Таңдау
тТ

Одғұрмыштың Өгдүлмішке насихат бергені айтылады

6087. Сөзім мынау, әй, бауырым, ғапыл болма, өміріңді, жасыңды жамандықпен босқа өткізбе.

6088. Дұрыс бол, тура жолдан тайма. Біл, арманың мен тілеуіңе осы жол жеткізеді.

6089. Тыныс алған барша жаратылғандарға мейірімді бол. Көңілің мен тіліңді түзеп, Баятқа (ежелден бар Тәңірге) құлшылық қыл.

6090. Дүние уайымын қысқарт, ғибадатты ұзағынан қыл. Асыққанда сабырлы, ашуланғанда түзу бол.

6091. Өлімді ұмытпа, дайындығыңды қыл. Өзіңді ұмытпа, түп негізіңді біл.

6092. Дүниеге ашкөздік (сұқтанып) қылып, жүрегіңді қарайтпа. Ол қалады, сен өкінішпен, зар жылап кетесің.

6093. Баят (ежелден бар Тәңір) үкіміне разы бол, қандай болса да міндетіңе ал. Уақыты келгенде халыққапайдалы бол.

6094. Тура сөйле, сөзің сенімді, анық болсын. Сөзі жалған кісілер залым болады.

6095. Жүзің жайдары, сөзің жылы және амалың ізгі болсын. Айың оңыңнан туып, бақытың жана береді.

6096. Жомарт, ақкөңіл бол, дәм-тұз татыр. Кісінің айыбын ашпа, жасыр, тіпті жой.

6097. Нәпсіңді тізгінде, өкпе, ашу келген болса, тиыл. Нәпсің теріс жолға тартса, оны тізгінде.

6098. Өзіңнің пайдаңды ойлама, халықтың пайдасын ойла. Мемлекетке жүк артпа, өзіңе жүк арт.

6099. Мүлкің, дүниең және барыңды жаныңның жолына құрбан қыл. Халықты қуандыр, әй, білімі терең жан.

6100. Кісінің дарасы кісіні құтқарады. Тәтті жанын құрбан етіп, елдің қуанышын тілейді.

6101. Таңдаулы, дара, білімді, ақылды, есі толық адам жақсы айтқан екен.

6102. Адамның дарасы – адамдарға пайдалы болғаны. Халықтың қалаулысы – мейірімді адамдар.

6103. Адамдықтың аты екі нәрседен тұрады. Бірі – мейірім. Тағы бірі – жомарт, дүние таратады.

6104. Қара, ақыл бұдан да жақсырақ айтады. Ақылдың жолын ұстанудың пайдасы көп.

6105. Жомарт деп айтады. Жомарт кім? Жомарт жан пида болып, кісінің хақысын өтейді.

6106. Күміс (ақша) тарату жомарттық емес. Жомарт халық үшін жанын пида қылады.

6107. Жомарт халыққа дүние (тауар) таратса, оған халық ауып, маңайына жиналады.

6108. Дүниенің абыройы мен даңқы екі нәрседен тұрады. Бірі – мал-дүние, бірі – жүзіңнің нұры.

6109. Бұл екі нәрсеге қолы жетіп, толық мың жасаса, өлім келгенде соңында оның халі өзгереді (басқаша болады).

6110. Қара халық міндетін орындаса, бектер өсіп, 33жоғарылайды. Үзеңі бар болса, жүгенді берік тартады.

6111. Мына дүниенің, биліктің және қара халықтың дәрежесі осындай. Бұған қол жетпес, қол жеткенде бек қартайып қалады.

6112. Өзің көшесің, сенің атың да көшеді. Ақырғы күнде сені көшіруші өлім келеді.

6113. Көшетін кісі орда, сарай салмас. Жолаушы кісі жолда жылдар, айлар бойы қалмас.

6114. Әй, бауырым, өзіңді бұл жолдан өттім деп ойла. Шектен тыс қуанба, өзіңе зиян қылма.

6115. Бұл дүние өтпелі, (мәңгі) қалмайды. Жан өледі, күні белгісіз.

6116. Өлімнің тырнағы дайын тұр. Бейқам жүргенде қармағы іледі.

6117. Бұл дүние – тамақ (ас). Бұл тамақты жеушінің атын сен айт, менің дәтім жоқ.

6118. Тілек, қалауыңның соңынан жүгірме, нәпсіңді тізгінде. Тіліңді мылқау қыл.

6119. Көңілі ояу жан не деген, тыңда. Бұл сөзді іске асыр, зияны тимес.

6120. Тілек, арманыңның соңынан жүгіру – өте тәтті еді. Бірақ, тәттінің ертең қатты сұрағы бар.

6121. Тәттіге қарсы дәмсіз, ләззатқа қарсы ащы, биікке қарсы еңіс, жоғарыға қарсы төмен бар.

6122. Бұл дүниенің қылығы қызға ұқсас. Әй, мінезі түзу жан, сені алдамасын.

6123. Сен сияқтылардың талайын желге берді. Елігтей талай бекті өткізді.

6124. Сізге көзін салды, қолын берді. Сен ғапыл болма, әй, жүрегі таза жан.

6125. Саған не берген болса, қайта алады. Қанша жинасаң да, қайта шашасың.

6126. Қанша күлдірсе, соңында қайта жылатады. Қанша түзетсе де, қайта бұзады, жоқ қылады.

6127. Табиғаты опасыз, әрекеті залымдық. Жарығы азырақ, көбі түтін.

6128. Безенеді, кісіге өзін көрсетеді. Көңіл бұрар болсаң, аяғыңды байлайды.

6129. Шекер беріп өсіреді, кейін у береді. Әй, дана, баянсыз құттың табиғаты осы.

6130. Тақуалардың басы не деген, тыңда. Әй, адам, мемлекет иесі, сақтан.

6131. Өтпелі дүниеге көңіл бұрма, сақтан.Әй, мінезі сабырлы жан, ол жапа шектіреді.

6132. Қара, таңдаулы, дара, білімді, ақылды және зейіні толық адам жақсы айтқан екен.

6133. Опасыз бақытқа ілініп, әрекетіңнен жаңылма. Бақ (құт) сенімсіз, назар сал, табиғаты өзгергіш.

6134. Дүние мен бақ-дәулеттің күндері көлеңке секілді. Көлеңке бір ғана жерде және дұрыс тұрмас.

6135. Дініңді қадір тұт, дүниені арзан сана. Әй, білімі теңіздей жан, дінің сені қадірлі қылады.

6136. Ләззатқа жұбанып, қуанба, сақтан. Баятты (ежелден бар Тәңірді) зікір (жад) етіп, құлшылық қыл, қара.

6137. Әй, бауырым, сені дәулет есіртпесін. Есіңді жиғанда күмәнсіз, көзіңе жас толады.

6138. Сөзін сыннан өткізіп сөйлеген, ақылы жетілген және халықтың бегі не деген, тыңда.

6139. Кімге бақ-дәулет қонып, оны есіртсе, ол қара жердің астында жүрегі жарылып, зар еңірейді.

6140. Кім билікке мастанып (Ұлықтыққа есіріп), маңайына бәле салса, қара жердің астында кейін жазасын тартады.

6141. Жігіттік, байлық және дәулеттің мастығы (есірігі) арақтың мастығынан бетер, әй, бек.

6142. Егер алқаш арағын ішіп есірсе, ұйықтаса кетеді және ұйықтап тұрғанда айығады.

6143. Дәулет есіртсе, одан айықпас. Өлім келмейінші ұйықтайды, оянбайды.

6144. Атың қызметші (құл) болды, бектердің ісін жасама. Өзіңнің қызметіңді (құлдығыңды) қыл, әй, ізгі кісі.

6145. Көп өмірің қалған жоқ. Ұлықтық үнің ұзаққа баратын емес.

6146. Неше мың жыл өмір сүрсең де, жан өледі. Біріккен жан мен тән үзіледі.

6147. Бұған ұқсас мына сөзді тыңда енді. Көңіліңе түйіп ал, жүзіңді теріс бұрма.

6148. Тілегің орындалып, дүние нығыметіне түгел қол жеткізсең де, тіршілік (әбілхаят) суын сен тауып алып ішсең де,

6149. Егер қолыңды созып, көктің жұлдызын (көзін) ұстасаң да, басың көкке жетсе де, бәрібір жердесің.

6150. Әй, бауырым, саған сөздің турасын айтайын. Әй, көңілі түйдей жан, мен нені жасырайын.

6151. Бұл дүниенің байлығын, бүкіл нығыметін, сұлудың жүзін, қылығын, әдетін жаның қалай жақсы көрмесін.

6152. Рахат, қалау, нығыметтің бәрін тәрк еткенде опасыз дүние маған бұл қақпаларды жапты.

6153. Бұ дүние кісіні Баяттан (ежелден бар Тәңірден) жырақтатады. Ізгі істерді тыйғызады, жасауға мүмкінді бермейді.

6154. Бұл қорқыныш үшін дана адам дүниені тәрк етіп, әлемді кезіп жүгіреді, бейнет арқалап.

6155. Бірі тауда жүгірер, бірінің үйі үңгір. Жегені өсімдік тамыры, ішкені жаңбырдың суы.

6156. Бірі баябанда кезіп жүгіреді, Баяттан (ежелден бар Тәңірден) қорқып, уайымнан жүрегі сыздап.

6157. Бірі белі бүкірейіп тоқыма киді. Бірі жер бетін кезеді, көз жасын төгіп.

6158. Бірі тамақ жемейді, өзін арықтатып. Бірі түнімен жатпас, тікесінен тұрып.

6159. Оянған кісілер осылай жүреді. Бейқамдардың басы біз ұйқыда жатырмыз.

6160. Әй, бауырым, сен енді өзіңді қорға. Дүние сенікі болды, өзің елге бас болдың.

6161. Тән қалауыңды тізгінде, ақылмен нәпсіңнің мойнын сындыр. Ақылдың білгісі, ердің сипаты осындай.

6162. Бұл екеуімен адам өзін қинап құртады. Кім бұлардың тұтқыны болса, өзін бейнетке душар етеді.

6163. Мінекей, бүгін мен айырылып барамын. Сенің де жолың осы, кел, ізгілік қыл.

6164. Жамандармен араласпа, ізгі амал жаса. Залым адам екі дүниеде өзіне жамандық (жұт) қылады.

6165. Көңілі пісіп жетілген, өлмес бұрын ақырет ісіне дайындалған кісі не деген, тыңда.

6166. Жамандыққа батыл кіріскен әй, бура, залымдық қылма, жамандықтың жемі – у.

6167. Әй, халыққа өктем әмір етуші, өлім жеткелі тұр, тезірек емі мен шарасын қыл.

6168. Әй, «Мен» деуші, мені таста, мені. Өлімге дайындал, саған келеді.

6169. Әй, ашкөз, сұқ, бұ дүниенің құлы, өлім сені тұтқындауға сұқтанып қарап тұр.

6170. «Әй, бауырым, мен қайғырып барамын. Бүгін екі нәрсе үшін ішім ашып барады» деді.

6171. Бірі, бір Баятқа (ежелден бар Тәңірге) құлшылық ете алмай қаламын. Екіншісі, тілім Иемді зікір (жад) ете алмай қаламын.

6172. Бүгін не ертең бұл көз жұмылса, жаным сіздердің дұғаға мұқтаж болып қалады.

6173. Әй, бауырым, мені дұғаңнан ұмытпа. Менен кейін сен келесің, жақында.

6174. Мінекей, менің халімді көріп тұрсың, саған ғибрат болсын, емі мен шарасын жаса.

6175. Өлім келді, әкетіп барады, мұңлымын. Менен кейін саған келеді, сен дайындал.

6176. Бүгін қайғырып, айырылып барамын. Қашан қауышарымызды құдіретті Тәңір біледі.

6177. Өлер сәтінде зар жылап, басын жерге ұрған хал үстіндегі кісі не деген, тыңда

6178. Өлгелі жатырмын, өкініштен көзім бұлақтай ақты. Бұл өлім дәмдіні дәмсіз қылды.

6179. Өлімнен соң қарасам екі жол күтеді. Менің жолым екеуінің қайсысы болады.

6180. Тағы да: «Әй, мейірімді бауырым, менің қайғыма сен көңіліңді жаралама» деді.

6181. Менен кеткеннен кейін зар жылама, көңіл бұрма. Көңіліңді басуға тырыс, дұға қыл.

6182. Шектен тыс жылама, өзіңді тиып ұста. Бұл Баяттың (ежелден бар Тәңірдің) әмірі, сөздің қысқасы.

6183. Бар, қайт, енді қайтадан үйіңе бар. Уайым-қайғымен көңіліңді қинама.

6184. Саған керекті барша сөзді аманаттадым. Ұмытпа сөзімді, әй, көңілі түзу жан.

6185. Елігке менен сәлем жеткіз. Бұл соңғы сәлемім, әй, білімі кемел жан.

Өгдүлміштің Одғұрмышқа жауабы

6186. Өгдүлміш біраз тұрып барып жауап берді: «Сені тастап мен қалай кетейін?».

6187. Ауыр дертіңмен, өзің жалғызсың, сен не қыла аласың, әй, тегі түзу жан.

Одғұрмыштың Өгдүлмішке жауабы

6188. Одғұрмыш тағы да: «Әй, ұл, жүр енді, менің қайғымды сен жеме» деді.

6189. Іштей жұбануға Иемнің зікірі (жады) жеткілікті. Тәңір мені тастамас, ісімді реттейді.

6190. Баят (ежелден бар Тәңір) кімге игілік беріп құрметтесе, одан кейін бәрі жақсы болады.

6191. Көп шаруа көрген, содан көзі ағарған және тура сөзді ер жақсы айтқан екен.

6192. Баят (ежелден бар Тәңір) кімді жарылқап, жәрдем берсе, дүние оныкі болды, құт дарыды.

6193. Баят (ежелден бар Тәңір) игілігі кімге толық бұйырса, ол екі дүниеде жақсылығын табады.

6194. Әй, ержүрек ұл, Тәңір кімді тәрк етсе, ит те, көк бері де бірдей.

6195. Одғұрмыш сөзін тоқтатып: «Бауырым, жүре ғой, бар, аман-есен бол, көз жасыңды төкпе» деді.

6196. Өгдүлміш орнынан тұрып Одғұрмышты құшты. Сүйіп, жылады, көз жасын (жерге) төкті.

6197. Ол жерден жылаумен шықты. Атына мінді, үйге қарай бет бұрып келді.

6198. Атынан түсіп, үйіне кірді, уайымнан қабағы түюлі. Қуанышы кетіп, көңіл қайғысы көбейді.

6199. Қарасаң адам баласы неткен бейшара. Қуанышы аз, оған бәрінің түбі қайғы.

6200. Барлық тілегі орындалса, қуанышы күлдіреді. Егер уайым мен қайғы келсе жылатады.

6201. Жақсы көргеніне қол жеткізсе, қуанып, күліп қарайды. Айрылғанда қайғырып қалады.

6202. Арасында қауышып, қуандырып алдарқатады. Қарасаң, кейде бәрінен айырып, жылатады.

6203. Дүниеде айырылудан қатты не бар? Айырылудың қайғысы теңізден терең.

6204. Тіршілікте айрылысу болса, қауышу да бар. Шын қалап іздесе нәтижесінде қайта табысады.

6205. Айрылысудың бәрінен де қатты – өлім. Өлімге қарсы шара жоқ не қарумен тоқтата алмас.

6206. Әрбір айрылысу жақынға не алысқа жібереді. Ал өлім тым алысқа айрылыстырады, алысқа.

6207. Енді оған ұқсас мына бәйітті оқы. Оқысаң тағы да мәні ашылады.

6208. Айрылысудың бәрінен де қаттырағы – өлім. Бұл айрылысу көрер көзіңнен жас төгеді.

6209. Айрылыспай тұрғанда тіршілікте кездесуге деген бір үміт болады. Ал өлген адамның күмәнсіз, кездесу мүмкіндігі алыста.

6210. Өгдүлміш тамағын ішіп-жеді, бірақ тынықты. 2Орнынан тұрып, намазын орындады.

6211. Күн жерге еңкейді, жүзін жасырды. Көк аспан оған керісінше ізінен ерді.

6212. Төсекке жатқысы келді, ұйқысы келмеді. Уайым қайғыдан көзіне көзін жұма алмады.

6213. Орнынан тұрып, сыртқа шықты, көз жасынан беті жуылды. Дүние қоңыр теріге ұқсас болды.

6214. Үйге қайта кіріп, төсегіне жатты. Уайымын басып, біраз сабыр етіп жатты.

6215. Рум қызы жүзін жерге жасырды. Дүниенің жүзі зәңгінің (қара нәсілдінің) жүзіне ұқсады.

6216. Ұйқысы келмеді, тұрды, қайта қарады. Үркер төмен түсіпті, түн бітуге жақын.

6217. Көзін көкке қадап, ұзақ қарап тұрды. Қара түн қоюланды, еш жарқырамады.

6218. Азырақ жата тұрды, оянды, тұрды. Жоғары қарап, көк аспанға көз салды.

6219. Шығыстан Қара құс (Юпитер) шығып, жоғары өрледі. Жау от көтергендей от жалындады.

6220. Жеті қарақшы (Жетікен) басын жоғары көтерді. Сосын Иылдырық (жұлдыз аты) Айғырға (жұлдыз аты)қарай айналды.

6221. Ерентірдің (жұлдыз аты) басы жерге жақындап еңкейді. Күн басын көтерді, жарық жүзін ашты.

6222. (Өгдүлміш) сосын тұрды, жуынды, таранды, тазаланды. Намаз қылды, (тазару) дұғасын оқыды.

6223. Дүниенің өңі алтын түстес болды. Жалындай болып дүниенің жүзі қызарды.

6224. Тонын киді, тезірек атын ұстады. Үйінен шығып, хан сарайына барды.

6225. (Атынан) түсіп, жылдамырақ жүріп, сарайға кірді. Еліг шақырды, ойын жинақтап, (Елігке) кірді.

6226. Еліг Өгдүлмішке назар салды, ол ізгі кісінің көңілінің түскенін көрді.

Елігтің Өгдүлмішке сауалы

6227. Еліг: «Халіңе не болған? Әй, сабырлы жан, мен өзіңді қайғылы көрдім».

6228. Көңіліңе бүгін нендей жүк артып алдың? Қабағыңның түйілгенінің нышанын көріп тұрмын.

6229. Қызыл шырайың неден солғын? Дүние саған басқа нендей қиындық келтірді?

6230. Бақ-дәулет (құт) әзірге сенен теріс айналмады. Опасыз дүние, бақ-дәулет көзіңді жарқыратуда.

6231. Дәуренің сенің басыңда орнап тұр. Ай, күн, заманың қалағаныңша туады, батыр.

6232. Мен саған қабағымды түймедім. Өзім разы болып, күлімдеп қараймын.

6233. Саған бұл уайым-қайғыны кім шектірді? Не бұл жағдай? Бәлкім, айтарсың?

6234. Әй, ұл, бұл уақыттағы не қайғы бұл? Әй, мінезі сабырлы, маған айт, білейін.

6235. Саған уайым-қайғы, бейнет келген болса, мен онда қалай қуанышта болайын.

Өгдүлміштің Елігке жауабы

6236. Өгдүлміш жауап берді де, сөзін бастады. Туысының ауырғанын, жағдайының қандай екенін

6237. Өзінің барғанын һәм қандай екенін көргенін, оның үгіт-насихат айтқанын баяндап берді.

Елігтің Өгдүлмішке жауабы

6238. Елігтің көңілі жараланды, жасынан беті жуылды: «Ай, дариға-ай, ол ізгі кісі еді» деді.

6239. Тәңір оның жанын кешірсін. Оның тәніне, қанына қасірет келмесін.

6240. Тағы да: «Оның халі қалай, көңілің қиып, қалай тастап келдің» деді.

6241. Оны кім күзетіп, ауруын кім қарап жатыр. Ол ауру, қалай жалғыз жатыр?

6242. Сабыр етіп, неге сонда біраз болмадың? Сондай екенін көре тұра оны кімге тапсырдың?

Өгдүлміштің Елігке жауабы

6243. Өгдүлміш жауап берді де: «Әй, білімі теңіздей жан, бұл сөзді оған айттым» деді.

6244. Мені кері қайтарды, сөзімді тыңдамады. Сөз қайырып көрдім, шамам (күшім) жетпеді.

Елігтің Өгдүлмішке жауабы

6245. Еліг: «Оны Тәңір қорғасын. Шипа беріп, қаласа оны тұрғызар» деді.

6246. Ол ақылын, жүрегін Баятқа (ежелден бар Тәңірге) байлаған. Бір Баятқа (ежелден бар Тәңірге) оны бос қалдырмас, әй, ұл.

6247. Қайсы құл бәрінен жүзін бұрып, өзі Жаратқан Иесіне сиынса,

6248. Күмәнсіз, оны бір Баят (ежелден бар Тәңір) қорғайды. Тілеуін береді һәм ізгілердің қатарына қосады
(ізгі ат береді).

6249. Бұған ұқсас енді мына сөзді тыңда. Көңіліңе тоқып, оған сай амал ет.

6250. Бәрін тәрк етіп, Баятқа (ежелден бар Тәңірге) сиын. Тілің мен көңіліңді таза ұста, амалыңды түзет.

6251. Барлық тілегіңді Баят (ежелден бар Тәңір) түгел береді. Шайтанмен қатты жаулас, Баятқа (ежелден бар Тәңірге) түзу бол.

6252. Еліг тағы да: «Әй, Өгдүлміш, уайым-қайғы және өкпемен өзіңді қинама» деді.

6253. Ол ізгілердің алды болатындай ізгі кісі еді. Егер өлсе де, Баятым (ежелден бар Тәңірім) ақырет ісін оңғарар.

6254. Әй, дана, бұл іс ертең бізге де келеді. Өмір қалай болады, ертең не дейміз?

6255. Өкінішті, өзіміз жігіттік шағымызды босқа өткіздік. Өкінішті, тәніміз, көңіліміз, ақылымыз жаманның жаманы.

6256. Өткен өміріміз бүгінде түстей болды. Қалай өткізген болсақ, ертең соған сай жауап береміз.

6257. Енді қалған өмірімізді босқа өткізбейік. Нәпсі, тән қалауына көңіл бұрмайық.

6258. Не қылсақ та, тәніміз өледі. Өлімнен кейін көп өкініш болады.

6259. Бүгіннен кейін сен сыртты қарап, халықтың шамасын байқа, жанашыр бол.

6260. Өзің мен мені құтқар. Нәтижесінде Баят (ежелден бар Тәңір) ізгілік жолын береді.

6261. Әй, мінезі сырбаз, Баят (ежелден бар Тәңір) құлдарына жүрегі мейірімді жан не деген, тыңда.

6262. Кім ізгілік қылса, қайтарымына Баят (ежелден бар Тәңір) игілік береді һәм көзін жақсылықпен жарқыратады.

6263. Кім зұлымдық қылса, өзіне қылғаны. Ол зұлымдықтың қайтарымы да зұлымдық болады.

6264. Зұлымдық қаласаң, бар, зұлымдық қыл. Біл, ол зұлымдықтың қайтарымы сені зар еңіретеді.

Өгдүлміштің Елігке жауабы

6265. Өгдүлміш жауап берді де: «Еліг үгіт-насихат, уағызымен жарлық беріп тұрса,

6266. Халыққа орнатқан заңның бәрі ізгі болады, Тәңір де бұл билікті құлатпай ұстап тұрады» деді.

6267. Еліг көп жасасын, билігі берекелсін (құты құтайсын).
Жаным, тәнім, бүкіл болмысым жолыда құрбан болсын.

6268. Онсыз да өлетін жанға жақсы аттан басқа үлес тимес. Оның атын мәңгі ұмыттырмасын Құдіретті Баят (ежелден бар Тәңір).

6269. Бұл өлім құрық салғалы дайын тұр. Өзің ұйықтап жатып, бейқам болма.

6270. Білімдінің тілі жақсы айтқан екен. Қара, тақуалық жол осындай болады.

6271. Көрінбейтін бұл ажал жасырын тұзақ құрып күтіп
тұр. Үмітке амал қылған бейқамдарға бас салады.

6272. Жақсы, жаманның барлығы қара жер болады, әуелден жазылған ажал жеткенде.

Елігтің Өгдүлмішке жауабы

6273. Еліг: «Тәңір бүгіннен бастап маған таупық берсің, әділ заң орнатайын» деді.

6274. Еліг сөзін тоқтатты да, үнсіз қалды. Өгдүлміш орнынан тұрып, ол жерден шықты.

6275. Өгдүлміш қаншама күн сабыр етті. Уайым-қайғымен жүрді.

6276. Туысы үшін қайғырып уайымдады. Өңі сарғайып, өзіп жеп бітті.

6277. Туысы үшін отырып сабыр ете алмады. Тағы да барғысы кел, қайта қиналды.

6278. Орнынан тұрып, Елігтің қызметіне барды. Еліг шақырды, ол кабинетіне кірді.

Өгдүлміштің Елігке сауалы

6279. Елігке өтініп: «Мен бүгін туысымды іздеп, оған қарай барайын» деді.

6280. Оның халі қалай екен көрейін. Менің бауырым тірі ме, бар ма?

Елігтің Өгдүлмішке жауабы

6281. Еліг: «Барғаның дұрыс болар. Туыстық, жақындық қарым-қатынасың» деді.

6282. Жүре ғой, бар, менен сәлем айт. Қалай екен, дерті қара, көңілін жұбат.

6283. «Құп болады» деп ол жерден шықты. үйіне келіп түсті, тынығып алды.

6284. Тамақ, сусыннан біраз жеді және атын ұстатты. Бауырына қарай барды, қайғылы күйде.

6285. Жақын келіп, атынан түсіп, жүріп барды. Есікке жақындап, дауыстап тұрып кіруге рұқсат сұрады.