Таңдау
тТ

Жақсылық жасаудың қадірі мен пайдасын айтады

230. Егер халыққа билік жүргізетін болсаң, сөзің және амалыңмен әрқашан жақсылық жаса.

231. Жігіттік қашар, өмір ұшар. Түс секілді дүниеден өзің тез өтерсің.

232. Өміріңді шамшырақ қыл, пайдалы жақсылық жаса. Жақсылығың ертеңгі жейтін, киетінің болады.

233. Кісінің ізгісі не деген, тыңда. Жүрген, тыныстаған, тоқығанның бәрі ақырында өледі.

234. Дүниеге қандай ерлер келді, қара. Бірқанша жүрді және өлді, қара.

235. Мейлі бек, мейлі құл, жақсы не жаман болсын. Өзі өлді, із боп аты қалды.

236. Енді кезегімен саған орын тиді. Бәрінен бұрын сен жақсы бол, жақсылық қыл.

237. Тірілер ақырында өледі, жерге түседі. Ізгі адам өлсе, назар сал, аты қалады.

238. (Елдің) аузында жүретін екі түрлі ат бар. Бірі – жақсы, бірі – жаман болып дүниеде қалады.

239. Жаманды сөгіс, жақсыға мақтау болады. Мән беріп қара, өзің қайсысын қалайсың.

240. Өзің жақсы болсаң, атың мақталады. Егер жаман болсаң, сөгеді, әй, таза (адам).

241. Зұлым Даххаққа неге қарғыс айтылды? Феридун неліктен мақталды, бақытты болды?

242. Бірі ізгі еді, оны мақтады. Бірі зұлым еді, оны сөкті.

243. Зұлым ба, сен үшін жақсысы әлде ізгі ме? Сөгіс пе әлде мақтау ма сенің қалайтының?

244. Қайсысын қаласаң, бірін таңда. Жақсы не жаман болса ертең өкінбе.

245. Тәжірибелі кісінің сөзі мұны меңзейді. Тәжірибелі кісі мемлекеттің, бүгінгі заманның ісін біледі.

246. Ізгі кісінің атына қара, алғыс алады. Зұлым атанған кісі өлсе, қарғыс табады.

247. Жамандық қылғанды қанша мәрте сынадым. Күші күн сайын азайып, үзіліп кете барды.

248. Жамандардың ісін қанша көрсем де, озғаны болмады, әй, білімді кісі.

249. Жамандық – от, от күйдіретін болады. Жолында өтетін өткел жоқ.

250. Бізден бұрын өткендерге қарасаң, қараны басқарған не әлемді билеген бектер,

251. Бұлардың қайсысында білім болған болса, олар әлемге, бұл заманға билік жүргізіпті.

252. Әлем билеушілерінің қайсысында білім болса, әділ (ізгі) заң орнатқаны да, кісінің жақсысы да сол болыпты.

253. Бүгінде кім жақсылығымен кісі атанса, ізгілердің басында әуелі солар болды.

254. Кім білімге жақын әрі данышпан бек болса, білімді кісілерді өзіне жақын қылыпты.

255. Қолға алған ісін жіті қарап жасапты, білімін іске асырып, халықты басқарыпты.

256. Мемлекетін дамытып, нәтижесінде халқы байыпты. Халқының байлығын өзіне қалқан қылыпты.

257. Аты ізгі болып, жомарт атаныпты. Жомарт дүниеден өтсе де, аты тірі деп біл.

258. Өлерін біліп, өзі дайындық қылыпты. Атын тірілер үшін кітапқа жазып қалдырыпты.

259. Бүгін кім оқыса, оларды біледі. Оған ұқсауға тырысады, одан оларға жақсылық келеді.

260. Дүниеде білімнен әзіз не бар?! Адамға «білімсіз» десе, жаман бір қарғыс.

261. Дүниеде сынаумен жасы жетілген, білімді кісі не деген, тыңда.

262. Білімсізге төрде орын болса, назар сал, бұл төр – босаға (ел іші), босаға – төр болып саналады.

263. Егер білімдіге босағадан (әйтеуір, ел ішінен) орын тисе, ол босаға төр, тіпті төрден ілгері болды.

264. Барлық құрмет білім үшін. Дүниеде оның орны мейлі төр, мейлі елдің есігі болсын.

265. Назар сал, асыл адамның екі түрі бар. Бірі – бек, бірі – ғалым, (бұлар) елдің басы.

266. Бұлардан кейінгінің бәрін мал (жылқы) деп сана. Қаласаң оны, қаласаң мұны таңда.

267. Сен енді мұның қайсысысың, ашып айт маған. Екеуінің бірі бол, үшіншісінен қаш.

268. Бірі қылыш алып, халықты (жамандықтан) түзейді. Бірі қалам алып, тура жолды таза сақтайды.

269. Олардан әділ (ізгі) заң мен насихат қалды. (Кім оны) ұстанса, дәрежесі артады.

270. Дүниеден өткендерден тіріге насихат сөз қалды. Насихат сөзді ұстанса, жүздеген пайдасы бар.

271. Білімсіздің су қараңғы екені белгілі. Әй, көзсіз, қараңғы, білімнен үлесіңді ал.

272. Кісі көркі – сөз, бұл сөз де көп түрлі. Әй, тілім, кәне, ізгі сөзді кісіні мақта.

273. Бұған ұқсас түрікше мысал (мақал) бар. Мен мұны бейнелеп айттым.

274. Ақыл көркі – тіл, тілдің көркі – сөз. Кісі көркі – жүз, жүздің көркі – көз.

275. Адам сөзін тілімен сөйлейді. Сөзі жақсы болса, жүзі нұрланады.

276. Назар салсаң, бұл түрік бектері бар ғой, бұлар әлем билеушілерінің ең жақсылары.

277. Бұл Түрік бектерінің аты мәшһүрі, құт-берекелісі – Алып Ер Тоңға еді.

278. Білімі терең (үлкен), жақсылығы көп, білімді, ақылды, халықтың таңдаулысы.

279. Қандай таңдаулы, қандай сара, қандай ержүрек еді?! Дүниедегі парасатымен әлемді биледі.

280. Оны тәжіктер Афрасиаб дейді. Бұл Афрасиаб (қаншама) мемлекеттерді басып алды.

281. Әлемді бағындыруға, оларға билік жүргізуге өте көп қабілет, ақыл, білім керек еді.

282. Тәжіктер оны кітабында жазыпты. Кітапта жоқ болса, оны кім танитын еді.

283. Ержүрек, батыр ер жақсы айтқан екен. Ержүрек ерлер берік түйіндерд шешеді.

284. Бұл жаһанды билеуге мың түрлі қабілет керек. Құланды басуға батыр арыстан керек.

285. Әлемді билеушіге мың түрлі қабілет керек. Ол осы (қабілеттерімен) басқарады, елдің уайым-қайғысын кетіреді.

286. Қылыш ұрса, жаудың басын кессе. Заңмен мемлекет пен халықты жолға салады.