Таңдау
тТ

Елігтің Өгдүлмішке көңіл айтуы айтылады

6304. Еліг (хабарды) естіген бойда үйінен шығып(Өгдүлмішке) келді. Оның көңілін аулап, қаза қайырлы болсын айтты.

6305. Еліг: Әй, Өгдүлміш, есіңді жи, оған сен дұғамен амалыңды жаса деді.

6306. Ол Одғұрмышты Баят (ежелден бар Тәңір) жарылқасын. Оның қылған күнәларын кешірсін.

6307. Бұл қайғыңның артынан Тәңір саған сауап берсін. Баяттың (ежелден бар Тәңірдің) разылығын тауып, тамұқтанқұтыл.

6308. Сен жол кесіп, есік күткенсің. Тіліңді, сөзіңді жұтып, жүзіңді жасырғансың.

6309. Мұндай қылық саған жараспайды. Ақылдылар бұл жолда амал етпес.

6310. Маған айт, саған кім күш көрсетті. Кім ашуланды немесе кім өштесті?

6311. Бауырыңа келген Баяттың (ежелден бар Тәңірдің) үкімі еді. Ол қазасын жіберді, сен өзіңді, көзқарасыңды түзе.

6312. Сен неге жылайсың, неге сықтайсың. Бұл жақсы амал емес, сен мұны қой.

6313. Туған өледі, көтерілген түседі. Жүрген тыным табады, беруші алады.

6314. Бауырыңның өлімі саған насихат болсын. Сабыр ет, сауап табасың, шекер, қант болады.

6315. Өлімді көргенде қалған тірілер ғибрат алуы керек еді, алғандар кәне?

6316. Өлгеннің насихатына қара, айтады: Көр мені, өлім келді, кеттім. Енді саған да келеді.

6317. Енді бұған ұқсас мына бәйітті оқы. Оқып, ал, көңіліңе жақсылап тоқы.

6318. Сенен бұрынғы мыңдаған өлім ғибрат береді, айтады: міне, мен, қара, маған.

6319. Бейқам жүрдім, көп уақыт алдандым. Өлім келіп әкетті, кеттім, кезек саған да келеді.

6320. Еліг сосын Одғұрмыштың қалай өлгенін және бұл хабарды қалай білгенін сұрады.

Өгдүлміштің Елігке жауабы

6321. Елігке не көргенін, демі үзілерде (өлерде) өсиет дайындап қойғанын баяндады.

6322. Тұрып барып мирасқа қалған табағы мен таяғын алып, Елігтің алдына қойды.

6323. Міне, бауырымның маған қалдырғаны. Артында қалған дүниесі осы ғана еді деді.

6324. Мирастың бірін Еліг алсын, бүгін береке әкеледі һәм ертең пайдасы тиеді.

Елігтің Өгдүлмішке жауабы

6325. Еліг қолын созып, қолына таяқты алды да:Осы жәдігері маған берекелі болсын деді.

6326. Сен, бауырыңның табағын өзің ал.Жүзін көргің келгенде осымен үшкір.

6327. Қара, Өгдүлміш қолын созып табақты алды.Көңілі босады, көз жасы жуылды.

6328. Еліг: Көріңдер, ойланып, ақылға салатын әрбірің үшін бүгін бұл ғибрат ретінде жеткілікті деді.

6329. Ол осылай өмір сүрді, өмірі бітті, тағы да (дүниесі) артылып қалды, әй, мінезі түзу жан.

6330. Әрекеті таза, әрбір іске ақылмен қол жеткізген адам не деген, тыңда.

6331. Бұл дүниенің байлығы көп болса да, артық болмас. Қанша аз болса, өзіне сай жеткілікті.

6332. Бұл дүниенің кемшілігі мың, ал артықшылығы бір. Қалай өткізсе, адами сипатта (әдемі) өтеді.

6333. Өлімнен кейін молшылықтың не пайдасы бар? Сенен кейін оны жеген сүйсінеді.

6334. Бауырың дүниенің байлығын тәрк етіп қашты. Өзіне сай арпа жеді, тоқыма киді.

6335. Солай өмір сүрді, сондығынан өлмеді. Жеуге дайын тұрғандарға байлық қалдырмады.

6336. Күні-түні тырысты, жүгін жеңілдетті. Дүниенің бейнетінен де өтіп кете барды.

6337. Ол жағдайын реттеді, қара, бүгінде құтылды. Біздің жағдайымыз қалай болады, түйіні шешілмеді.

6338. Еліг мыңдаған жақсы сөзін айтып, насихат берді. Ұзақ уағыз айтып, іштегі (шерін) шығарды, көңілін бірледі.

6339. Еліг орнынан тұрып, хан сарайға барды. Түсіп, үйге кірді, уайым басып.

6340. Өгдүлміш қанша күн аза тұтты. Бұл қайғыны өткізіп, қабағы жазылды.

6341. Бұл қайғы мен уайымды да ұмытты. Қайтадан жеді, ішті, күлді, қуанды.

6342. Халықты басқарған, халық ісін біліммен атқарған ер жақсы айтқан еді.

6343. Сені қанша жерден уайым, қайғы басса да, неше мәрте жылатса да, көзіңді қайта күлімдетеді.

6344. Бұл дүниенің көптен бергі заңдылығы: жамандық не жақсылық қанша жыл созылса да, бір күні өтеді.

6345. Қара, Өгдүлміш қайғылы күндерін өткізді. Қызметіне мән беріп, жұмысын жалғастырды.

6346. Ерекше құлшыныспен жұмыс бастады. Таңнан кешке дейін барды, жұмысын істеді.

Елігтің Өгдүлмішке сауалы

6347. Еліг бір күні Өгдүлмішті шақырды. Елдің, халықтың хәлін сұрады.

6348. Мемлекеттің жағдайы және халықтың хәлі қалай? Ендігі күніміз бен заман қалай өтіп жатыр?

6349. Менің әрбір ісімдегі көз-құлағым сенсің. Сенің шаруаны жүргізіп, мемлекет ісін реттей бергеніңді қалаймын.

6350. Саған қанша күн уайым мен қайғы нәубеті келді. Жұмысыңа бұрыла алмадың, жұмысың не болыр жатыр.

Өгдүлміштің Елігке жауабы

6351. Өгдүлміш жауап берді де: Әй, Бек, халықтың жағдайы жақсы, тек дұға етушілер артуда деді.

Өгдүлміштің Елігке жауабы

6352. Бірі сөз, тамақ (құлқын), көз және шақуат оты. Бұлар адамның тағат-құлшылығына кедергі.

6353. Бірі құлқынын тыйса, бірі аз сөйлесе. Өзіне жараспайтын нәрседен жырақ тұрса.

6354. Нәпсі, тән қалауына ие болса, ашу, ыза келгенде өзін берік ұстаса.

6355. Ақылдылық һәм білімділік осы. Ақылды, сабырлы адам мұны алса болады.

6356. Ақылды кісілердің сөзі мақтайтындай сөз. Тура және түзу болады, ол өзін дәлелдейді.

6357. Пайдасыз нәрсеге жақындамас, өзі алыстар. Керек емес нәрсені көрмес, көзін жұмар.

Елігтің Өгдүлмішке жауабы

6358. Еліг: «Керемет айттың, бұл сөзің пайдалы және өте шынайы сөз» деді

Өгдүлміштің Елігке жауабы

6359. Мына тән жапа шектіреді және залым. Жамандық қылушыға жамандық қыл, өзіңді ұста.

6360. Тәніңді жақсы көріп, қаншалықты жақсылық қылсаң, ол соншалықты жамандық қылып, жапа шектіреді.

6361. Кісінің дарасы жақсы айтыпты. Жапа шектіретін тәніңнің емі мен дауасы.

6362. Кімге жақсылық қылсаң, одан келер жамандыққа дайындал. Жамандық қылушы бір күні жамандығын қылады.

6363. Кімді жақсы көрсең, одан қорқып тұр. Оның жамандығы сені заң еңіретеді.

6364. Әй, Еліг, мына үшеуінің семізі жаман. Бірі – (тазы) ит, бірі – (бапталған) құс, бірі – тән.

6365. Сабасына жақсылап түсіру үшін бұларды ашықтыр. Осылай жолға түседі, басын иеді.

6366. Қысыңқырап тәртіпке салмасаң құс аң ауламас (жемін бағаламас). Ит семіз болса не тоқ болса, аңын ауламас.

6367. Тән тойса, қанса, бура болады. Қашқан жақсыларды қуады, бетімен қалдырма.

6368. Құс ауламаса, әкелер зияны бір үйрек. Итің аңын қууды қойса, әкелер зияны – бір ас (құндыз секілді аң).

6369. Тәнің бурадай болып, мойны жуандаса, сені отқа сүйрейді, заң еңіретеді.

6370. Дүниесі жоқ кедей рахат өмір сүреді. Барына қанағат қылып, көңілі бай болады.

6371. Үсті бүтінделсе, тамағы асқа тойса, Тәңірге құлшылық қылар, ол жұмысын реттейді.

6372. Ұлықтық, бақ-дәулет, билік, бақыт адамды өз жұмысын қойып, тәкаппар болуына тартады.

6373. Тәкаппарлық құлды Баяттан (ежелден бар Тәңірден) алыстатады. Ақылды мұндай жолмен жүрмес.

6374. Кедей өле ме әлде бай өле ме? Екі бөз әкетеді және қара жер болады.

6375. Кедей өлсе, бейнеттен құтылады. Бай өлсе, малы қалады, жүгін арқалап кетеді.

6376. Шынымен бұған ұқсас мынадай сөз бар. Бұл сөзден өзің үлесіңді ал.

6377. Әй, нығымет иесі, өлім – бейнетің. Әй, мехнат иесі, өлім – нығыметің.

6378. Кедей өлсе, бейнеттен құтылады. Әй, бай, өлім келсе, есеп бересің.

Елігтің Өгдүлмішке сөзі

6379. Еліг тағы да: «Бұл дүние ішінде шағатын жыланы мен шаяны көп» деді.

6380. Жейтін асы аз, уы көп және мақтауы аз, сөгісі көп.

6381. Ақылдының қол созып алар нәрсесі аз. Білімдінің ашып жейтін тамағы аз.

6382. Білімсіз үшін бұл дүние ұжмақ. Рахатқа алданып, мұңсыз жүрер.

6383. Ақылдыға дүние тікен толы. Бір жерге аяғын басса кіреді, сақтанады.

6384. Білімді үшін дүниенің іші уға толы. Ол тамақ жей алмас, өз күшін әлсіретер.

6385. Заһид сол үшін ұл-қызды тәрк етіп қашты. Абид те мұны тәрк етіп, құлшылыққа берілді.

6386. Бүгін біз өзіміз бұған ілініп тұрмыз. Баят (ежелден бар Тәңір) сыңар бәледен қорғасын.

Өгдүлміштің Елігке жауабы

6387. Өгдүлміш жауап берді де: «Бұл сөзіңнің бәрі дұрысәрі ақылға қонымды» деді.

6388. Қарап тұрсаң, бұл дүниенің табиғаты, әрекеті, заңы тойымсыз айдаһарға ұқсайды.

6389. Өзін ғана жетілдіріп, өзін ойлап, өзін семіртеді. Өз етін ғана жейді, өзін жаман қылады.

6390. Дүниенің халіне қарап, ақыл жүгіртіп, оны түсінсең таң қалып, шошып қаласаң.

6391. Адам мен Хауа жер бетіне түсіп, бұл дүниеге келіп, ұрпақ жайды.

6392. Одан бері бүгінге дейін қаншама ерлер, бектердің бегі шықты.

6393. Бірі ғалым, бірі алып батыр, бірі жүректі, маңғаз, бірі жартастай тік боп туды.

6394. Бірі ақылды, бірі дана, бірі делі, ақымақ, бірі болымсыз.

6395. Неше пайғамбар, сабырлы елші туды. Баят (ежелден бар Тәңір) үкімімен тура жол нұсқады.

6396. Бірі аз, бірі ұзақ жасады. Бірі ірі сөздерімен бас көтерді.

6397. Бірі Жаратқан Иеге қарсы тұрып, жаудай оқ атты, садағын тартып.

6398. Мына бәйітті оқы, не дейді, тыңда. Сосын терең түсініп, өз қылығыңды түзет.

6399. Қаласаң ғалым бол, қаласаң мың жаса, әлемді түгел биле, рахаттың бәрін сезін.

6400. Ақырында өзің өлесің, қара жер боласың. Өлім келсе, әкетеді, өкінішпен қаларсың.

6401. Қаншама ақылды, дана ізгілер шықты. Бәрін жесе де, мәңгілік өмір сүре алмады.

6402. Бүгін қарасаң, еш тумағандай болып, қара жердің астында өліп жатыр.

6403. Неше түрлі және сондай адамдар келді. Оларды қара жер жеді және жұтты.

6404. Зәулім сарай, орда, хан сарайларын тастап, қара жерді төсеніп, күтіп жатыр.

6405. Ұйықтап жатыр ма, үні жоқ, тыныс алмайды. Халі нешік, білетіндер кәні?!

6406. Олардың бәрі қазір жақсылыққа мұқтаж. Жеуге, киюге қолы жетпес.

6407. Қара, өкінішпен еңірегендей жатыр. Артынан келер жақсылықты (дұға) армандап жатыр.

6408. Баят (ежелден бар Тәңір) бізге қазір бұл күнді берді. Берілген мүмкіндікті босқа жіберуге болмас.

6409. Барлық жақсылыққа себеп болу үшін бүгіннен бастап Баят (ежелден бар Тәңір) таупық берсін, әй, биліктің әділ заңы.

6410. Өгдүлміш тілімен алғыс айтып: «Әй, данышпан бек, көп жаса» деді.

6411. Дүние сенсіз бос қалмасын. Баят (ежелден бар Тәңір) сенің ұрпағыңды үзбесін.

6412. Қандай арман, тілегің бар болса, Тәңір саған ол қақпаларды аша берсін.

6413. Тағы қандай арман, тілегің бар болса, Тәңір саған түгел берсін, әй, жомарт.

6414. Қуанып, жұбанып, ұзақ өмір сүр. Рахаттан, әй, мінезі түзу жан.

6415. Дариға-ай, сендей кісілер өліп, қара жерде сүйегі шашылып жата ма?!

6416. Не қылайын, Тәңір бұл дүние ісін осылай жаратыпты, әй, елдің басы!

6417. Сендей жандар өлсе де, өлді деуге болмас. Өз жақсылығы мемлекетіне үлес боп тиген.

6418. Қаласаң өл, қаласаң ұзақ жаса, жақсы атың мен сөзің дүниеге жайылды.

6419. Жақсы көретіндер көп болсын, жақсы көрмейтіндер шашыла берсін, жерің кеңейсін.

6420. (Өгдүлміш) сөзін тоқтатты, жерді сүйді, тұрды да шықты. Атына мінді, үйге бетін бұрды.

6421. Келіп түсті, жүріп барып үйіне кірді. Тамағын жеді, ішті, біраз тынығып жатты.

6422. Таңертең ерте тұрды, жұмысын бастады. Бұйрық берді, тексерді, өзі де жұмысын жасады.

6423. Көңілі мен тілін түзеп дұрыс әрекет етті. Барлық теріс істер тураланды, мінездерін түзетті.

6424. Әлем түзелді, ізгі дұға етушілер артты. Күннен күнге ізгі дұға артып, мемлекет берекеге кенелді.

6425. Олар кетті, жақсы аттары қалды. Атағы, құрметі жоғалмақ емес.

6426. Назар сал, енді мұндай кісілер адам деліне ме? Істегені періштенің ісі.

6427. Олар сол уақытта адам болған болса, онда айтып бер, бүгінгі адамдар қандай болғаны?

6428. Әй, дана, егер біз адам бослақ, күмәнсіз, оларды періште дейміз.

6429. Олардың амалы, көзқарасы мен сөзі арқылы салған ізін тыңдау бақыт!

6430. Ақылды ұғар, білімді білер, күмәнсіз, жан өледі, дүние қалады.

6431. Берілген бұл уақыт пен күнді босқа өткізбедің, құлшылық қылдың, адамға бұдан басқасы тимес.

6432. Сенен бұрынғылар өледі, көзің көреді. Бұдан ұлы тағы қандай насихат болады?!

6433. Барлық хан сарайы, сарайлар, ордалар қалады. Оны өзіне меншіктей алмас, әй, ұлық!

6434. Қаншама хан сарайы мен ордалар және қанша берік үйлерді өлім бұзды да, қара жер қылды, қара.

6435. Қаншама кент, ұлыс, бау-бақшаларды өлім қуратып тастады, әй, тірі.

6436. Пәк хан сарайы, орда, сарай саған қалады. Сен алып пайдаланарсың, оны менің меншігім дерсің.

6437. Қалың әскердің иесі, әлем билеуші кәне? Әскерін тастады, қара жер болды.

6438. Кәне, мемлекетім аз деген ашкөз билеуші? Көп елді көшпен басты, билік жүргізді білмеді.

6439. Кәне, басқалардың жеріне күш көрсетуші? Құлаш жерді ғана алып, тып-тыныш жатыр.

6440. Кәне, мұсылманның қанын төгуші? Неліктен жерге кірді, оның күші кәне?

6441. Кәне, кісіні сатушы кісі? Сатушы не болды, қара жермен бір болды.

6442. Кәне, дүние үшін күрескен адам? Дүние орнында қалды, ол күші келмей өлді.

6443. Кәне, тауардан тауар қоймаған адам? Екі бөз әкетті, енді басқасын қаламайды.

6444. Кәне, жерінің көп болғанын қалаған адам? Қара жерді төсенді, ісі бітті.

6445. Бүкіл дүниенің жағдайы осындай болады. Ақылмен қара, жолың ашылады.

6446. Рахаты – бейнет, қуанышы – уайым. Құрметі – құнсыз, жұбанышы – мехнат.

6447. Не келсе де, көтер, сен шағымданба. Рахаты болса өтеді, бейнеті де.

6448. Білім беруші не деген, тыңда. Әй, бейнетке сабыр қылушы.

6449. Әй, нығымет иесі, шүкір қыл да нәсібіңді жегін. Әй, мехнат иесі, сабыр қыл да, иіл.

6450. Сабыр қылса, мехнатың нығымет болады. Шүкір қылса, нығымет артады, деп біл.

6451. Әй, дана, бүгінгі заманға назар сал, іс, шаруаның бәрі басқаша болды.

6452. Білімді қадірсіз болды, өзімен өзі қалды. Ақылды мылқау болды, аузын ашпас.

6453. Мемлекетте жаман адамдар көп болды. Сыпайы адамдар сатылып болды, бас көтермейді.

6454. Арақпен бетін жуып, намазын тастағандар батыр, ержүрек атанды, әмірлерін жүргізіп жүр.

6455. Тексіздік қылып, Тәңірге қарсы шығушылар ер атанды. Арақ ішпеген кісілер сараң атанды.

6456. Намаз және оразамен жүрген кісілер мұнапық атанды, әй, мемлекет басшысы.

6457. Халал кетті, харам көбейді. Харам жегеннің көңілін қара кір басты.

6458. Халалдың аты қалды, оны көрген кісі жоқ. Харам араласты, тойған ешкім жоқ.

6459. Харамды харам дейтіндер, кәне? Харамды тастап, халал жейтіндер.

6460. Шынымен тура және тақуа деп айтылатын кім? Күнді жарқыратар әділдік күні бар.

6461. Жүректер хараммен әбден қарайды. Әй, ұл, халалды қайдан іздеп табамыз?

6462. Бұған ұқсас мынадай сөз бар. Мұны жақсылап тыңда, әй, жүрегі таза.

6463. Жүрегім хараммен бірге қара кір болды. Өзім білімнің жүзден бірін іске асыра алмадым.

6464. Тән иілуді білмейді, нәпсі биледі. Өзімнің құлшылыққа қолым тимейді, сырым ашылды.

6465. Дүниенің табиғаты түгелімен басқаша болды. Кісінің жүрегі мен тілі басқаша болды, қара.

6466. Халықтан адамшылық кетті, жамандық көбейді. Іздесең де сенетін кісі қалмады.

6467. Халықтан адамшылық кетті, орнына жамандық келді. Сенетін, арқа сүйейтін кісі сиреді.

6468. Туыстан жақындық, туысқандық алыстады. Ізгі дос жанашырлығын қойды.

6469. Кішіде әдеп, үлкенде білім жоқ. Дөрекілер көп болды, сыпайылар жоғалды.

6470. Ақша үшін қаншама жақындық болды. Туралықпен, хақ үшін іс қылатындар кәне?

6471. Аманаттың аты бар, оны орындаушы кәне? Насихат сөз бар, оны тұтынушы кәне?

6472. Әмірге бағынушы (Әмір-мағруф) кісі кәне? Тыйғаннан (Нехи-мункар) тыйылған кісілер кәне?

6473. Сатушылар аманатты жоғалтты. Мамандар насихатын жойды.

6474. Білімділер сөзін тура сөйлемейтін болды. Әйелден ұят кетті, жүзін жаппас.

6475. Туралық кетті, қанша теріс жол келді. Тәңір деген бір кісі қалмады, кәне?

6476. Барлық кісі ақшаның құлы болды. Күміс кімде болса, басын берді.

6477. Жамағат көп, мешіт аз еді. Мешіттің қатары қалыңдады, жамағат аз болды.

6478. Тақуа кісі не деген, тыңда. Әй, жақсылардың басы, мұны сен көңіліңе тоқы.

6479. Кәне, туралықпен әрекет етуші, кәне? Кәне, Тәңір разылығы үшін амал жасаған адам, кәне?

6480. Әлемнің барлық жағы түгел бұзылды. Қарап, бұған таң қалушы кәне?

6481. Мұсылмандар шатасты, бір-бірінің етін жейді. Кәуірлер түгел рахатқа беленіп жатыр.

6482. Мұсылманның байлығы қолды боп, тоналды. Харамды басқасынан айырып ұстаушылар кәне?

6483. Тексіздік қылып, Тәңірге қарсы шығушылардың айқайлап, түн ұйықтамас болды. Ілім мен құранның үні аз, шықса кәне?

6484. Жүректер қатты болды, тіл жұмсарды. Тура жолдың өзі кетті, иісі қалды.

6485. Қара, ұл әкеге әкелік қылады. Қара, ұл бек болып, әке құл болды.

6486. Өмір қиындады, уайым көбейді. Ашкөздік барған сайын артты, қуаныш қор болды.

6487. Кедей, тұл, жетімді жарылқаушы жоқ. Әлем өзгерді, таңқалары жоқ.

6488. Дана, білімі терең, әлемді сынап білген, жомарт және қолы ашық жан жақсы айтыпты.

6489. Ақырзаман (дүниенің соңы) келді, әділдік бұзылды. Жамандарды көріп жақсылар бұзылды.

6490. Ақылды ұғады, білімді біледі. Жыл, ай, күн күн сайын бұзылуда.

6491. Ұл-қыздың әкеге құрметі кеміді. Адамға қарт деген аттың өзі айып саналды.

6492. Заңдылық, қағиданың бәрі өзгерді. Қара мен ақ бірдей болды.

6493. Мұның барлығы ақырзаманның (ұлық күннің) белгісі. Белгісі көрінсе, келетіні келеді.

6494. Құдіретті Тәңір иманымызды қорғасын. Бұл фитна, бәле, жамандықтың ізін жойсын.

6495. Төрт жүз алпыс екінші жыл еді. Бұл сөзді үлгі ретінде жазып бітірдім.

6496. Ақылым жеткен сөзді түгел жаздым. Оқыған, түсінгендер өзіне үлесін алар.

6497. Жолдың қай түрімен және қалай жүретінін азырақ айтып бердім, тамырыңды бекіткін.

6498. Бұл дін жолы һәм дүние жолы. Бұл жолда жүр, негізгі жолдан адаспа.

6499. Егер дүние жолын қаласаң, міне, жолың. Егер ақыретті қаласаң, оның жолы, міне.

6500. Өзің құлшыығыңды қыл, Баят (ежелден бар Тәңір) күш береді. Қайсысын тілесең тіле, үшінсін іздеме.

6501. Иләһім, өзім бұл сөзді бастағанда тілегімнің не екенін өзің білесің.

6502. Өзім үшін даңқ, дәреже, жақсы атақ тілемедім. Өзім не жат біреудің болсын, әйтеуір кісіге пайдалы болуы қаладым.

6503. Оқыған оқысын, мені еске алып, маған бір дұға қылар ма деп (ойладым).

6504. Тілегім осы еді, үмітім де осы ғана.Оқыған жан маған бір дұға қылар.

6505. Тілім сөйледі, қолым сөзді жазды. Әй, жүрегі таза жан, мына қолым мен тілім өледі.

6506. Әй, зерек жан, қолымнан және тілімнен қалған бір белгі мына кітап, саған жазып қалдырдым.

6507. Әй, оқыған тірі жан, өзім дүниеден өтіп, жерді жастансам (төсенсем) да, мені ұмытпа.

6508. Әй, Мәңгі, Мұңсыз Ием, сен Ұлысың. Мына мұқтаж құлыңды өзің ғана жарылқа.

6509. Адасқан құлың едім, күнәм көп. Күнәмді жарылқа, сен Иемсің.

6510. Мен құлыңмын, сен Иемсің, құлдың аты құл. Сен Иемсің, мейірімдісің, Иелік қыл.

6511. Мен құлыңмын, сен менің Иемсің. Әй, Ғафур, мені жарылқағын, күнәмді кешір.

6512. Және де шығыстан батысқа дейінгі барлық мүмінді жарылқа, әй, пәк!

6513. Мен залыммын, залымнан залымдық келер. Сен мейірімдісің, күнәмді кешір, әй, Білуші!

6514. Жұпардан жұпар иіс ғана шығар. Нәжістен лас иіс шығады.

6515. Әй, үмітім, менің үмітім сен ғана. Әй, үмітім, мен сенен үміт үзбеймін.

6516. Күнәһар құлыңмын, жасағаным жамандық. Жақсылық қылушы Ием, сен маған жақсылық қыл.

6517. Әй, Ием, жамандықтан жамандық келеді. Жақсылыққа жақсылықтан басқасын білмедім.

6518. Баршы мүмінді түгел жарылқа. Олар үшін күнәларымды кешір, пәк!

6519. Тура жол көрсетуші, жолбасшы, Пайғамбарға сансыз мың сәлемімді жеткізгейсің.

6520. Төрт досының бәріне менен тоқтаусыз сәлем жеткізгей, әй, Баятым (ежелден бар Тәңірім).