Таңдау
тТ

Одғұрмыш бұл түсті басқаша жорығанын айтады

6047. Одғұрмыш жауап берді де: «Әй, досым, түсімнің жоруы бұлай емес» деді.

6048. Ұйықтап жатып бұл түсті өзің көрген болсаң, кім айтқаныңдай етіп жоритын еді?!

6049. Сенің әрекетіңнің бәрі бұл дүние үшін. Бұ дүниені қалаған адам бұ дүниені табады.

6050. Мен бұ дүниені тәрк етіп, өзім қаштым. Қара, бейнет шегіп, осы жерде тұрып жатырмын.

6051. Менің түсімді толық жорымадың. Тыңда, бұл түсті мен саған жориын.

6052. Көрген биік басқышты сатыны өмір деп жорыдым, әй, бауырым.

6053. Сатының басына дейін жоғарылағаным жасымды жасағаным, өмірімнің таусылғаны.

6054. Басына өрледім, жылқышының келіп маған берген суын мен ішіп алдым.

6055. Ол жылқышы бізді әкесіз қалдырған аталарымыз, әй, жүрегі таза адам.

6056. Қара, жасалған нәрселерді бұзған, тірі жан иелерін жүргізбеген, осы жылқышы.

6057. Менің ыдыстағы суды түгел ішкенімді өмірге жорыдың, жазымды ұзақ қылдың.

6058. Су – тіршілік. Жартысын ішіп, жартысын қалдырсам, сенің айтқаныңдай болады.

6059. Жартысын ішіп қойған болсам, өмірімнің жартысы қалған болар еді.

6060. Ыдыстағы суды енді түгел іштім, өмірімді тауыстым, аман-есен қал.

6061. Ақылды дана не деген, тыңда. Даналардың сөзін сөздің негізі, түп асылы деп біл.

6062. Түсінде ыдыстағы судың жартысын ішсе, жартысы таусылды, өмірдің жартысы қарыз болып қалды.

6063. Егер суды түгел тауысып ішсе, өмір бітті, көрім қазылды.

6064. Жоғары ұшып, өзімнің жоқ болғаным, көк аспанға өрлеп, кеңістікке сіңгенім,

6065. Пәк жанның бұл тәннен шығып, орнына қайтып келмеу үшін өрлегені.

6066. Баят (ежелден бар Тәңір) түсімде маған белгі берді. Өлімге дайындалу керек, әй, батыр.

6067. Бұл түстің жоруы осылай болады. Сен маған басқаша жорыдың, әй, билеуші.

6068. Сен менің көңілімді жақсартқың келді. Бірақ өлім тура келді, емі, дауасы жоқ.

6069. Әй, көңілі тірі жан, енді назар сал, өлім қара жерді төбешік қылды.

6070. Қаншама хан сарайы, орда және зәулім үйлерді өлім бұзды, бәрі бос қалды, уай.

6071. Ержүрек, ірі және өзіне сенімді қаншама бектерді өлім жерге соқты, әй, тірі жан, жақсылап қара.

6072. Қаншама күшті және білектілердің жиғанын өлім алып, шашты, жыраққа таратты, тазартты.

6073. Таң қалатын нәрсе емес, өлім туса, адам өледі. Барлық тыныс алушылар өлімге бағынады.

6074. Таң қалары мынау, өлетін тән өлерін ұмытып, аузына да алмайды.

6075. Бұл адам ғапыл, өлерін біледі. Бірақ ғапылдық ұйқысын жоймайды.

6076. Өлім – хақ, қара, одан құтылу жоқ. Өлімнен кейін халім нендей болады?!

6077. Уайымым осы, әй, бауырым. Өлімнен кейін Тәңірім халімді оңғарсын.

6078. Өмірімді барынша құлшылықпен өткіздім. Рахат пен бейнет қатар өтті, түнім жарқырады.

6079. Қолымды қысып ұстадым, дүние термедім. Нәпсі, тән қалауына көңіл бұрмадым.

6080. Осы күнді ойлап, өзімнің жүгім мен барлық күнәмді жеңілдеткім келді.

6081. Үгіт, насихат және білім берген, мейірімді жан не деген, тыңда.

6082. Ғапыл болма, қайраттан, жүгіңді жеңілдет. Жолың қылдан нәзік, өзің тура жүр.

6083. Бүгін жатпа, еңбектен, ісіңді ретке келтір. Шеккен бейнетті көшерде ұмыт.

6084. Тағы да: «Әй, шын жанашыр бауырым, мен бара жатырмын, ізімнен сен келерсің, досым» деді.

6085. Саған бір-екі ауыз сөз сөйлейін. Менен кейін сен оны ұмытпа.

6086. Тіршілікте жанашырың болайын. Өзімнен кейін мына сөзім қалсын.