Таңдау
тТ

Әділдікке әділдік, адамдыққа адамдық қылуды айтады

5762. Бұл бір түрі, тағы бірін тыңда, мен оны анықтап айтайын.

5763. Еріксіз ұмыттың ба әлде жабылды ма? Нендей пайда көріп бұл жолды ұстандың.

5764. Сен білесің, бұ дүниеде пайдалы кісіге мақтау көп, әй, қадірлім.

5765. Дүние жаралғалы заңы мен қағидасы болған болса, оның білгісі – адамдыққа адамдық.

5766. Адам жақсылыққа жақсылық қылады. Бір жақсылыққа он жақсылықпен жауап береді.

5767. Кімнің тегі атасынан таза болса, одан елге жақсылық пен пайда келеді.

5768. Егер анасы жасырын ұрлық суын алса, сосын ол ұл туса, одан халыққа жұт келеді.

5769. Енді сен Елігтің игілігіне мән бер. Өзің одан жейтін, киетін нығымет таптың.

5770. Бүкіл қабілет, білім және ақылыңның жетілуіне Еліг себеп болды, соған қақпалар ашылды.

5771. Саған лауазым, дәреже беріп, ұлық қылды. Игілік қақпаларын саған ол ашты.

5772. Сонда бұл игіліктерді ұмыттың ба? Әй, көңілі тірі жан, оған жауап қайтармадың ба?

5773. Әй, бауырым, мен қатты сөз айттым. Ашуланба, ұрыспа, көңілің жараланбасын.

5774. Шындық сөз – қатты және көңілге ащы. Санаңа сіңірсең, оның пайдасы ләззәт сыыйлайды.

5775. Егер саған қатты сөз айтылса, ашуланба. Шындық сөз қатты, оған өзің қатуланба.

5776. Енді бұған ұқсас бір сөзім бар. Сен мұны тыңда, әй, жүзі көріктім.

5777. Шындық сөз ащы, оны санаңа сіңір. Ертең пайдасы тиеді, сені ләззатқа бөлейді.

5778. Шындық сөз, қарасаң, көңілге ащы әрі қатты. Қатты сөз шын. Ол шын сөз кәне?

5779. Сен кішкентай бала кезіңде әкең қайтыс болды (өлді). Білім мен қабілетің жетіліп, жүзің қуанбаған еді.

5780. Еліг алды, ойланып көр, сені өсірді. Енді соның арқасында адам санына қосылдың.

5781. Мына құл, күң, ат, айғыр, жер және судың барлығы саған Елігтен тиіп, дәулет қақпасы ашылды.

5782. Өзің түрлі нығымет пен игіліктерге ие болдың. Атағың жайылды, мемлекетте даңқты болдың.

5783. Енді саған бұларға қарсы тұру, өзің жау құсап теріс айналу жараса ма?

5784. Пайдаң тиетін уақытта сен одан қашып, жырақ тұрсаң, жүрегін ауыртып қалдырасың.

5785. Еліг саған барлық игілікті жасады. Күлік (Даңқтым), жауап қайтару керек емес пе?!

5786. Адамдар сені көргенде қошеметтеп мақтасын, пайдалы адам деп мемлекетте атың жайылсын.

5787. Адамның жақсысы не деген, тыңда. Нағыз адамның белгісі – адамгершілік болады.

5788. Адамгершілік қыл, ұлық кісі бол. Адамдық жолын адам осылай қалдырды.

5789. Адам бол, адамға адамгершілік қыл. Адам деген мақтаулы атты ал.

5790. Еліг саған жақсылық қылды. Ол жақсылықтың жауабын жақсылықпен қайтар.

5791. Жауап берген адам – адамның жақсысы. Халықтың дарасы, адамдықтың білгісі.

5792. Білімсіз, қадірсіз, кішкентай бала едің. Сені ол қолдады, қызмет беріп өсірді.

5793. Жаның мен тәніңді енді оған пида қыл. Ұйықтап жатпа, күні-түні оның жұмысын жаса.

5794. Ол жақсылығына жауап ретінде жақсылығың дайын болсын. Баят (ежелден барТәңір) саған да ізгілікпен жауап береді.

5795. Көңілі жақын, жанашыр, адамгершілік қылушы адам не деген, тыңда.

5796. Сен кімнің асын ішсең, соның ісін жаса. Жанашырлығыңды арттыр, халалдап же асыңды.

5797. Адамның берген дәм-тұзының хақысын сақтап, жегізушілердің жолына басыңды бер.

5798. Бүкіл арман, тілегіңе жеттің, ізгі жолдасың. Бүгін сен оған жақсылығыңмен пайдаңды тигіз.

5799. Жібек кидің, үстіңе жібек жамылдың. Сені көре алмаушылардың көзі ұясынан шықты.

5800. Сен енді Елігке жақсы ат әкел. Оны көрген дұшпан мойындап, жат жұрт басын исін.

5801. Рахат өмір сүріп, барлық арман, тілегіңе жеттің. Бұқадай мойын мен жалыңды күдірейттің.

5802. Енді бұл күшіңді Елігтің ісіне жұмса. Дұға етушілер артсын, жақсылықта ұзақ өмір сүрсін.

5803. Сен әлемнің байлығын жинадың, бай болдың. Кеуел (арабы жылқы), арқуны (жабайы жылқы мен жергілік байталдан туған ат), тазы (парсы жылқысы) және тай міндің.

5804. Бұл малыңды қолдан, Еліг жолына пида қыл. Тілеуі болсын, жүзінің шырайы кірсін.

5805. Еліг бүгінде тағында рахаттанып отырсын. Жаулары алыстан кішірейіп келіп, жер сүйсін.

5806. Ол билік берді, сөзіңнің үкімін жүргізді. Жақсы көргендер мен жақсы көрмегендер де саған қарады.

5807. Досым, сен енді дұға етушілерді көбейт. Сенің қызметің мен жасың ұзақ болсын.

5808. Кісі асылы жақсылықты осылай қылады, оның аты әлемде мәңгілікке қалады.

5809. Тазы тілінде жақсы айтқан екен. Кісінің тегін білуге жол ашқан.

5810. Кісінің тегіне әрекеті дәлел. Әрекеті қандай болса, тегі де сондай.

5811. Кімнің тегі ізгі болса, мінезі де жұмсақ. Залымның тегіне өз әрекеті дәлел.

5812. Әй, табиғаты таза жан, Елігтің болмысы өзгерсе, қайтадан бұрынғысына өзгерт, біліммен насихат бер.

5813. Еліг бүкіл игіліктердің басында тұрады. Бұл игілікті тастап, өзің алыстама.

5814. Маған сеніп, кеңес қылдың. Өзімнің бар білгенімді саған айттым.

5815. Менің айтқаныма һәм өзіңнің білгеніңе қарап, салмақтап көр, жолың ашылғай.

Өгдүлміштің Одғұрмышқа жауабы

5816. Қара, Өгдүлміш қуанды да: «Бауырым, адамгершіліктің басы осылай болу керек» деді.

5817. Бүгін бұл сөздерді жақсы айттың. Менің мәселемнің түйілген түйіні шешілді.

5818. Маған түсініксіз еді, мына сөзің қандай (керемет). Түсініксіз нәрсені жойып, сен анықтап айттың.

5819. Енді бұл тілек, қалауымнан бас тарттым. Баят (ежелден бар Тәңір) арқасүйерім, жәрдемшім болсын.

5820. Ием мені қорғасын, көңілімді түзесін. Көзқарасым мен амалымды туралықтан айырмасын.

5821. Маған дұғаңмен жәрдем, көмек қыл. Сен мені ұмытпа, саған өсиетім.

5822. Сөзін тоқтатты, орнынан тұрды. Қоштасты, атына мініп, бері келді.

5823. Үйіне келіп (атынан) түсті, жүріп барып кірді. Тамақ, сусынын жеді, біраз уақыт тыныштықта тынықты.

5824. Шашағын шашуын тоқтатып, жарық жүзін жасырды. Көк жүзі тұлдыр тонын киіп, белін байлады.

5825. Күн өрілген шашын шешкендей болды. Дүниенің іші тиін мен құндыз өңіне айналды.

5826. Төсек дайындатты, жатты, біраз тынықты. Біраз уақыт тәтті, тыныш ұйықтады.

5827. Оянды, жан-жағына қарады, басын көтерді. Көк жүзі қыздың күлімдегеніндей тісін көрсетті.

5828. Күн басын көтерді, жүзін, келбетін ашты. Дүние жүзі ақ құстың өңіне айналды.

5829. Қара, Өгдүлміш тез орнынан тұрды. Дәрет алып, таң намазын қылды, тамақтан дәм татты.

5830. Атына мінді және хан сарайына барды. Түсіп, Елігтің (кабинетіне) қарай барып кірді.

Елігтің Өгдүлмішке сауалы

5831. Еліг одан Одғұрмышты сұрады: «Көзқарасы кәміл адам есен-аман бар ма» деді.

5832. Не дейді, мені дұғасында ескере ме? (Адам) дұғамен Баяттың (ежелден бар Тәңірдің) қаһарынан аман қалады.

5833. Адам дұғасы арқылы игілікке жетеді. (Адам) дұғамен мәңгілік ұжмаққа жетеді.)

5834. Дүниеде бұл игілік дұғасы жоқ болса, жамандық жер бетінен шаңдай көтерілер еді.

Өгдүлміштің Елігке жауабы

5835. Өгдүлміш жауап берді де: «Дұрыс айтасыз, білімге сай келеді» деді.

5836. Туысым бүгін онда жалғыз. Бізді уайымдап, дұға қылып, тілек тілейді.

5837. Бізден де ғапыл басқа кім болар? Біз күнә қыламыз, ол дұға қылады.

5838. Бүгін ол Елігке жанашырлықпен және шынайы ықыласпен дұғасынан тастамайды.

5839. Одан жанашыр басқа тағы кім болар? Өз қайғысын тастап, біз үшін тілейді.

5840. Әй, Еліг, бізден де ғапыл кім бар? Өміріміз босқа кетті, құлшылыққа қолымыз тимейді.

5841. Өзімізді қалаған нығыметпен семіртіп, рахат өмірге алданып, өзіміз жатырмыз.

5842. Соңында тәніміз өледі, құрт, жылан жейді. Жанымыз шығып кететін болса, өкініштен басқасы жоқ.

5843. Ақылдының сөзі не деген, тыңда. Бұл сөзге амал етсе жеткілікті, әй, қозы.

5844. Тән семірген болса, жылан, құрт дайын. Өзіңнің қуанышың болса, өтпелі қонақсың.

5845. Бұл өмір түстей өтіп кетеді. Өмірдің өтеріне өткен күнің дәлел.

Елігтің Өгдүлмішке жауабы

5846. Еліг жауап берді де: «Әй, данышпан, адам өзін қалай ұстайды, қалай қорғайды» деді.

5847. Маған сенен басқа жанашыр жоқ. Мен енді саған сеніп, иланамын.

5848. Мен енді үйімнің ішінде бейқам жатырмын. Әй, білімі кемел жан, барша ісім сыртта.

5849. Көзім де, құлағым да сенсің. Сен көр, тыңда, лайықсыз нәрсе көрсең, көре тұра тастама, ретте.

5850. Менен көмек, жәрдем керек болса, маған айт, мен ол істің бір емін қылайын.

5851. Қызметкерлер не қылсын, екіндіні бер. Мені оған босқа жүгіртпе, қуануымды тіле.

5852. Залымдар қолдарын халықтан тартсын. Білімсіз залымдар өлсе, білімді қалады.

5853.Халық байысын һәм мемлекетім дамысын. Менің мына тілім сол үшін шүкір қылсын.

Өгдүлміштің Елігке жауабы

5854. Өгдүлміш жауап берді де: «Әй, бек, әй, адамдардың жақсысы, Баят (ежелден бар Тәңір) таупық берсін» деді.

5855. Қара, тілегім де, керек еткенім де осы. Тәңірі тура және ізгілік жолын аша берсін.

5856. Елігтің бағы жанып, рахат өмір сүрсін. Бүкіл қиындық (бас ауру) пен бейнет маған болсын.

5857. Сенің жолыңа өзімді жан пида қылдым. Әй, ұлық билеушім, сен рахат өмір сүр.

5858. Бүгін сенен сұрайтын бір ғана қажетім бар. Сен оны ақылға салып, разылықпен, мақұл көр.

5859. Білерсің, бектер кімді жақын тұтса, адам оның бүкіл бары мен жоғын түгендейді.

5860. Сен маған қанша жақсы қарасаң да, жамандаушылар жамандағанда қабағың түйіледі.

5861. Батыр, ержүрек адам не деген, тыңда. Назар сал, ол бұл үгіт пен насихатты адамға біліп сөйлеген.

5862. Адамның жүрегі (көңілі) еттен, бұзылады һәм сасиды. Әй, тағдырымды шешуші, оны өте қатты қорғау керек.

5863. Жамандаушыны тыңдамайтын қанша жақсы адам болса да, жала жабушы араға кірсе, ол сабыр ете алмас.

5864. Қаншалықты ақылды, сақ (ояу) және жақсы бек болса да, жалақор жақын болса, зиянын тигізеді.

5865. Жүрек – бек, тән оған құл, тұтқын. Арасында сөзден суиды, арасында жылиды.

5866. Кісінің төрт табы бар, жауыңмен аралассаң, бірі күлдіреді, бірі айқайлап, төбелес шығарады.

5867. Бірі асықтырып, бірі сабырды қалайды. Бірі күлсе, бірі жылауға жетеді.

5868. Қуанышты дегенің қайғы әкеледі. Қайғы әкелет десе, қуандырып, күлдіреді.

5869. Әй, елдің құты, мен бұдан именемін. Жалақор, адамның иті жамандаса,

5870. Жүрегің ауырады, өзің түңілесің. Менен теріс айналсаң, қызметім босқа кетеді.

5871. Сенен тілегім, өтінерім мынау. Мені кім жамандаса, маған айтқын.

5872. Түбіне дейін зертте, жақсылап сұрастыр. Қандай дәлелдер болса, соған сай үкім қыл.

5873. Саған кім жамандаса, сөзін тыңда. Шыны мен өтірігін, (мәселенің) түп-төркінін жақсылап сұра.

5874. Ілгергі кісілер жақсы айтқан екен. Сөзді тыңда, көңіліңнен орын берме.

5875. Бұдан да жақсырақ тағы бір сөз бар. Оған амал ет, әй, ізгі адам.

5876. Сөздің бәрін тыңда, керегін ал және керексіз сөзді сен тастай сал.

5877. Сөзді тыңда, шын-өтірігін анықта. Шын сөзді ал, жалған болса жазала.

5878. Дүние осындай өтірікші кісілердің себебінен бұзылады. Әділ, шыншыл кісі ұста, әй, елдің билеушісі.

Елігтің Өгдүлмішке жауабы

5879. Еліг жауап берді де: «Әй, кісі, тілеуің өтінішіңе сай қабыл болды» деді.

5880. Құдіретті Баят (ежелден бар Тәңір) саған адамгершілік берді. Көңілің, тілің, мінезің һәм атың тура (дұрыс) болды.

5881. Сенен қашан жаман әрекет келді? Ізгілік бойыңа ақ сүтпен бірге кірді.

5882. Сені маған өсектеп келгендерді жауымдай жау көремін, әй, білімі терең жан.

5883. Мен олардың сөзін қалай тыңдаймын? Мейлі аз не көп сөйлесін.

5884. Мемлекеттің басшысы, ұлығы қалай болады, әрбір жақсы мен жаманды айыра алмаса?

5885. Қалайша бек немесе халықты билеуші болады, тура мен қисықты ақылмен ажырата алмаса?

5886. Ол соры қалың жан мемлекеттің қамын қалай жейді, сыннан өткен кісі қайта сынаса?

5887. Заңмен үкім беруші қалай арманына жетеді, шын мен өтіріктің аражігін айыра алмаса?

5888. Бүгінде сен маған Баяттың (ежелден бар Тәңірдің) шынайы сыйысың. Шешілмес берік түйіндер сенің арқаңда шешілді.

5889. Жанашырлықпен артығымен қызмет қылдың. Сен маған дәм-тұзыңның хақысын өтедің.

5890. Енді менен жақсы қайтарым болу керек. Сен (жақсы) өмір сүріп, ол саған нәсіп болсын, қызметке дайын жүр.

5891. Әділдікпен халыққа даңқы жайылған және адамның жақсысы не деген, тыңда.

5892. Кісінің жақсысы және кісінің ең озығы кім? Адамға сай адамдық қылушы.

5893. Адамға адамдығына сай жауап қайтар. Солай жауап бергені үшін адамға кісі деген ат берілді.

Өгдүлміштің Елігке жауабы

5894. Өгдүлміш жауап берді де: «Еліг рахат өмір сүрсін, мемлекетті білімметті біліммен билесін» деді.

5895. Баят (ежелден бар Тәңір) екі дүниенің игілігін берсін. Арманы, тілегі, үміт еткендері ауып келе берсін.

5896. Дәурені жүре берсін, айналып оңай келсін. Замана қалағанындай болып, орайлы болсын.

5897. Әй, көңілі түзу, мінезі жұмсақ, кәміл (билеуші), аман бол, есен-сау тұр, бақытты өмір сүр.

5898. Құрмет, байлық, жейтін, киетін барлық игілік маған сенен келді.

5899. Мен қатты қызмет етуге жан-тәніммен байландым. Баят (ежелден бар Тәңір) таупық берсін, әй, білімі терең жан.

5900. Өгдүлміш тағы да: «Елдің құты, Баят (ежелден бар Тәңір) жақсы атыңды әлемге жайды» деді.

5901. Жақсы ат тіле, Баят (ежелден бар Тәңір) құт берді. Құт қонған кезде көңіліңе абай бол (көңіліңді ізгі тұт).

5902. Әрқашан мәшһүр бек болғың келсе, мына төрт нәрсе керек, әрине, нәсіп болса.

5903. Бірі, сөзің тура, айтқаның шын болсын. Екінші, елдің бақыты үшін әділ заң орнат

5904. Үшінші, қолың ашық, жомарт болсын. Халыққа мейірімін тигізсін.

5905. Төртінші, батыр да, батыл болу керек. Ісің мығым болып, жаулар басын исін.

5906. Қайсыбір бек бұл төрт істі түгел жасамаса, онда одан кейін мемлекетте үрей пайда болады (кіреді).

5907. Биліктің негізі, болашағы міне осы. Бұл ізгі бектердің ұстанымы, жолы осы.

5908. Ұстанымды бұзба, сен осы жолмен жүр. Сенен бұрынғылар осындай мәртебеде еді.

5909. Қайсыбір бек бұл жолды тастап, басқасын ұстанса, билігін бұзады, пайдасын көрмейді.

5910. Әй, Еліг, мына үш түрлі (адамды) қадірле. Мен саған айтайын, ақылмен тыңда.

5911. Бірі батыр, атақты, құрыш жүректі адамдар. Қылышымен мемлекетке көп пайда әкеледі.

5912. Екінші дана, білімді, мемлекетшіл кісі. Ол кеңесуге пайдалы, мемлекет ісін реттейді.

5913. Үшінші зерек, жазудың маманы болады. Кіріс һәм шығыс есебін білсе, қазына толады.

5914. Сен бұларды жақсылап таңда, басқалардан ерекшелеп қадірле, байлық бер, соған сай пайдасын көресің.

5915. Барлық ісің барған сайын реттеледі. Жерің кеңейіп, мемлекетің арта береді.

5916. Жақсы атың шығып, өзің даңқты боласың. Әлемнің халқы жүзіңді көруді тілейді.

5917. Адамның данасы жақсы айтыпты. Кісі өлсе де, жақсы аты өлмейді.

5918. Қара, қандай жақсы, жақсы аты шыққан адам дүниеден өтсе, аты өлмейді.

5919. Қара, жақсы аты шыққан адам өліп, қара жердің астында шіріп жатса да, ол тірі.

5920. Өмір тілеме, жақсы ат тіле. Жақсы атың шықса, сен тірісің, разы бол.

5921. Өмір деген не, ізгілік деген не? Әй, білімді дана, айтып бер маған?

5922. Бұл ізгілік (дегенің) шынында әділдік. Оған жақсылап қарасаң, нағыз өмір сол.

5923. Кім ізгі амал жасаса, ол тірі болады. Кім зұлымдық амал қылса, тірі болса да өлі.

5924. Өтпелі дүние өтер, бұл ізгі амал және ізгі амалмен жасалған жол қалады.

5925. Опасыз дүние сенен жүзін теріс бұрса, саған керегі ізгі амалың, әй, қозы.

5926. Әй, Еліг, бұл дүниеге алдарқанба, опа беретін емес, ақылға сал.

5927. Бұ дүниенің ісі ойын деп сана. Аяғын қалсаң, басын береді.

5928. Әй, билеуші, күшің жетсе ойынға қатыспа. Ойынға қатыссаң, басыңнан (мойныңнан) байланады.

5929. Қарап көрсең, кітапта жақсы жазыпты. Әй, көңілі зерек жан, бұл сөзді ұмытпа.

5930. Бұл дүние ісі – ойын, ол ойын. Ойынға қатыспа, бұл ойынның не керегі бар?

5931. Иеңнің жарлығын, өзіңнің құлдығыңды қыл. Егер сен қылмасаң, мойныңды дайындай бер.

5932. Әй, Еліг, мінекей, менің білетінім. Мен саған жасырын һәм жария сырымды баяндадым.

5933. Сөзімді ұстансаң, ұстан. Егер ұстанбасаң, маған сенбесең, күмәнсіз, өзің көресің.

Елігтің Өгдүлмішке жауабы

5934. Еліг: «Мен Баятқа (ежелден бар Тәңірге) көңілімді тура бұрып, бұл істе таупық тілеймін» деді.

5935. Қаласа Баят (ежелден бар Тәңір) көмек, жәрдем берер. Менің көрмегенім болса, оны сен жарқырат.

5936. Қайрат қыл, сырттағы барлық іске қара. Ояу бол, сақ бол, құлақ, көзің жіті болсын.

5937. Күшің жеткеніңше жаса, маған арқа сүйеме. Жасай алмағаның қалса, саған жәрдем қылайын.

5938. Еліг сөзін үзді, үнсіз қалды. Өгдүлміш орнынан тұрып, ақырын әдеппен шықты.

5939. Атына мінді және үйіне келді. Атынан түсіп, үйіне кірді, тонын шешінді.

5940. Кешке жатты және таңертең аттанды. Атынан түсіп, хан сарайына кірді.

5941. Бұдан кейін Өгдүлміш қайраттанып еңбек етті. Әрбір ісін тікесінен тік тұрып жасады.

5942. Халық молшылыққа кенелді, әлем түзелді. Еліг рахатқа бөленді, өзі разы болды.

5943. Ел ізгі дұға мен мақтау сөзге толды. Ұмытылмастай болып, мәңгілік аты қалды.

5944. Қандай жақсы нәрсе, әділ заң деген. Билік сол әділ заңның арқасында құламай тұрады.

5945. Халықтың басшысы, бек осындай болса, халық пен мемлекеттің бар мәңгілік болады.

5946. Халықтың мінез-құлқы түзу болып, бағынып тұрса, соның нәтижесінде бектер әр күні жарқыратар.

5947. Бұл бектер билікті Баяттан (ежелден бар Тәңірден) алады. Халық ізгі болса, бек те ізгі болады.

5948. Халық жамандық қылса, бек те жамандық қылады. Жамандыққа жамандық қылсаң ғана тиылады.

5949. Халық әрекетін түзесе, бегі көзқарасын түзейді. Бектер көзқарасын түзесе, дұрыс (адамдар) елді жамандардан тазалайды.

5950. Заман, күн, ай біраз уақыт тыныш өтті. Дүниенің сәні кірді, халық бай болды.

5951. Тұман, шаң тазарды, көңіл ашылды. Барлық бүліншілік тазарды, түзелді.

5952. Еліг Баятқа (ежелден бар Тәңірге) тағы шүкір қылды. Сансыз мақтау мен сәнә (мадақ дұға) оқыды.