Таңдау
тТ

Өгдүлміш Одғұрмышқа түс жоруды айтады

5993. Бұл түс ілімін әуелі жақсы білу керек. Жори білу үшін жақсылап сақтан.

5994. Түс жорудың түрі көп. Оның бәрін білу керек, әй, мінезі таза жан.

5995. Түсіңді білімсізге ашып айтпа. Білімдіге айт және түсіңді кешке айтпа.

5996. Кешке көрген түсіңнің жоруы басқа және күндіз көрсең жоруы басқа.

5997. Бұл түс іліміне қарасаң шарты көп. Ақылың жету үшін әуелі мыналарды біл.

5998. Түсті өз көңіліңе қарай жорыма және адамдарға айта берме.

5999. Әрбір түсті түс деп жори берме, түстің жорудың жолы көп, әй, дана.

6000. Түсіңді жорыма, жорысаң білімге сай жоры. Мағынасын өте абайлап салыстыр.

6001. Кісінің түсі жорығанына сай орындалады. Жори білмесең, түстің пайдасы болмайды.

6002. Білімі теңіздей жан не дейді, тыңда. Бұл сөзге сай амал ет, жүзің қуансын.

6003. Түс жорығанындай орындалар, түсті жақсыға жоры. Түп-төркінін біліп, ақылмен қара.

6004. Түсті қалай жорысаң, сондай болады. Түсті жамандыққа жорыма, сені қор етеді.

6005. Көптеген түс ішкен, жегеніңнен болады. Пайдасыз нәрсе жеген бослаң, лайықсыз түс көресің.

6006. Тағы бір түс жылдың мезгіліне байланысты. Түс еріксіз сол сезгілге ұқсас келеді.

6007. Жылдың көктем мезгілі болса және түсті көрген кішкентай бала болса, бәрінің қызыл, жердің қоңыр екенін көрсе,

6008. Оның қаны тасып жүргені анық. Оған белгілі мөлшерде қан алдырсын деп айтып бер.

6009. Жылдың жаз мезгілі және түс көруші жігіт болса, түсінде сары, алқызыл немесе шіріген өсімдік көрсе,

6010. Сағыныш күшейген болар, әй, дана. Өзіне еркіндік беріп, саңырауқұлақ жесін.

6011. Жылдың күз мезгілі болып, түс көрген адам қуарған болса, түсінде қара, тау, құдық не шұқыр көрсе,

6012. Оның ғашықтық сезімі тулап жүр, әй, бауырым. Дәрі ішіп, ойын тазарту керек, досым.

6013. Қыс болса және түс көруші қария болса, түсінде ағып жатқан су, мұз, қар не долы көрсе,

6014. Қара, оның жөтелі (қақырығы) күшейіп жүр. Ыстық нәрселер жегізіп, ішкізу керек, оның емі сол.

6015. Тағы бірі шым-шытырық түс болады. Бұл түске жорудың керегі жоқ, әй, әй, болмысы билеуші адамы.

6016. Кешке ойланып жатып, түсінде соны көрсе, оған сай жауап беру мен оны жорудың керегі жоқ.

6017. Тағы бір түс бар, ол жын-шайтаннан болады. Ол түсті көрген адам дәрет алады.

6018. Адам түсінде өз өнерін көрсе, оны да жорудың қажеті жоқ, әй, болмысы батыр ер.

6019. Мұның бәрін жетік біл, түсін, аражігін айырып, талғап және ол түсті жорысын.

6020. Түс жорушы дана не деген, тыңда. Кім түс көрсе, жоруын да сол сұрау керек.

6021. Түс көргенде, біліп білмей қате жорымасын. Түсті қалай жорыса, сондай болады.

6022. Түсінде уайым-қайғы көрсе, өңінде қуанады. Түсінде қуаныш көрсе, өңінде қайғылы болып, жылайды.

6023. Әр түстің жоруы бірдей емес. Мұны жақсылап ойлан, әй, мінезі сабырлы жан.

6024. Қара халықтың түсінің жоруы басқа. Бектердің түс жоруы басқа болды, басқа.

6025. Түсінде қуаныш, ойын, би көрсе, демек, уайым-қайғыға кезек келді.

6026. Егер түсінде жылап, қайғы көрсе, өңінде рахатқа бөленіп, жұбанып, түрлі қуанышқа кенеледі.

6027. Тағы бір түс болады, оны жоруының пайдасы басқаға болады, саған болмайды.

6028. Бұл түс енді адамына қарай жорылады. Ол жақсы болса, ақылға қонымды.

6029. Бір түс бар, оны көрген адам мықты болады. Тағы бір түс бар, бірін ауру қылады.

6030. Әй, бауырым, мұның бәрін білу керек. Түсті сосын барып жориды, әй, дос.

6031. Ол түсің қандай, ашып айт маған. Мен оның аражігін айырып, салмақтап жориын.