Таңдау
тТ

Одғұрмыштың ауырып қалып, Өгдүлмішті шақырғаны айтылады

5953. Күндердің бір күнінде Өгдүлміш жастыққа басын қойып, жатқалы жатыр еді.

5954. Есіктен қатты айқайлаған дауыс естіді. Кісі жіберіп, тезірек қарап көр деді

Баланың Өгдүлмішке жауабы

5955. Жұмысшы қарап: «Бір адам келіп тұр, «Айтар сөзім бар, жолығайын» деп рұқсат сұрайды» деді.

Өгдүлміштің балаға сауалы

5956. Қайтадан: «Бар, сұра, не айтады, не дейді, кім екен өзі» деді.

Баланың жұмысшыға сауалы

5957. Бала қайта шығып мынаны сұрады: қайдан келгенін, өзінің кім екенін һәм не қалайтынын.

Жұмысшының балаға жауабы

5958. Ол адам: «Мені Одғұрмыш жіберді, айтарым бар, туысын көрейін, кәне» деді.

Баланың Өгдүлмішке жауабы

5959. Тыңдап болғасын кірді, оның неге келгенін, туысы оған бір жұмыспен жібергенін айтты.

Өгдүлміштің жұмысшыға сауалы

5960. Орнынан тез тұрып келді, оған кірге рұқсат берді. Ол адам кірді де, сәлем берді.

5961. Одан: «Сен қайдан келесің» деп сұрады. «Не қалайсың, не айтасың, әй, данышпан».

Жұмысшының Өгдүлмішке жауабы

5962. Ол: «Мені Одғұрмыш жіберді. Саған айтты, келсін маған бір жолығайын» деді.

5963. «Жүрек ауру болды, қиналып жатыр. Оған барып бір жолық, әй, көңілі жақын жан» деді.

Өгдүлміштің Жұмысшыға жауабы

5964. Өгдүлміш жауап берді де: «Кел, бір нәрселер де, бірге барамыз» деді.

Жұмысшының Өгдүлмішке жауабы

5965. Ұнатпады. «Туысыңның халі нашар, әй, данам, қайтуға бет бұрған жолаушыдай

5966. Мен сенен озып, әуелі барайын. Сен ақырын еріп келе бер, әй, мінезі түзу жан» деді.

5967. Есіктен кері қарай жылдам қайтты. Өгдүлміш қолын уқалап, состиып қалды.

5968. Тұрып үйге кірді, қайғылы еді. Қуанышы тарқап, зор уайымға батты.

5969. Біраз жатып көрді, ұйқысы келмеді. Түні бір жылдай болды, өтіп болмады.

5970. Ұйықтағысы келіп көзін жұмған еді, көзінен ұйқысы қашып кетті.

5971. Қайта тұрды, біраз отырды. Сарала таң ата бастады, садағын тартты.

5972. Бақта сандуғаш үні сайрады. Тыңдаған жақсы көрушілердің көңілі желпінді

5973. Атына мінді, туысына қарай барды. Жетті, кірді, жолығып қолы мен жүзін сүйді.

5974. Туысын көрді, ұзыннан жатыр. Шекпенін төсеніп, жеңін жастанып жатыр.

Өгдүлміштің Одғұрмышқа сауалы

5975. «Әй, бауырым, не болды саған? Сені көріп, жүрегім жараланды» деді.

Одғұрмыштың Өгдүлмішке жауабы

5976. «Әй, Бауырым, жолдың соңы көрінді. Өлімнің тұзағы түсті, өзім кеткелі жатырмын» деді.

5977. Сенің жүзіңді бір көрейін дедім. Сені бері шақырып, бейнетке қалдырдым.

Өгдүлміштің Одғұрмышқа жауабы

5978. Өгдүлміш жауап берді де: «Әй, жаным, адам тірі болған соң ауру мен дертке душар болады» деді.

5979. Жамандық шақырма, көңілің мен тіліңді абай бол. Ауру мен дерт күнәға кәфарат болады.

5980. Білімдінің сөзі не дейді, тыңда. Көңілдің шаңын кетіруші – білім.

5981. Көресің, ауру – сенің күнәңнің кәфараты. Күнәсіз кісі кім, айтып бер маған?

5982. Кісі ауырса барша күнәсі төгіледі. Күнәсі төгілсе, кісі құтылады, әй, батыр.

5983. Барша адам азды-көпті күнә жасайды. Бұ дүниеде күнәсіз адам сирек.

5984. Ауруың жақсарады, сен аман-есен боласың. Күнәңнан тазарып, сен сауапқа кенелесің.

5985. Неліктен тіліңмен лайықсыз сөз сөйлейсің. Өлетініңді қайдан білдің, әй, көңілі түзу жан.

Одғұрмыштың Өгдүлмішке жауабы

5986. Одғұрмыш жауап берді де: «Себебі, түсімде Раббым өлімді анық көрсетті» деді.

5987. Түс көрдім, түсімде маған анық болды, өлетінім көрінді маған, әй, батыр.

5988. Баят (ежелден бар Тәңір) жақсы-жаман қазасын жіберетінін қаласа, оны түнде ұйықтап жатқан кезде білдіреді.

Өгдүлміштің Одғұрмышқа жауабы

5989. Өгдүлміш жауап берді де: «Бұл сөз жақсы сөз емес, әй, көңілі түзі жан» деді.

5990. Жеткен аурудан адам ауырып өле берсе, жер бетінде тірі адам қалмас еді.

5991. Тіршілікте адам баласы әртүрлі аурумен ауырар. Әр ауру тамырымызды өліммен кеспес.

5992. Кісі жатып ұйықтаса, түс көрер. Оны жорушылар кәсіби түрде жориды.