Таңдау
тТ

Одғұрмыштың Өгдүлмішке кеңес бергені айтылады

5721. Одғұрмыш жауап берді де: «Бауырым, сөзімді тыңда, әй, көңілі жақын жан» деді.

5722. Өзің өте жақсы ниет қылыпсың. Баят (ежелден бар Тәңір) таупық берсін, көзіңді ашсын (жарқыратсын).

5723. Бұл іске білімнің бір түрі ғана емес, қол жеткізу керек көптеген нәрсе бар.

5724. Оның бірін айтайы, тыңда. Дұрысын қара, толық түсін, соған сай амал ет.

5725. Бүгін сол жерде болу сен үшін жақсырақ. Бұл жерде тұру маған жақсырақ.

5726. Бүгінде сенен Елігке тиетін пайда көп. Пайдаң тимесе, қарғыс, сөгіс болады.

5727. Назар сал, Еліг саған мемлекет ісінде билік берді. Барлық жақсылықты жасап жүрсің, жақсы атың шықты.

5728. Халық молшылыққа кенелді, мемлекет ісі реттелді. Дұға қылудан салық төлеуші халықтың тілі бір тынбайды.

5729. Пайдалы адам не деген, тыңда. Пайдалы адам – адамдардың озығы.

5730. Қара, адамдар арасындағы (нағыз) адам кім? Адамдарға пайдалы болғандары.

5731. Адамға пайдасы жоқ адам – адамның өркөкірегі. Пайдалы кісінің пайдасы елге толық (жетеді).

5732. Адамның көңілінде ниеті ізгі болса, дүниеде ісі қалағанындай іске асады.

5733. Жақсылыққа ниет еткенге жақсылық келеді. Оны жасай алмаса да, (жасағандай) сауабын алады.

5734. Қауіпсіздік пен (әділ) заң мемлекеттің тыныштығы. Еліг те, халық та саған разы.

5735. Әділ (ізгі) заң және дұрыс ереже түгел орнады. Елдегі жамандар айла мен алдауын қойып, жоқ болды.

5736. Егер сен бұларды тастап, бері келсең, бұл істер бұзылады, сен өкінесің.

5737. Заң мен ереже қайта өзгереді. Мемлекетің бұзылады, жасағаныңның бірі де қалмайды.

5738. Сенің орныңа бір залым отырады. Халықты зар қақсатып, бір тыныштық бермейді.

5739. Елігтің ісін зұлымдық жолға бұрады. Залымдар зұлымдық істерін орнатып, жаман із қалдырады.

5740. Бір Баят (ежелден бар Тәңір) мұның (есебін) сенен сұрайды. Баяттың (ежелден бар Тәңір) сұрағы бар және ізгі атыңды қалдыр.

5741. Зұлымдық қылма һәм заңды аяқ асты етпе. Зұлымдық қылушыларға мүмкіндік берме.

5742. Көңілі, мінезі тура адам не деген, тыңда. Саған насихат айтады, қара, мұны ұмытпа.

5743. Залыммен аралспа, заңды аяқ асты қылма. Зұлымдық қылушыларға сен мүмкіндік берме.

5744. Өзің ізгілік қыл, әділ (ізгі) заң орнат. Екі дүниеде жамандық көрмей өмір сүр.

5745. Баят (ежелден бар Тәңір) саған таупық берді, ізгілік қылуға және барлық ізгілікке қол ұшын беруге.

5746. Бұл игіліктерді не үшін бұзасың? Әй, көңілі тірі жан, саған зияны тимесін.

5747. Сен мемлекеттің пайдасын құртып, өз пайдаңды тәрк етіп, бұл жерге келіп не тілейсің?

5748. Маған мұнда жақсырық дегенімді саған өзім айтайын, әй, жүзі көріктім.

5749. Өзім мал-дүние және биліктің (дәулет) не екенін білмедім. Арман, қалауға көңіл бөлмедім.

5750. Халықпен араласып, жүрісімді түземедім немесе бектермен бірге болып, жүріс-тұрысын үйренбедім.

5751. Өзім бұл дүниенің мал-дүниесін көрмедім, жақсы және жаман кісілердің жағдайынан да (хабарым жоқ).

5752. Мен бұл жағдайды біле тұра барсам, құлшылықты тәрк етсем, өте болар еді.

5753. Алтын және күміс көрмеген адам оны тосыннан тапса, мінезі өзгеріп, көп сөгіс естиді.

5754. Әлемді шарлаған қытай керуені мен сарттардың басшысы не деген, тыңда.

5755. Кедей әрі мал-дүниесіз өмір сүрген кісі байыса, ізгі амалдарын тәрк етеді.

5756. Егер кедей адам тез бай болып байыса, ол тура жолдан тез таяды.

5757. Егер мемлекет қызметін жасап көрмеген адам мемлекеттік қызметке келсе, бүкіл болмысы бұзылып, елге жұт әкеледі.

5758. Ел билеп көрмеген адам мемлекетке басшы болса, халыққа тілімен һәм қолымен зұлымдық қылады.

5759. Сен мал-дүние мен мемлекет қызметін түгел көрдің. Көңіліңді орнықтырып, нәпсі мен тән қалауын тізгіндедің.

5760. Көзің тойды және көңілің тыныштық тапты. Сен Елігпен бірге ізгі жолда жүрсің.

5761. Мұның барлығы Баяттың (ежелден бар Тәңірдің) игілігі еді. Барлық игілікті берді, жүзің қуанды.