіздей жедім һәм біліп-білмей өгіз құсап өмір сүрдім.

5636. «Мен ғапылдықта жүріп өзімді бақыттымын деппін. Күнімді бостан бос өткізіппін» деді.

5637. Бойымнан жастық күш-жігерім де кетіп барады. Жігіттік жағыма ішім ашып, күйіп жандым.

5638. өмірімнің соңына жеттім, өлім жақындады. Өлімге қарсы шара жоқ, құтылар жол жоқ.

5639. Шашым сұңқардың түсіндей бозарды. Сақалым жазғы шөптей қуарды.

5640. Назар сал, маржандай аппақ отыз екі тісім тамырынан үзіліп, біртіндеп шашылды.

5641. Көздерім күндік жерді көретін еді. Қарауытты, қасындағы адамды көрмес.

5642. Құлақ түрсем алыстағыны естуші еді. Бүгінде қолыммен ымдасатын болдым.

5643. Басым құзғынның түсіндей қара еді. Басыма аққу қонды, жасым келді

5644. Бүгін Баятқа (ежелден бар Тәңірге) өзім қайтатын болдым. Күнәларым үшін жылаймын дауыстап.

5645. Орнымнан тұрып Баятқа (ежелден бар Тәңірге) өзім қайтатын болдым. Күнәларыма кешірім тілеп, дұға қыламын.

5646. Енді пайдасыз нәрселерді тастап, көңілімді күмәннан арылтып, тазалайын.

5647. Өзі тәубе қылғысы келді. Күнәсін кешіруін тілеп, Баятқа (ежелден бар Тәңірге) сиынды.

5648. Сосын ойланып алды, асықпайын деп. Асығу зиынды, оны қылмайын.

5649. Ең әуелі бұл істе кеңесу керек. Бойымнан пайдасыз нәрсені азайту керек.

5650. Әрбір істі түсініп, сосын кеңесіп істеу керек. Шаруаны кеңеспей істеген (адам) өкінді және зиян көрді.

5651. Шешен кісі не деген, тыңда. Жасайтын әрбір істің емі – кеңесу.

5652. Кеңесуші өз жақындарымен кеңесу керек. Әртүрлі іс кеңесу арқылы жүзеге асады.

5653. Кісі әр ісінде кеңесіп отырса, оңынан болады. Кеңеспеген кісі кейін өкініште болады.

5654. Енді мен туысымды алдына барып, бұл шаруамды айтып, онымен кеңесейін.

5655. «Жарайды» десе, мен бұл істі жасайын. Кеңесейін, «жарамайды» десе қалсын.

5656. Адам өз ісін өзі жетік білмейді. Басқаға тыңдатып, айту керек.

5657. Кеңессе, адамның білімі артады. Кеңескенде адам білімге сүйенсе, нәтижеге қол жетеді.

5658. Кеңескен кісі не деген, тыңда. Адам өз ісін кеңесу арқылы реттейді.

5659. Не істегің келсе де, кісімен кеңес. Кеңеспейтін кісімен араласпа, алыста.

5660. Қай іске кіріссең, әуелі кеңес қыл. Тілеген арманыңа кеңесу арқылы жет.

5661. Кешке жатты, ерте тұрып, дәрет алды. Атына мінді, назар сал, Елігтің алдына барды.

5662. Рұқсат алып, Елігтің алдына барды. Еліг оған құрмет көрсетіп, орын берді.

Өгдүлміштің Елігке сауалы

5663. Елігтен өтінді: «Мен бүгін туысыма барғым келеді» деді.

5664. Егер рұқсат етсеңіз сонда барайын. Зиярат қылып, тез кері қайтайын.

Елігтің Өгдүлмішке жауабы

5665. Еліг: «Барғын, оған менен сәлем жеткіз, әй, білімі толық жан» деді.

5666. Баятқа (ежелден бар Тәңірге) тікелей сырын ақтарып, дұға қылғанда мені ұмытпасын.

5667. Баяттан (ежелден бар Тәңірден) күнәмнің кешірілуін тілей берсін. Кәрим (Алла) дұғасы арқасында кешірім қылар.

5668. Өгдүлміш «Құп болады» деп орнынан тұрып шықты, үйіне келіп түсті, қабағы жазылды.

5669. Дүниенің өңі алтынның түсіндей болды. Күннің жақұт өңі заферанға (өсімдіктің бір түрі) айналды.

5670. Көк жүзі қабағын түйді, жүзін түнертті. Барша адамның көзін ұстап байлады.

5671. Намазын қылды, төсегіне келіп жатты. Ол біраз ойланды, біраз ұйықтады.

5672. Біраз ұйықтады, біраз ояу жатты. (Уайымнан) туған ойлары жатқызбады, орнынан тұрды.

5673. Жатқысы келді, жатты, ұзақ ұйықтады. Өз-өзінен шошып оянды.

5674. Екі көзі қайта жұмылмады. Ояу жатты, ойдан өзін тоқтатты.

5675. Назар салды, әуелі қара құс (Юпитер) туып, жалындай болып жерден көтеріліп келеді.

5676. Сосын Иылдырық (жұлдыз аты) мен Айғыр (жұлдыз аты) жарқырады. Қатарына Ерентір (жұлдыз аты) тізілді. Өзің анықта.

5677. Құс қалықтады, көкке қарай өрледі. Шет тілде Забур сүресін оқып сайрады.

5678. Күн көтерілді, шығысқа қарай қарады. Жерден жоғары қарай көтерілгенін көрді.

5679. Жерден жоғары қарай найза атқылады. Көк жүзі жалын мен отқа ұқсас болды

. 5680. Дүние сүйіктіңнің күлімдегеніндей жарқырады. Уайым қысқа, қуаныш ұзақ болды.

5681. Сосын тұрды, дәрет алды, намазын қылды. Атына мінді, тауды бетке алып, желіп кетті.

5682. Жеткенде атынан түсті, есікті ақырын қақты. Туысы құлшылығын тоқтатып, есікті ашты.

5683. Өгдүлміш көргенде сәлем берді. Қара, Одғұрмыш қайтара жауап берді.

5684. Қол алысып тұрды да үйге кірді. Туысы сөз бастап, сұрады.

Одғұрмыштың Өгдүлмішке сауалы

5685. «Әй, бауырым, неге келдің айт. Сенімен кездескелі әлі бір ай болмады» деді.

5686. Мен сенің көңіліңнің түскенін көріп тұрмын. Қызыл шырайлы жүзіңнің сарғайғанын көрдім.

5687. Қандай қайғы жетті, халың қалай? Сөйле, сен маған ашығын айт.

Өгдүлміштің Одғұрмышқа жауабы

5688. Өгдүлміш жауап берді де: «Бауырым, замана оғы тиді, көңілім жараланды» деді.

5689. Уақыт, заман үгіт-насихат беріп жарқыратса, жүрек өлген болса да, тіріледі.

5690. Өзімнің ғапылдығымнан көңілім ұйықтап қалған. Замананың насихаты мені оятып берді.

5691. Көңіл көзімен қарап, салмақтадым. Өзімнің тура жолдан адасқаныма таң қалдым.

5692. Өмір соңына таяды, жүгім ауырлады. Күнәмнан қайтатын уақытым келді.

5693. Өмірімді кісіге қызмет етуге жұмсадым. Ғапылдықпен ұйықтап, Баят (ежелден бар Тәңір) құлшылығы қалды.

5694. Дүние келе берді, өмір өтіп барады. Өмір бітті, бірақ бұ дүние қалады.

5695. Өмір сүру үшін дүниені армандадым. Өмір бітті, баянсыз дүниенің не керегі бар?

5696. Мінекей, бүгінгі күнім де өтіп жатыр. Келер түнім пайдама жарар ма?

5697. Шашым жазғы шөптей болып қурады. Сақалым сұңқардың түсіндей болып бозарды.

5698. Ертеңгі күнге дайындалуым керек. Ертеңгі ісім ойдағыдай жүзеге асу үшін, әй, зерек жан.

5699. Оған мысал ретінде мынадай сөз бар. Бұл сөзге амал ет, әй, көңілі түзу жан.

5700. Мен өткен өміріме өкінемін. Енді қалған күнім қалай өтеді, әй, жүзі көріктім.

5701. Жігіттің күнім босқа өтті, күнәлімін. Енді келер түнің босқа кетпесін.

5702. Ертең болар іске бүгін дайындал. Білімді, зерек адам маған осылай айтты.

5703. Құлшылық амалды бүгін жаса, ғапыл болма. Бүгін жасасаң, ертеңге дайындық жасағаның.

5704. Өгіз құсап жедім, іштім, босқа жүрдім. Уақыт өтпей тұрып, ашығып, шөлдеп қинайын өзімді.

5705. Көп арманға қол жетіп, көп нығымет жеп әбден семірді. Бүгін уақыты келді, арытайын.

5706. Қалауынша тұрып, рахаттанып ұзағынан жатты. Бүгін енді тікесінен тік тұрсын.

5707. Өзіне көп кісіні дұшпан қылды. Ісін реттеп, разы қылайын.

5708. Көп кісіге тіліммен, қолыммен зиян тигіздім. Бүгін тіліммен олардан кешірім сұрайын.

5709. (Талай) кісіні басындым, көп жүрдім. Әй, аяулы адам, енді өзімді жөнге салайын.

5710. Қашқынмын, Иемнен қашып жүрген жаманмын. Бүкіл тұла бойым күнәға көмілді.

5711. Бүгін тәубе етіп, өзіме келейін. Иемнен мұның кешірімін тілейін.

5712. Өлім келмей тұрып, құлшылық қылайын. Өлім келсе, құлшылық құр босқа қалады.

5713. Білімі терең кісі не деген, тыңда. Әй, көңілі қатты жан, саған үгіт айтады.

5714. Өлімнен бұрын райыңнан қайт, өзің жинал. Өлім келсе, өкіну пайда бермейді.

5715. Өлімді ұмытпа, тәубеге дайындал. Ғапыл болма, өлім келіп, жағаңнан алады.

5716. Жігіт шағыңда құлшылығыңды жаса. кәрілік келсе, ешбір күшің қалмас.

5717. Өмірді бағала, құлшылық қылуға асық. Өлім келмей тұрып, оң-солыңа қара, оян.

5718. Өлім келмей тұрып ояу бол, сақтан. Өлім келсе, қара, пайдасы болмас.

5719. Мен енді ол жерден шығып, саған келдім. Жақсылап ойланып, бұл істе кеңес бер маған.

5720. Сен менің жанашыр бауырымсың. Дұрысы қайсы, айтып бер, батыр.